Интровертсіз бе, экстравертсіз бе?

Интровертсіз бе, экстравертсіз бе?
Фото: yazar.in

1921 жылы Карл Густав Юнг тұлғаның психологиялық типін ғылымға енгізді. Содан бері адамдар өздерін интроверт және экстраверт деген топтарға бөле бастады. Ғалымдар олардың қандай ерекшеліктері барын зерттеді. Ал massaget.kz не айтар екен?

Интроверт  деген кім?

Интроверт – бар энергиясын ішкі жан-дүниесіне арнаған жан. Оған өзімен-өзі жүрген ұнайды. Ол өте сабырлы, барлық детальға мән беріп жүреді. Сырт қарағанда ешкіммен тіл табыса алмайтындай көрінеді, бірақ, өзіне ұнайтын адаммен сөйлессе, ашылып әңгіме айтады. Интроверт ең көп дегенде 2-3 адаммен топтаса алады. Өзгеге сөз бермейтін сөзшеңдерден алыс жүреді, бірақ сөйлемейтіндермен дос. Танымайтындармен тез тіл табысады. Олар жалғыздықты өзгенің өміріне бөгет келтірмеу деп есептейді. Ол тіпті көп адамның ішінде жүріп жалғызсырауы мүмкін. Сүйікті кітабын оқып, кешке жалғыз серуендесе, біршама қуат алады.

Экстраверт деген кім?

Экстраверт – бар энергиясын сыртқа шығаратын адам. Ол тез тіл табысқыш, ашық әрі белсенді. Барлығына оптимистік көзқараспен қарайды. Өз идеясын айтудан, көшбасшы болудан тартынбайды. Болып жатқан оқиғаға тез жауап қайтарады, эмоциясын басқара алмай қалады, осының әсерінен бос кеуде болып көрініп қалады. Экстраверттер әрқашан «кештің гүлі», «ортаның сәні» болып отырады. Олар жалғыздықты көтере алмайды, әлемде мені ешкім түсінбейді, мен жалғызбын деп түсінеді. Жан досы жоқ, есесіне достары жанында қаумалап жүреді. Экстраверттермен бірге жүрген көңілді. Ортаны, достықты сақтау үшін жиі жиналып тұрғанды қалайды.

Интроверттер экстроверттерге қарағанда ақылды ма?

Мұның сырын психолог, социолог, нейробиологтар әлі күнге дейін зерттеп келеді. Әзірге нәтижесіз. Бірақ барлық зерттеу қорытындысы бойынша интроверттер мен экстроверттердің ми жүйесі бірдей қызмет атқармайды, яғни, олар бір-бірінен басқаша ойланады. Ми жүйесінде пайда болатын шектеу сызығын дофамин деп атайды. Ол адамның қанағаттануына жауап береді. Ғылыми зерттеудің нәтижесінде  экстраверттерді бір нәрсенің қызығына еніп кетсе, белсенділігі артып кететіні белгілі болған. Бұл белсенділік дофаминді «қоздырып» отырады. 

Экстраверттер мен интроверттерде дофамин бірдей пайда болады. Бірақ оны тежеу екеуінде – екі түрлі. Экстраверттер біразға дейін қанағаттана алмай отырады, себебі, дофамин гормонынан айрылғысы келмейді, егер оны үдеткісі келсе, адреналинді де қосуы мүмкін.

Ал интроверттер керісінше, дофаминді дер кезінде тоқтата алады. Оның миындағы белсенділікті ацетилхолин гормоны басқарып отырады. Ол болып жатқан оқиғада өзін-өзі ұстауына көмектеседі. Ойынның қызығынан шығуына септігін тигізеді.

Интровертпін бе, әлде экстравертпін бе?

Юнг анықтаған типтің қайсысына жататыныңызды анықтау үшін Грей-Уилрайттың тест сынағымен, «Юнг типтерінің индексі» сауалнамасымен немесе Айзенк сауалнамасын тапсырып көруге болады.

Интровертсіз, себебі

– бірінші не істейтініңізді ойлап аласыз;

– адамдармен жиі сөйлесуге тырыспайсыз;

– адам көп жиналатын орынды ұнатпайсыз;

– қоңырау шалу оңай болса да, хабарлама жазуды жөн санайсыз.

Экстравертсіз, себебі

– алдымен жасап, кейін ойланасыз;

– үнемі адамдармен танысып жүресіз;

– апта сайын адам көп жиналатын орындарға барып тұрасыз;

– телефонмен сөйлескенді ұнатасыз.

Екі сипаттама да мен туралы емес

Карл Юнгтің ойынша, интроверсия мен экстраверсия дәл сипаттамаларға сәйкес болмауы мүмкін. Әр адамда экстраверттің де, интроверттің де белгілері болады. Жас ұлғайған сайын, тәжірибе жинаған сайын алатған типтердің біреуіне 99% сәйкес келеді. Демек, егде жасқа келгенде ғана екі типтің қайсысына жататындығыңызды тануға болады.

Екі сипаттаманың ортасында жүретін адамдар да бар. Оларды амбиверт немесе диаверт деп атайды. Амбиверт өзіне не ұанаса, соны жасауға тырысады. Кейде белсенді, кейде томаға тұйық болып алады. Топ болып жұмыс жасаса, өзіне керектісін алып, өзі бетімен орындайды.

Олармен қалай сөйлесу керек?

Олармен қарым-қатынас орнату үшін – ең алдымен адамның жеке басына нұқсан келтіретін дүниелерді айтпау керек, сыйлау керек.

Егер сіздің досыңыз интроверт болса:

– болған оқиғаға, қойылған сұраққа тез жауап күтпеңіз. Ол он ойланып, мың толғанады;

– оған бір нәрсе айтқыңыз келсе, жай ғана хабарлама жазыңыз;

– көңілді кеште «неғып тұрсың» деп мазасын алмаңыз;

– ешқашан оның кеңістігіне басып кірмеңіз. Оның тұйықтығы мен үнсіздігін пайдаланушы болмаңыз.

Егер досыңыз экстраверт болса ше?

сабырлы болыңыз, оның сөзін соңына дейін тыңдаңыз.

– хабарламаға жауап жазбағаны үшін ренжімеңіз, айтарыңыз өте маңызды болса, қоңырау шалыңыз;

– мерекелік кеште оны жалғыз қалдырмаңыз, жаңа адамдармен таныстырыңыз;

– оны қуантқыңыз келсе, ұсынған нәрсесінен бас тартпаңыз.

Г. Берік