- Негізгі бет
- Абай жолы
- "Абай жолының" қысқаша...
"Абай жолының" қысқаша мазмұны. I том, "Қайтқанда"
Massaget.kz порталы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай Мұхтар Әуезовтің "Абай жолы" роман-эпопеясының қысқаша мазмұнына doodle анимациялы видеосаммари дайындады. Видеожоба ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен жарық көріп отыр.
Назарыңызға I томдағы "Қайтқанда" тарауын ұсынамыз.
"Абай жолының" қысқаша мазмұны. I том, "Қайтқанда"
"Абай жолының" қысқаша мазмұны. І том, "Қат-қабатта"
"Абай жолының" қысқаша мазмұны. І том, "Жолда"
"Абай жолының" қысқаша мазмұны. І том, "Шытырманда"
"Абай жолының" қысқаша мазмұны. І том, "Бел-белесте"
"Абай жолының" қысқаша мазмұны. I том, "Өрде"
"Абай жолының" қысқаша мазмұны. I том, "Қияда"
"Абай жолының" қысқаша мазмұны. ІI том, Тайғақта
"Абай жолының" қысқаша мазмұны. ІI том, "Жайлауда"
"Абай жолының" қысқаша мазмұны. ІI том, "Еңісте"
"Абай жолының" қысқаша мазмұны. II том, "Оқапта"
"Абай жолының" қысқаша мазмұны. II том, "Асуда"
"Абай жолының" қысқаша мазмұны. II том, "Тарауда"
"Абай жолының" қысқаша мазмұны. II том, "Биікте"
"Абай жолының" қысқаша мазмұны. II том, "Эпилог"
Қайтқанда
Бұл тарауда Абай оқуын аяқтап, ауылына қайтады. Оны алып келу үшін әкесі Құнанбай қалаға өзінің көмекшілері Байтас пен жорға Жұмабай деген адамдарды жібереді.
Жол бойы Абай ауылына асығып үлкендердің мазасын алады. Оның қайта-қайта алға озып кете беретініне екі ересек ештеңе істей алмай, дегеніне көніп, өздері де жылдам жүруге мәжбүр болады. Үш күндік жолдың, әсіресе, соңғы күні қызықты өтеді. Аттылар Есембайдың жырасы деп аталатын ұрылар жататын жерге жақындағанда үлкендер Абайға "жанымыздан алыстама, мұнда қарақшы көп, астыңдағы атыңды тартып алады" дейді. Бірақ жас бала олардың айтқанын тыңдамай, шауып кетеді.
Баланың артынан шапқан Байтас пен Жұмабай одан адасып қалады. Бір кезде екеуінің артынан бетін орап алған бір атты шығады. Байтастан сәл қалып қойған Жұмабай артымызға түскен ұры болар деп ойлап абдырап қалады. Ол шоқпарын аламын дегенше әлгі атты мұның тымағын бетіне түсіріп, көзін жауып, шоқпарын тартып алады. Жұмабай қорқып кетеді. Сөйтсе, ол Абай екен. Жұмабай баланың бұл қылығына ашуланады.
"Ұрылар жататын жерде мұндай жаман ырым бастауға болмайды" дейді ол. Абай біраз күлгеннен кейін Жұмабайдың Құнанбайға қадірі бар адам екенін есіне алып, оның үстіне әкесі өзі туралы теріс пікір естісе оңбайтынын түсініп, одан бұл әрекеті үшін кешірім сұрайды. "Ұйқы ашар болсын деген едім" дейді Абай. Жұмабай оның кішіпейілдігіне ырза болып, кешіргендей сыңай танытады. Мұның бәрін сырттай бақылап, күліп тұрған Байтас қалжыңды іліп әкетіп, жолдастарына өзінің басынан өткен қызықты оқиғаларын айтып береді. Артынша үшеуі күліп-ойнап ауылға қарай жарыса шабады.
Құнанбайдың ауылы бұл уақытта Көлқайнар деген суы мөлдір, мол бұлақты қоныста жатқан еді. Ауыл тұрғындары үш аттыны алыстан таныды. Сөйтті де, шуласа кетті. Үй ішінде жүрген Абайдың шешесі Ұлжан ұлының, шамамен, осы күні келетінін алдын ала болжаған. Абыр-сабырды ести сала ол да төрде отырған енесі Зерені хабарландырып, сүйемелдеп сыртқа шығады. Абай асығып аттан түсіп, шешелері тұрған топқа жүре бергенде Ұлжан оған анандайдан тұрып, "Балам, әуелі ар жағыңда әкең тұр..." деп, әкесіне барып сәлем бергені жөн екенін айтады.
Бала жалт қараса, қонақ үйдің тұсында аға сұлтан Құнанбай, оның тоқал шешесінен туған інісі Майбасар мен Майбасардың атшабары Қамысбай тұр екен. Әкесін байқамай қалғанына ыңғайсызданған Абай солай қарай беттейді. Онымен қатар Құнанбайдың жанына Байтас пен Жұмабай да келеді. Үшеуі жамырай амандасады. Құнанбай тез бұрылып қысқа амандық сұрасады. "Бойың өсіп, ер жетіп қалыпсың балам. Білімің де дәл солай өсті ме?" дейді ол. Абай алғашында бұл кекету ме, әлде расымен білгісі келіп сұрап тұр ма, түсінбей қалады. Кейін сұрақты жауапсыз қалдырмау үшін "Шүкірлік, әке. Ат барған соң, дәріс тәмам болмаса да қазіреттің рұқсатын алып қайттым" дейді. Үлкендер баланың бұл жауабын құп көреді.
