Twitter қандай желі?

Twitter қандай желі?
Фото: twitter.com

ХХІ ғасыр ақпараттар майданы жүретін дәуір деп айтсақ қателеспесіміз анық. Ғаламтор бетіне кіре қалсаңыз, алдыңызға небір мыңдаған ақпараттар келеді. Жақсысы мен жаманы, жан шошытарлығы мен шаттандыратыны, күлкі сыйлайтыны мен жылататыны бар, бәрін көресіз. Әсіресе, уақытымыздың белгілі бір бөлігін әлеуметтік желілерге жұмсаймыз. Тіпті, әлеуметтік желіде тіркелмеген адам кемде кем. 

Вконтакте, фэйсбук, инстаграм секілді әлеуметтік желілер үйреншікті болды. Көпшілігіміз осы аталған үш желіні тұрақты пайдаланамыз. Ал, былайғы көпшілік твиттер деп аталатын әлеуметтік желіден хабарсыз. Бар екенін білсе де, қалай және не үшін қолданатынын біле бермейді. Бұл желі кейбір қазақ интернет қолданушылары үшін түсініксіз қалып отыр. Біз бүгін оқырмандарымызға осы жөнінде ақпарат беруді жөн санадық.  

Твиттер деген не? 

Твиттер (ағылшынша twitter – шырылдау, сайрау) бүгінгі таңда әлемге танымал әлеуметтік желілердің бірі. Оның негізін 2006 жылы Джек Дорси қалаған. Өзге желілерден айырмашылығы – мұнда ең бастысы қысқалық сақталады. Былайша айтқанда, қолданушыға өз ойы мен көңіл күйін білдіруге бар болғаны 140 символ ғана беріледі. Одан асырып жаза алмайсыз. 

Твиттерді кімдер қолданады? 

Бұл әлеуметтік желі қолданушыларының басым көпшілігі америкалықтар. Олардың саны шамамен 187 миллионнан асады. Қолданушылардың 55%-ы мобильді гаджеттерден кірсе, 400 миллионға жуығы тікелей сайтқа кіреді. Тіркелгеннен кейін үнемі қолданатындар шамамен 40%-ға тең. 

Твиттердегі танымал тұлғалар кімдер? 

Жоғарыда айтып өткеніміздей, твиттерде әлемдік жұлдыздар, танымал тұлғалар отырады. Солардың ішінен әйгілі әнші Кэти Перриді алайық. Оның оқырмандар саны – 99,9 миллион. Әншіні желідегі көшбасшы деп айтсақ та болады. Ол өзінің ойларын, күнделікті өмірі мен қай жерде өнер көрсететінін, т.б. жайттарды тыңдармандарымен бөлісіп отырады. Ол өзінің ең алғашқы жазбасын 2009 жылы Берлинге бара жатқан кезде жазған. 

Тағы бір танымал әншілердің бірі – канадалық әнші Джастин Бибер. Оның твиттерде 96,5 миллион оқырманы бар. Ол көбіне өз шығармашылығына қатысты, әсіресе жарнамалық келісімшарттармен байланысты концерттері жөнінде жазады. Джастин ең алғашқы жазбасын 2009 жылы One Time әнінің шығуына байланысты жазған. 

Ең көп оқырманы бар әншілердің тағы бірі әйгілі поп-жұлдыз Рианна. Әнші өз парақшасына киімдері мен жаңа клиптерді, т.б. салып, тыңдармандарымен бөлісіп отырады. Алғашқы жазбасын The Wait Is Ova әнінің шығуына байланысты жазған. 

Тізе берсек, тізімді ары қарай жалғастыруға болады. Бірақ, біздің мақсат ол емес. Қазақстандағы әлеуметтік желілерді қолданушылар саны жағынан бірінші орында – Вконтакте (1,945 миллион), екінші орында – Instagram (1,336 миллион), Мой мир (155,3 мың), одан кейін –Facebook (125,8 мың). Ең соңғы орында Twitter желісі (16,6 мың) болып отыр. Отандық қолданушылардан ауыр атлетикадан төрт дүркін әлем чемпионы Илья Ильинді айтайық. Оның твиттердегі оқырмандар саны – 37,8 мың. Сонымен бірге ҚР ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімов твиттерді тұрақты қолданушылардың бірі ретінде белгілі. Оның 96,4 мың оқырманы бар.

Ең алғаш тіркелген адам қайда келдім деп аңтарылуы мүмкін. Расында да бұрын қолданбаған жан үшін түсініксіз желі. Десек те мұның қарым-қатынас құралы екенін ұмытпаңыз. Твиттерге көп адамдар, әсіресе танымал тұлғалар қызығушылық (интрига) тудыру үшін әртүрлі жазбалар жазады. Мәселен, спорт жұлдыздары. Олар твиттердегі парақшаларына жазба қалдырып, бір-біріне сес көрсетіп, жұрттың қызығушылығын оятады.

Қазақтың мақтанышы, танымал боксшы Геннадий Головкин бүгінде әлем назарында. Отандасымыздың твиттерде 388 мың оқырманы бар. Қазіргі таңда оның мексикалық боскшы Сауль Альвареспен болатын жекпе-жегі твиттер бетінде қызу талқыға түсті. Жақында мексикалық "Twitter" желісіндегі парақшасына дайындығынан видео жариялап, "ортанқол боксшыларға сәттілік" - деп пікір жазып, қағыта кеткен. Осындай жайттарды көп спортшылардан байқауға болады.

Қорыта айтқанда, твиттер "аз сөзді сүйетін" әлемге танымал желілердің бірі. Оны бірден түсіне кету қиын емес. Басқа әлеуметтік желілерді қандай мақсатқа пайдалансаңыз, твиттерді де солай пайдалануға болады. "Қысқалық – талантпен пара-пар" дегендей, ең бастысы көп сөзділікке жол бермей, айтқыңыз келгенді аз сөзбен қысқа да нұсқа етіп көпшілікке ұсынасыз. 

Ж. Жұмағұлов