- Негізгі бет
- Абай жолы
- "Абай жолының" қысқаша...
"Абай жолының" қысқаша мазмұны. І том, "Қат-қабатта"
Massaget.kz порталы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай Мұхтар Әуезовтің "Абай жолы" роман-эпопеясының қысқаша мазмұнына doodle анимациялы видеосаммари дайындады. Видеожоба ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен жарық көріп отыр.
Назарыңызға I томдағы "Қат-қабатта" тарауын ұсынамыз.
"Абай жолының" қысқаша мазмұны. I том, "Қайтқанда"
"Абай жолының" қысқаша мазмұны. І том, "Қат-қабатта"
"Абай жолының" қысқаша мазмұны. І том, "Жолда"
"Абай жолының" қысқаша мазмұны. І том, "Шытырманда"
"Абай жолының" қысқаша мазмұны. І том, "Бел-белесте"
"Абай жолының" қысқаша мазмұны. I том, "Өрде"
"Абай жолының" қысқаша мазмұны. I том, "Қияда"
"Абай жолының" қысқаша мазмұны. ІI том, Тайғақта
"Абай жолының" қысқаша мазмұны. ІI том, "Жайлауда"
"Абай жолының" қысқаша мазмұны. ІI том, "Еңісте"
"Абай жолының" қысқаша мазмұны. II том, "Оқапта"
"Абай жолының" қысқаша мазмұны. II том, "Асуда"
"Абай жолының" қысқаша мазмұны. II том, "Тарауда"
"Абай жолының" қысқаша мазмұны. II том, "Биікте"
"Абай жолының" қысқаша мазмұны. II том, "Эпилог"
Қат-қабатта
Бұл тарау саны 20 шақты ауыл болатын Ырғызбай руының күздеуден қыстауға ерте көшуімен басталады. Осы жайтты талқылау үшін Бөкенші руының басты адамы Сүйіндік Жігітек Бөжейдің үйіне түстене келеді. Үйде Бөжейден бөлек Жігітектен шыққан Түсіп деген кісі бар екен. Үшеуі Құнанбайдың бұлай әрекет етуіне не түрткі болғанын түсіне алмай дал болады. Қайткен күнде де Құнанбайдың бұларға жақпайтын есебі барын олар іштей сезетін секілді.
Бұл уақытта Құнанбай жанына Майбасарды ертіп, Шыңғыс таудағы қыстауларды аралап қайтады. Сөйтіп, үлкен бәйбішесі Күнкенің ауылына келеді. Мұнда жан-жақтан сыбаға әкелген әйел қонақтар көп екен. Осы сәтті пайдаланып Құнанбай әйелдерге теңдерін шешпей, үйлерін тікпей тұра тұруды тапсырады. Тағы бір көш болады, соған дайындалыңдар дейді.
Ертесі бүкіл Ырғызбай ауылдары қайта жиналып, тағы көшеді. Алған бағыттары - Шыңғыс тауы. Ол жерден Құнанбай қоныс қарап келген екен. Көштің қарбаласы кезінде ол Қамысбай мен Құдайбердіге әр ауылдың басты кісілерін шақыруды тапсырады. Сөйтіп, үлкендер тегіс өзінің маңына жиналғанда Құнанбай қай ауылдың қай сайға, қай қыстауға барып қоныстанатынын айтады.
Сөз арасында автор Құнанбайдың өз руластары арасындағы беделін айқындап өтеді. Құнанбай - бәйбішенің жалғызы, мол дәулет пен әмір, билік иесі. Ырғызбай ішінен оның алдынан бірде бір жан көлденең шығып көрген емес.
Құнанбай айтқан қоныстың бәрі дерлік Бөкенші мен Борсақ руларының жылдағы қонысы еді. Араға алты күн салып осы айтылған екі рудың көші де өздерінің жылдағы әдетіне сай Шыңғысқа бармақ болады. Бірақ, өз қоныстарына жеткенде олар Құнанбайдың қалың жылқысын, орныққан ауылдарын көреді.