Құнанбай Абайды шешелеріне жібереді. Оның қаладан келген үшеумен сөйлесіп тұруға уақыты жоқ еді. Себебі, көңілінің бәрі дәл осы уақытта алыстан келе жатқан 4-5 атты адамда болатын.
Абай шешелеріне жеткенше жол жөнекей ауыл адамдары оны кезек-кезек сүйіп, құшақтап, мәре-сәре боп жатты. Құнанбайдың сұлу тоқалы Айғыз осы уақытта: "Мына жаман қатындар баламыздың бетінен сүйер жер қалдырмады ғой" деп, оның көзінен сүйді. Ұлжан ұлын сүймеді. Тек құшақтап, маңдайынан иіскеді де, әжесіне қарай жіберді. Әжесі Зере "маған емес, бірінші әкеңе бардың" деп бір ұрысты да, немересі құшағына кіргенде құлыншағым деп кемсеңдеп, жылауға айналды.
Абай шешелерінің үйінде әбден еркеледі. Зере әжесінің құлағы дұрыс естімей қалған екен. Үйдегі жеңгелері балаң молда боп келді, үшкіртіп ал деп қалжыңдайды. Абай балгер, құшынаш дегендерді ұнатпаса да әжесінің көңіліне медеу болсын деп, әрі қалжыңдап өзі шығарған өлеңдерді шын молдаларша сыбырлап оқып "суф!" деп қойды. Оған таңдана қараған үй ішіндегілер алдымен не айтқанын түсінбей қалды. Кейін қалжың екенін ұғып, бәрі күлді. Нағашыларыңа тартып кетіпсің ғой десті олар.
Осы кезде үйге Майбасардың атшабары Қамысбай келіп, Абайды әкесі шақырып жатқанын айтты. Абай қонақ үйге қарай беттеді.
Келсе, іште Құнанбай, Майбасар мен Жұмабайдан басқа осы Тобықты ішіндегі рулардың белгілі адамдары отыр екен. Олар: Құнанбай шыққан Ырғызбай руына туыстығы жағынан жақын келетін Көтібақ руының рубасы Байсал.
Соңғы кезде барымташы, жортуылшы жігіттер көп шыққан Жігітек руының рубасы Бөжей. Халқы да, малы да басқалардан аз Бөкенші руының рубасы Сүйіндік. Бұл руларға аса жақындығы жоқ, ара ағайын саналатын Көкше руының рубасы Қаратай. Арасында жас жігіт Байсалдың немере інісі Жиренше тағы бар.
Абай келіп отырысымен үлкендер қал-жағдай сұрасып, аздап әзілдесті де негізгі әңгімеге көшу үшін Құнанбайдың сөз бастауын күтті. Бірақ ол ұзақ ойланып, ештеңе айтпады. Сөйткенше сырттан Абайдан 5-6 жас кіші інісі Оспан кіріп келді. Ол сағынған ағасымен ойнаймын деп шектен шығып кеткендіктен Құнанбай оны жақтан тартып-тартып атшабарға алып кетуді тапсырды. Әкесінен таяқ жегенге Оспан жылаған жоқ. Керісінше, қырсықтық танытқандай сазарып тұрып алды. Оның бұл қылығы үйдегілерді таңдандырды.
Оспан кеткеннен кейін Құнанбай әңгімесін айта бастады. Ол бұл жиынды Бөкенші руының кірмелеу туысы саналатын Борсақ руының адамы Қодар деген қарашаның мәселесін талқылау үшін жинаған еді.
Оған себеп болған, осыдан аз уақыт бұрын Сыбан руына қонақ боп барған Құнанбайдың Солтабай деген төреден естіген сөзі. Құнанбай оған насыбайды тастасаңшы дегенде, ол "Мен насыбайымды тастармын, сен Шыңғыстың етегіндегі шашты сайтаныңды тыйсаңшы" деп жауап беріпті. Солтабай төре бұл сөзі арқылы Қодардың келіні Қамқамен жақындығын жеткізбек болған. Құнанбай қатты ашуланған. Сөйткен де "атасы мен келіні жақындасса қандай жаза қолдану керек?" деп ұзақ ойланған. Жауабын қазақ салтынан таба алмаған соң, қаладағы Абайды алып кетуге барған Байтастың жанына жорға Жұмабайды қосып жіберіп, одан Ахмет Риза хазіреттен фатуа сұрап келуді тапсырған. Ахмет Риза шариғат бойынша ондай адамдарды дарға асу керек деп жауап берген.
