Ұлттық Қауіпсіздік дегеніміз не?

Ұлттық Қауіпсіздік дегеніміз не?
Фото: i.ratel.kz

Бүгін – Ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Биыл Қазақстан Республикасының Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің құрылғанына 25 жыл толып отыр. 1992 жылы 13 шілде күні ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті құрылған болатын. Тәуелсіз Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік органының тарихы осы күннен бастау алады.  Айтулы күнге орай Ұлттық Қауіпсіздік туралы деректер топтамасын ұсынамыз. 

Ұлттық қауіпсіздік – қоғамның және жеке тұлғаның дамуы мен өмір сүруінің үйлесімді шарттарын ұстану бойынша тиімді қызметті қамтамасыз ететін әлеуметтік институттар жағдайын сипаттайтын ғылыми және тәжірибелі мәселе. 

Ұлттық қауіпсіздік өзара байланысты үш деңгейден тұрады: жеке адамның қауіпсіздігі, қоғамның қауіпсіздігі және мемлекеттің қауіпсіздігі. Олардың өзара байланысы қозғалмалы және қоғамдық қатынастардың сипатымен, саяси және экономикалық құрылымдармен, құқықтық мемлекет пен азаматтық қоғамның даму деңгейімен анықталады. 

Ұлттық қауіпсіздік органдары негізгі 4 бағыттарда өз қызметтерін жүзеге асырады. Олар:

1. Лаңкестік пен экстремизмге қарсы әрекет ету;

2. Ақпараттық қауіпсіздік;

3. Экономикалық қауіпсіздік;

4. Мемлекеттік шекара.

Ұлттық Қауіпсіздік органдары:

1. ҚР Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті

2. "Барлау" қызметі (сыртқы барлау)

3. Әскери қарсы барлау органдары

4. ҰҚК лаңкестікке қарсы орталығы

5. Аумақтық органдар (ҰҚК облыстық департаменттері)

6. Шекара қызметі

7. Арнайы мақсаттағы бөлімшелер, оқу орындары, ғылыми-зерттеу мекемелері және басқа ұйымдар.

Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету күштеріне:

1. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері, басқа да әскерлері мен әскери құрамалары;

2. Ұлттық қауіпсіздік, ішкі істер, сыртқы барлау, әскери және қаржы полициясы органдары, ҚР Президентінің Күзет қызметі, салық және кеден қызметтері, төтенше жағдайлардың зардаптарын жою қызметтері жатады. 

ҰҚК Академиясы 1999 жылғы 6 мамырда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен құрылды, ол – ҰҚК институтының құқықтық мұрагері. Қазіргі уақытта Академия республикамыздың элиталық оқу орындарының қатарында лайықты орын алған. Оқу орнында 6 факультет, 22 кафедра бар, оның 13-і арнаулы кафедра.

Білім беру мекемелері – Алматыдағы ҰҚК Академиясы және ҚР ҰҚК Шекара қызметінің академиясы. ҰҚК Академиясының түлектері міндетті түрде шет ел тілдерін меңгеру талабымен заңгер және шұғыл әрекет етуші мамандығын алып шығады.

Ж. Жұмағұлов