Сүйіндік пен Жексен артына жігіттерін ертіп Қарашоқыға келеді. Бұл көктемде Қодарды асып өлтірген жер еді. Жексеннің қыстауы осы маңда болатын. Көп кешікпей олардың алдынан Құнанбай да шығады. Оның жанында он шақты үлкен кісі ғана бар. Десе де сонау алыста осы жаққа қарайлап қалың топ жүр. Жөн сұрасқаннан кейін Құнанбай алдына келгендерге Шыңғыстың осы тұсындағы бар қыстауды ендігі Ырғызбай руы алатынын жеткізеді. Сүйіндік пен Жексенге ере келген жігіттер шулап, қозданайын дегенде Құнанбай Сүйіндікке қарап "Тоқтат аналарыңды!" деп айқайлайды. Сүйіндік "Қысқарт!" деп жұртты басады. Құнанбай Бөкенші мен Борсақ енді Жігітек пен Көкшенің арасына барып орнасын дейді. Бірнеше қоныстың атауын да айтады. Осы уақытта күнбатыс пен күншығыс жақтан бірнеше аттылар келіп, Сүйіндік тобына қосылады. Бәрі де "Қонысымыз бос емес, енді қайтпек керек?" деген сауалмен келіпті. Жағдай ушыға бастайды. Артынша Құнанбай тобына да жиырма шақты атты адам қосылады. Олар жай келмей, Құнанбайды жаңа қонысымен құттықтау үшін келіпті. Ішінде Торғай руының жуаны Құлыншақ пен Көтібақ руының беделдісі Байсал бар екен. Екеуін көргенде Сүйіндік қатты күйзелді. Олардың бұлай келуі — Құнанбайдікі дұрыс дегені, Борсақ пен Бөкеншіге қыр көрсетуі.
Мұны Сүйіндіктің артына ерген топтың бәрі сезді. Осы сәтте Жексен Қодарды еске алып "Ойбау-оу, көктемде ғана Қарашоқыда Борсақтың бір ерінің қаны төгілді емес пе?" деді. Жиындағылар мұндай сөзді күтпеп еді. Құнанбай бұл айтылғандарды өз пайдасына жаратпақ болып "Мен сол сұмырайды құртып, соның ізі-тозы бітсін деп бұл өңірді әдейі басқаның мекені етіп тұрмын" деп қалды. Осы маңда тұрған көпшілік Қодардың өлімінің себебін енді түсінгендей болды. Сол кезде Сүйіндік өзіне Бөжей айтқан "Бұл шылбыр Қодардың ғана мойнына түскен жоқ. Бөкенші, Борсақ, сенің мойныңа түскен шылбыр" деген сөзін есіне түсірді. Жексен болса өзін кіналап, "Қарабет басым! Бауырым, Қодар..." деп жылап, Қодар қыстауына қарай шауып кетті. Осыны көрген Бөкенші мен Борсақ тобы бәрі шетінен жылап, дауыс шығарып, "Ойбай, бауырым" деп Жексеннің артынан шапты.
Бұл уақытта Құтжан, Қодар мен Қамқа бейітінің басында Жәмпейіс пен Әйтімбет және басқа бірнеше қойшы құран оқып отырған еді. Жаңағы топ шауып келіп аттарынан түсе бастағанда олар қатты таңғалды. Себебі Қодарды өлтіргенде бұлардың ешқайсысы араша болмай, тіпті көздеріне жас алмай, кейін жерлеу рәсіміне қатыспай қойған. Енді міне бастарына іс түскенде, мәселенің анық-қанығын түсінгенде келіп тұр. Бұл жайт Жәмпейістің жүрегін жылытқан жоқ. Ол Жексенді кеудеден қойып қап: "Өй, көзің ақсын, көзің аққыр өңшең" деді. Аз уақытта қабірдің басына еркектер ғана емес, барлық көштердің жас-кәрісі де үйілді. Қалың ел болып, зар еңіреп, улап-шулады.
