Болашақ бағдарламасына құжаттар қалай қабылданады?

Болашақ бағдарламасына құжаттар қалай қабылданады?
Фото: tengrinews.kz

Шетелде білім алудың ең тиімді жолдардың бірі – Болашақ бағдарламасы. Себебі шетелдік университеттерде білім алу құны әл-ауқаты орта жанұя үшін тым қымбат деуге болады. Оған мемлекет тарапынан қолдау болуы – таптырмас мүмкіндік. Биыл бағдарлама аясында оқуға тапсыру талаптары біршама өзгерді, осыған тоқталып өтсек.

Болашақ бағдарламасы арқылы шетелде магистратура, докторантура, резидентура және тәжірибе алмасу бойынша білім алу мүмкіндігі бар. Бүгін магистратурамен шетелде оқу үшін құжаттар тапсыру ретін түсіндірмекпіз.

"Болашақ" шәкіртақысына үміткер азамат екі кезеңнен тұратын байқаудан сүрінбей өтуі тиіс. Екеуі де үміткер үшін оңтайландырылған. Сонымен қатар, екі түрлі жолмен байқауға қатыса аласыз. Бірі стандартты тапсыру жолы болса, екіншісі "Жалпы байқау" деп аталады. Егер сіз құжаттарды тапсыру кезінде белгілі бір мекемеде қызметкер болып, екі жылдық жұмыс өтіліңіз бар болса, сонымен қатар, бакалавр деңгейінің GPA бағамы 3,3-тен кем болмаса, сіз стандартты тапсыру жолын таңдайсыз. Ал ағылшын тілі IELTS емтиханынан 6,5 балл жинай алсаңыз, "жалпы байқауға" түсу мүмкіндігіне ие боласыз. Бұл категория бойынша тек GPA көрсеткіші 3,3 балдан төмен болмауы тиіс. Ал жұмыс өтілі мен жұмыс орнын сақтау туралы сенім хат талап етілмейді. Одан бөлек, шетелдік университетке өз күшіңізбен түсе алсаңыз, стандартты тапсыру талаптары алып тасталады.

Бірінші кезең

Бірінші кезең тізім бойынша құжаттарды жіберумен шектеледі. Құжаттарды Халыққа қызмет көрсету орталығы (ХҚКО) арқылы өткізе аласыз. ХҚКО операторы құжаттардың көшірмесін алғаннан кейін, түпнұсқаларын қайтарып беруі тиіс. Одан бөлек, құжаттарды электронды түрде egov.kz порталы арқылы да жолдауға болады. Мына сілтемеге өтіп, құжаттарыңызды интернет арқылы жіберу әдісімен таныса аласыздар. Тапсыруға міндетті құжаттардың реті мынадай:

- анкета (жүктелген анкетаны толтырып, қайта жүктеу керек); 
- жұмыс берушінің оқу бітімі аясында қызметкердің компаниядағы орнын сақтау туралы өтініші; 
- мотивациялық хат; 
- кепілдемелік (рекоммендациялық) хат; 
- паспорт пен жеке куәліктің түпнұсқалары мен көшірмелері; 
- бакалавр дипломының түпнұсқасы мен көшірмесі; 
- 0-82/у медициналық анықтама; 
- Жұмыс өтілін айғақтайтын құжат пен зейнетақы қорынан анықтама түпнұсқалары мен көшірмелері; 
- Ағылшын тілі бойынша емтихан нәтижесін көрсететін сертификат (егер бар болса); 
- Қазақ тілі бойынша емтихан нәтижесін көрсететін сертификат (егер бар болса);

"Жалпы байқау" бойынша құжаттар реті біршама өзгеше. Бұл санат бойынша сізге жұмыс орнын сақтау туралы өтініш пен жұмыс өтілін айғақтайтын құжат міндеттелмейді. "Болашақ" бағдарламасының анонимді сарапшылар тобы сіз жіберген құжаттар негізінде сізді екінші кезеңге өткізу не өткізбеу туралы шешім қабылдайды.

Екінші кезең

Екінші кезеңнің талаптары да қарапайым. Жоғарыда аталған құжаттар тізімінде ағылшын және қазақ тілдері бойынша емтихан сертификаты міндетті емес болған. Егер бірінші кезеңнен өткенге дейін аталған екі тіл бойынша емтиханды тапсырып үлгермеген болсаңыз, оларды екінші кезеңде тапсырасыз. Одан кейін тәуелсіз сарапшылар тобымен сұқбат өтеді. "Жалпы байқау" бойынша екінші кезеңде қосымша кешенді тест тапсыру міндеттеледі. Тестілеу мазмұны Қазақстан тарихы мен Конституциясына қатысты болады.

Үшінші кезең

Соңғы кезеңге үміткерлер қатыстырылмайды. Барлық есептер нәтижесі бойынша республикалық комиссия отырысы ұйымдастырылып, үміткерге шәкіртақыны беру не бермеу туралы соңғы шешім қабылданады.

Үміткер мемлекеттік шәкіртақыға ие болғаннан кейінгі үдеріс шетелге білім алу үшін қажет құжаттар реті мен Болашақ бағдарламасымен жасалатын келісім шарттардан тұрады. Бұл туралы келесі материалымызда ақпарат береміз.

Ж. Өрісбай