"Болашақпен" шетелде оқу шарты қиындады

"Болашақпен" шетелде оқу шарты қиындады
Фото: ic24.kz

"Халықаралық Бағдарламалар орталығы" АҚ "Болашақ" шәкіртақысын тағайындауға қатысты бірнеше өзгерту енгізді. Нақтырақ айтар болсақ, "Болашақ" бағдарламасына үміткерлерге қойылатын талаптар мен олардың конкурсқа қатысу критерийлері өзгерді. Бұл туралы "Болашақ" бағдарламасының ресми сайты жазып отыр.

Академиялық бағдарламалар үшін (магистратура, докторантура, резидентура) үміткерлердің барлық санаттарына іріктеудің жаңа қағидаларына сәйкес бакалавр немесе маман дипломының орташа балына қойылатын талаптар 3.0-ден 3.3 (4.0/4.33-тен) GPA деңгейіне дейін өзгертілді.

Одан басқа, «магистратура» бағдарламасы бойынша үміткерлердің барлық үлестік санаттары үшін ағылшын тілін меңгеру деңгейінің өлшемшарттары IELTS жүйесі бойынша 5.0 балдан 5.5 балға дейін көтерілді. Ал «инженерлік-техникалық мамандық» санаты бойынша үміткерлерге қойылатын талаптар бұрынғы деңгейде – IELTS 5.0 қалады.

Сонымен бірге, IELTS 6.5 және одан жоғары сертификаты бар,  сондай-ақ, GPA 3.3 және одан жоғары дипломы бар тұлғаларға конкурсқа қатысу үшін «жалпы конкурс» жаңа санаты енгізілді. Үміткерлердің осы санаты үшін жұмыс өтілі мен жұмыс беруші өтінімінің болуына талап қойылмайды.

Осы санат магистр дәрежесін алу үшін стипендиаттардың басқа санаттарымен қатар, оқу елінің білім беру және әлеуметтік-мәдени ортасына бейімделу мақсатында 2 айға дейінгі мерзімде оқу алдындағы даярлықтан (pre-master's) өту мүмкіндігін береді.

Стипендиаттарды оқыту үшін Жоғары оқу орындары тізімі жалпы көрсеткіштер бойынша әлемдегі 70 үздік жоғары оқу орнынан, сондай-ақ мамандықтар бойынша әлемдегі 20 үздік жоғары оқу орнынан Times Higher Education, Academic Ranking of World Universities және QS World Universities Rankings сияқты халықаралық танымал рейтингтік агенттіктердің мәліметтеріне сәйкес қалыптастырылғанын да атап өту керек.

Одан басқа, стипендия тағайындау үшін үміткерлерді конкурстық іріктеу рәсіміне өзгерістер енгізілді. 2017 жылдан бастап конкурс 6 (алты) кезеңнен тұратын болады.

Бірінші кезеңде тәуелсіз сарапшылар үміткерлерді уәждемелік және ұсыным хаттар бойынша әзірленген өлшемшарттарға сәйкес іріктеуді жүргізеді. Уәждемелік хат ерікті нысанда жазылатын және таңдалған оқу елі мен мамандыққа қатысты дәлелдерді келтірумен жеке көзқарастар мен пікірлер сипаттамасын қамтитын шығарма болып табылады.

Екінші кезеңде үміткердің шет тілін меңгерген деңгейі анықталады.

Үшінші кезеңде үміткердің мемлекеттік тілді меңгерген деңгейі анықталады.

Төртінші кезеңде үміткерді психологиялық диагностикадан өткізуді, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен тарихын білуін тестілеуді қамтитын кешенді тестілеу өткізіледі.

Бесінші кезең Тәуелсіз сарапатамалық комиссиямен (бұдан әрі – ТСК) жеке әңгімелесу нысанында өтеді, онда үміткердің кәсіби даярлығының деңгейі, сондай-ақ мамандану бойынша Қазақстан Республикасының стратегиялық және бағдарламалық құжаттарын білуі бағаланады.

Осыдан кейін қорытынды материалдар ҚР Мемлекеттік хатшысы төрағалық ететін Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі Республикалық комиссияның қарауына жіберіледі.

Сонымен қатар, үстіміздегі жылда бағдарлама шеңберінде тағылымдамадан өту тәсілдемелері де өзгертілді.

2017 жылда шетелдік ұйымдарда тағылымдамадан өту үшін келесі санаттар белгіленді: «ғылыми қызметкерлер» және «Астана» халықаралық қаржылық орталығы қызметкерлері». Сөйтіп, тағылымдамалар бағдарламасы әлемдегі жетекші зертханалар негізінде ғылыми зерттеулер мен тәжірибелерді өткізу үшін ғылыми ұйымдар, жоғары оқу орындары немесе олардың ғылыми бөлімшелерінің қызметкерлеріне бағытталған.

Одан басқа, бағдарлама түлектерінің міндетті еңбекпен өтеуі бойынша биылғы жылдан бастап жұмыспен өтеудің Астана мен Алматы қалаларында 5 жылдың орнына, өңірде 3 жылдық баламалы мерзімімен «орталық-өңір» үлгісі бойынша сараланған тетігі енгізіледі. Осы тетік түлектердің барлық санаттарына таралады.

Соңғысы, осы жылы құжаттарды «Үкімет – азаматтар үшін» мемлекеттік корпорациясы (ХҚКО) мен «Қазақстан Республикасының электрондық үкіметі» порталы (www.egov.kz) арқылы электронды қабылдауға толығымен ауысу қамтамасыз етіледі.

Конкурстық рәсімдер 2017 жылдың мамыр айынан желтоқсан айына дейін үздіксіз режімде өтетінін атап өту керек. Құжаттарды қабылдау 2017 жылғы 29 мамырдан 15 қыркүйекке дейін өтеді. Стипендия тағайындау конкурсы 2017 жылғы 5 маусымнан 20 желтоқсанға дейін жүзеге асырылады.

Ж. Өрісбай