Бөкенші, Борсақ Шыңғыстан қайта серпіліп көшеді. Басқа жұрт қыс қамына дайындалып жатқанда, бұлар босқан ел тәрізденеді. Құнанбай жорға Жұмабайды Сүйіндік, Сүгір, Жексендерге жіберіп, оларға бірнеше жайлы жер беретінін айтады. Үшеуінің есебі түгел болған соң, олар Құнанбай берген жерлерді алмақ болып, көшке дайындалады. Бірақ бұлардан бөлек Бөкенші мен Борсақта қара-шаруа көп еді. Алып денелі Дәркембай есімді кедей солардың басын қосып әлгі үшеуін ешқайда жібермей қояды. "Көшсек те, қалсақ та - бірге әрекет етеміз! Жігітек руынан барып ақыл сұраймыз" дейді. Әлгілер көптің сөзіне көнгеннен басқа ешнәрсе істей алмайды.
Бөкенші мен Борсақ адамдары Жігітек руының басшысы Бөжейдің қыстауына келеді. Олар кеңесе отырып Құнанбайға "мынауың зорлық" дегенді айтып көруді ұйғарады. Сәлемдемені Түсіп жеткізсін деп шешеді.
Түсіп жиындағы әңгімені Құнанбайға барып айтады. Бірақ Құнанбай Жігітек руының бұл іске араласуға құқы жоқ, алдымен Керей мен Уақ, Сыбан руларының малын ұрлап жүрген қарақшыларын тисын, сосын сөйлесін дейді. Егер араласса, демек Жігітек менімен жауласқысы келіп жүр деп түсінемін деп кесіп айтады.
Ертесінде Майбасардың Қамысбай мен Жұмағұл есімді атшабарлары Жігітек руының адамы Үркімбайдың үйіне келеді. Олар осы үйде отырған Қараша, Қаумен, Үркімбайлардың ауылдарында сияз, яғни жиналыс болатынын, сол жиналысқа Керей, Уақтың даугерлері келетінін, үй тігіп, мал сою керектігін жеткізеді. Бұйрықты Құнанбай мен Майбасар айтқанын да ескертеді. Көп әңгімелеспей, Қараша осы сиязға байланысты Байдалы деген Жігітектің беделді адамымен ақылдасып келуге кетеді. Қамысбай мен Жұмағұл Үркімбайдың үйінде қалады. Байдалы "екі иттің бауыр сыртынан дүрені соғып, Майбасарға қып-қызыл жоса қып қайтар" дейді. Қараша, Қаумен, Үркімбайлар осы сөзді тыңдап, Майбасардың атшабарларын ұстап, дүре соғып, қуып жібереді. Бұған Құнанбай қатты ашуланады да, өз үйіне келген адамды сабатқан Үркімбайды байлап әкелуді тапсырады. Он жігіт аттарына мініп, солай шабады. Сөйтіп, Үркімбайды ұстап, Құнанбайға апара жатқанда, өзен бойында оларды Қараша бастаған Жігітектің қалың тобы күтіп алады. Екі жақ айқаса кетеді. Құнанбай жігіттері аз болғандықтан, қашуға тура келеді. Жігітектер Үркімбайды арашалап, жауды қуып жібереді.
Осының ертесінде күн райы өзгеше бұзылады. Шыңғыстан аса соғатын қатты жел тұрады. Ауылдар киіз үйлерін жығып, қораларына көше бастайды. Құнанбай он шақты жігітті іріктеп, бастығын Майбасар етіп, Қызылшоқыдағы Бөкенші ауылын күштеп болсын Талшоқы мен Қарауылға көшіруді тапсырады. Олар тапсырманы бұлжытпай орындайды. Бөкеншінің басшылары Сүйіндік пен Сүгір де осындай сылтау күтіп отыр екен, бұйрық айтылған сәтте көше кетеді. Басқа Бөкенші амал жоқ солардың артынан ереді.
Артынша осы уақытқа дейін бір арада жиналып қоныстанған Құнанбайдың өз ауылдары да қыстау қыстауына көше бастайды.
