ҚазҰУ студентіне Батыр Қазыбаев атындағы стипендия табысталды

ҚазҰУ студентіне Батыр Қазыбаев атындағы стипендия табысталды

Танымал медиаменеджер, журналист Батыр Қазыбаев атындағы стипендия иегері белгілі болды. Шәкіртақы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің 3-курс студенті Маликаждарова Алтынайға табысталды.

"Alash Media Group" ЖШС әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің студенттері үшін 2022 жылдың қазан айынан 2023 жылдың маусым айына дейінгі аралықта Батыр Қазыбаев атындағы стипендияға конкурс жариялаған болатын. Стипендия мақсаты – журналистика саласы бойынша білім алатын студенттердің оқу, ғылыми және шығармашылық қызметін ынталандыру.

Бүгінде Алтынайдың журналистика саласындағы еңбектері  республикалық басылымдар мен телеарналарда жарық көріп келеді. Өз ісіне ұқыпты, жазған тақырыбы мен қаузаған мәселесіне байыппен қарайтын шәкірттеріміздің бірі әрі бірегейі. Журналистика факультетінің атынан студентімізді жеңісімен құттықтай отырып, шығармашылық табыс тілейміз, - дейді ұстазы, с.ғ.д., профессор Г. Сұлтанбаева.

"Alash Media Group" негізін қалаушы Батыр Қазыбаев атындағы стипендия Алтынайдың оқудағы үздік жетістіктері мен шығармашылық потенциалын негізге ала отырып тағайындалды. Өзі де мұны "атқарылған жұмыстарының нәтижесі емес, ертеңіме артылған бір жауапкершілік" деп қабылдады.

Медиахолдингтің шәкіртақысын иелену мен үшін күтпеген жағдай болды. Ең алдымен, бұл шәкіртақы мен үшін атқарылған жұмыстардың нәтижесі емес, ертеңімізге артылған маңызы зор жауапкершілік, әрі аға буынның қолдауы деп білемін. Талапты жастарға арналған мұндай шаралар жиі ұйымдастырылып тұрса, студенттер өз саласында жетістікке жетуге талпынып, кәсібінде даңғыл жол ашар еді, - дейді стипендия иегері.

Батыр Кәкімжанұлы Қазыбаев биыл 27 наурыз күні 53 жасқа қараған шағында дүниеден озған еді. Ақпарат саласында аянбай тер төккен маманның медиажобалары елімізде журналистиканың дамуына зор серпін беріп келеді.

Айта кетейік, жуырда ғана "Үркер" ұлттық сыйлығында да Батыр Қазыбаев атындағы арнайы премия берілген болатын. Ол интернет БАҚ-ғы үздік жоба иегеріне табысталды.

Н. Үсенова