Tengrinews.kz негізін қалаған Батыр Қазыбаев өмірден өтті

Tengrinews.kz негізін қалаған Батыр Қазыбаев өмірден өтті

Tengrinews.kz негізін қалаушы және Alash Media Group холдингінің басшысы Батыр Қазыбаев ұзақ аурудан кейін қайтыс болды. Ол 53 жаста еді.

Батыр Қазыбаев белгілі қазақстандық журналист әрі жазушы, көп жыл бойы облыстық және республикалық газеттердің редакцияларында басшылық лауазымдарда қызмет атқарған, Қазақстан Компартиясы ОК хатшысы болған Кәкімжан Қазыбаевтың ұлы. Батыр Қазыбаев әкесінің жолын қуып, журналистиканы таңдап, табысты медиаменеджер болды.

Батыр Қазыбаев 10 жылдан астам уақыт құрамына Tengrinews.kz, Vesti.kz, Massaget.kz ақпараттық порталдары кіретін медиахолдингті, Ретро FM Қазақстан, Жұлдыз FM радиостанциясы, СТВ телеарнасын басқарды және "Жетінші арнаның" негізін қалады.

Батыр Қазыбаевты медиасфераға жол салған тұлға деп атауға болады. Ол әрқашан жаңа идеяларға ашық еді, бірінші болудан және тәуекелге барудан қорықпады. Осылайша, 2010 жылы Tengrinews жаңалықтар порталы пайда болды.

"Телеарна мен баспасөзге бәсекелес веб-сайт құру туралы шешім тәуекел еді, бірақ Интернет-ресурстар өсетіні түсінікті болды. Бұл қазір өзіміз көріп отырған факт, бірақ 2010-да көп адам күмәнмен қарады. Екінші себеп - Қазақстанның ақпарат кеңістігі шетелдік ресурстарға толы болды. Бұл намысқа тиетін. Мен өзіміздікі болғанын, жаңалықтар Қазақстан тарапынан берілгенін қаладым", - деген еді ол жоба туралы.

Сондай-ақ, Батыр Қазыбаев Қазақстандағы алғашқы Tengri FM рок-радиостанциясын, ал кейінірек елдегі алғашқы қазақ тіліндегі Жұлдыз FM толқынын құрды. Ол негізін қалаған The Spirit of Tengri этникалық музыка фестивалі Алматының визит картасына айналып қана қоймай, үлкен мәдени жобаға айналды.

Батыр Қазыбаевтың бастамасымен 2014 жылы "Жеңімпаздар" жобасы іске қосылды, ол — қазақстандық ҰОС ардагерлері туралы база. Жоба Tengrinews.kz оқырмандарының арқасында толықтырылып отырады.

Ол қазақ тілді аудиторияға бағытталған жобаларға да ерекше назар аударды. Massaget.kz жастар сайты іске қосылды. Tengrinews.kz сайтының қазақ тіліндегі нұсқасы, "Жұлдыз ФМ" радиостанциясы, бүгінде қоғамдық-саяси сайтқа айналған "Алаш айнасы" газеті ашылды.

"Қазір қазақ тілінде жаңа контент пайда болып жатқан қызық уақыт, оған қатысу - мен үшін мақтаныш", - деген Батыр Қазыбаев.

Tengrinews ұжымы, сондай-ақ "Алаш Медиа групп" Батыр Қазыбаевтың туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады.

Дереккөз: kaz.tengrinews.kz

А. Жапатова