Құнанбай бұл шешімді жиналыста айтқанда, басқалар қатты шошыды. Бірақ, аға-сұлтанға қарсы шығуға ешкімнің дәті бармады. Өйткені, кім не десе де оның қарсы айтар жауабы дайын еді. Әсіресе, қатты уайымға түскен әрі көп сөз естіген Бөкенші руынан келген Сүйіндік болды.
Қодар жас кезінде найзагер батыр болған, қазір жасы алпыстан асқан қарт. Малы көп емес, көшіп-қонуға да шамасы келмейтін кедей. Жалғыз ұлы Құтжан қайтыс болғалы жағдайы тіпті нашарлаған, өмірдің мәнін жоғалтқан бейбақ. Қамқа сол Құтжанның жесірі. Сыбан руынан, жетім қыз. Оны Құтжан нағашыларының ауылына барғанда алып қашыпты. Қодар үйіне келін боп түскен Қамқаны қызындай қабылдаған. Бірақ, тағдырдың жазуымен Құтжан өмірден ерте өтіп, бірі қайғырған әке, бірі бақытсыз жесір - екеуі қараша үйде ешкімге керексіз күйінде қалыпты.
Бұлардың жағдайын көрген халық Қодардың аталас туысы, малы көп Жексенді сынай бастайды. "Аталасы еді, жалғыз қалдырмай, көшке ілестіріп, көмектессе болады ғой" дейді жұрт. Жексен бұл сөзді көп естіген соң бір жиында "Сол Қодардан шошып қалдым..." деген сөзбен өзін ақтамақ болады. Кейін Сүйіндік мән-жайды сұрағанда "Келінімен жақын екен ол кәпір..." деп айта салады. Ол өз сөзіне дәлел ретінде Құтжан қайтқаннан кейін Қодар айтқан: "Құдай маған қылды ғой. Кәпір өтсем де енді кәрінен аянарым жоқ. Құдай қылса, менің Құдайға қыларым сол" деген сөзін алған. Содан кейін жаладан туған бұл әңгіме ел арасына өсек боп тарап кетеді.
Қодар бұл өсекті Жәмпейіс есімді туысынан естиді. Бірақ келіні қатты қамығар деп оған ештеңе айтпайды. Кейін Сүйіндік Қодарға осы мәселенің анық-қанығын білу үшін Бектен есімді көсені жібереді. Қодар Бектенді үйінен қуып шығады.
Құнанбай үйінде болған жиыннан кейін рубасылар мен елдің игі жақсылары Қарашоқы деген жерге жиналып, Қодар мен Қамқаны сол жерге әкелтеді. Оларды әкелуге 5 адам кеткен. Солардың бірі Қамысбай, бірі Жексеннің Жетпіс деген інісі және Борсақ руынан тағы бір жігіт пен Бөкеншінің екі жігіті. Қодар жігіттерге кәдімгідей қарсылық танытқан, бірақ көптің аты көп, ақыры оны байлап, Қарашоқыға алып келген. Қамқа діттеген жерге жақындағанда өзіне жабылған жаланы естіп талып қалады. Қодар болса, Құнанбай бастаған топқа қарап "Мен көк ит болсам, сендер көп итсіңдер. Ақ-қарамды тексермедің бе, өңкей қан жұтқан қара бет!" - деп айқайлайды. Бірақ оларға ешкім араша түсе алмайды.
Жігіттер сүйреп атасы мен келінін бір атанның екі жағына байлап, дарға асады. Атан қайта шөккеннен кейін Қодар әлі де тірі болғандай еді, оны Құнанбай құздың басынан тастауды бұйырады. Кейін жиындағы адамдарға өлікке тас лақтыруды тапсырады.
Осы сәтте бұл маңға Абай мен Жиренше келеді. Олар Қарашоқыдағы жиын туралы аңшылықта жүріп, аяқ асты естіген. Ести сала осы маңға шауып келген. Мақсаттары Құнанбайдан араша сұрап, Қодар мен Қамқаны аман алып қалу болатын. Бірақ үлгермеді.
Абай әкесінің қатыгездігін көріп, ауылына қарай шауып кетеді. Жол бойы ол ересектердің әрекеті туралы ойланып, ұзақ жылайды. Жиренше Абайға ілесе шығады. Ауылға жеткенде Ұлжан жас баланы үлкендердің жиынына апардың деп Жиреншені бір ұрысып алады. Осы оқиғадан кейін Абай ұзақ ауырады. Төсектен тұра алмай жатады. Бұл уақытта ол әжесінен көп жыр-дастан, ертегілер, елде болған түрлі оқиғаларды естиді. Арада бір айдай уақыт өткенде ғана Абай өз өзіне келе бастайды. Бұл кезде ел жайлауға көшіп келген еді.
Бір күні Ұлжанның үйіне Байкөкше деген жыршы мен Барлас деген ақын келеді. Бұл екеуінің әңгімесі мен жырлары Абайға ұнағаны соншалық, олар ауылда бір айдай қонақ боп жатады. Кейін кетер кезінде Абайдың өтініші бойынша Ұлжан екеуіне сыйын беріп, шығарып салады. Қонақтардың арқасында расымен сауыққан Абай шешесіне риза болып, оны қатты құшақтап, алғысын білдіреді. Осылайша бірінші тарау бітеді.
Massaget