Ауылдарды көшіріп болғаннан кейінгі қарбаласты пайдаланып Құнанбай тағы жоспар құрды. Жоспарға сай ол бүкіл Ырғызбай, Торғай, Топай, Әнет, Жуантаяқ, Сақ-Тоғалақ руларының жігіттерін тегіс Қарашоқыға жинады. Қалың топқа өз жігіттерін ертіп Көтібақ Байсал да қосылды. Құнанбай оған: "Менімен болсаң, кезінде есесі дұрыстап тимеген Көтібаққа Жігітектен жер әперіп ырзалаймын" деген. Байсал ол сөзге көнгендей болған, бірақ әлі де ішінде күдігі басым еді.
Шаңқай түс кезінде Құнанбай бастаған қалың топ Тоқпамбетке, яғни Жігітектің рубасы Бөжейдің ауылына қарай аттанды. Бірнеше күннен бері болып жатқан оқиғалардан бөлек, Құнанбай мен Бөжей бұрыннан қас еді. Қалың Тобықтының ішінде Құнанбаймен тіресіп жүрген осы Бөжей ғана болса керек. Тоқпамбетке келсе, ол жақта да нөпір көп екен. Бірақ бәрі жаяу. Жауды күтсе де, дәл бұлай аяқ асты келіп қалады деп ойламағаны білініп тұр. Әдетте "Тұрысатын жерін айтсын" деп ап, содан кейін шайқасатын еді. Құнанбай олай істемеді. Шұғыл келді де қарсы топ аттарына мініп үлгермей жатып жігіттеріне "Шабыңдар!" деді.
Бөжейдің жанынан табылған Шыңғыс ішіндегі Жігітектің аз бөлігі ғана. Басқасы хабарсыз қалған, жетіп үлгермеген. Ал, Бөкеншіден мұнда тек он шақты шаруа жүр. Оларды бастап келген Дәркембай. Құнанбай ауылына жиналып жатқан лек-лек аттыларды көріп, Бөжейге соны айта келген де осы Дәркембай еді.
Ырғызбай қолы Бөжейді қорғамақ болған топты оңай жеңіп кетті. Атқа мініп үлгергендерін санмен алды. Алайда шайқас мұнымен бітпеді. Қораға жақын тұрған Жігітектер Бөжейді алып қора ішіне кіріп, өліспей беріспейміз деді. Осы сәтте қатты ашуланған Дәркембай қайдан тапқанын, мылтық алып Құнанбайды атпақ болады. Бірақ Бөжей "Атпа, тарт былай! Аруақ бары рас болса, бұдан келген керді көрермін" деп, оны тоқтатады. Артынша саны көп Ырғызбай ішке баса-көктеп кіріп, бәрін сыртқа алып шығады. Майбасар, Қамысбай мен Жұмағұл Құнанбайдың бұйрығы бойынша Бөжейге дүре салмақ болады. Бірақ, осы сәтте Ырғызбай қолымен бірге келген Көтібақ Пұшарбай өз денесімен Бөжейді жауып, араша сұрайды. Ол Бөжейдің құрдасы әрі досы еді. Құнанбай бұған қатты ашуланып, Пұшарбайдың өзіне де дүре соғуды тапсырады. Осы сәтте Құнанбайдың жанында тұрған Байсал "Боқты соғарсың!" деп саңқ етіп, Майбасарды атымен қағып, Пұшарбайды қамшыдан арашалап алады. Сөйтіп "Көтібақ! Ер соңымнан Көтібақ!" деп бар Көтібақты екшеп, Ырғызбайдан бөлініп, Жігітек жаққа өтіп кетеді. Майбасарлар Бөжейді ұра алмай, босатып жібереді.
Жағдай күрт өзгереді, екі жақтың күші теңеседі. Бірақ ұрыс осымен тоқтайды. Есін жиған Бөжей Құнанбайға қарап "Әй, Құнанбай, мен сені оқтан аяп ем жаңа, сен мені отқа салдың ба? Осыныңды ұмытпа!" дейді. Құнанбай өз тобын түгендегеннен кейін Қарашоқыға қарай қайтады. "Қат-қабатта" деп аталатын екінші тарау осылай аяқталады.
Massaget