Антонио Бандерас ағылшын тілін қалай үйренді?

Антонио Бандерас ағылшын тілін қалай үйренді?
Фото: kino.rambler.ru

Әлемдік жұлдыздар ағылшын тілін қандай тәсілмен үйренді? Осыған дейін Шакира мен Шварценеггер, Джеки Чан мен Джек Ма қолданған әдістерді жазған едік. Бүгін белгілі актер Антонио Бандерас тәжірибесін назарларыңызға ұсынбақпыз.

Ересек адамдардың жыл өткен сайын тіл үйренуге деген қабілеті, қызығушылығы төмендейді деген пікірдің бары жалған емес. Антонио Бандерас – осы ойды жоққа шығарған адам. Себебі ол ағылшын тілін үйренуді 32 жасында бастаған және танымал берлиц әдісін қолданған.

Антонио Бандерас – испаниялық актер. Ана тілі – испан. 1960 жылдың 10 тамызында Испанияның Малага қаласында дүниеге келген. Кішкентай күнінде кез келген испаниялық балақай секілді ол да футболшы болуды армандады. Жасы толыса келе спорттық машығына қарағанда өнерге деген талабының жоғары екенін түсінген ол музыкаға, кино саласына бет бұрады. Антонионың актер болуға деген қызығушылығын оятқан "Шаш" мюзиклы еді. Бұл уақытта ол 16 жасқа енді толған. Антонио көгілдір экраннан алғаш 1982 жылы көрінді. "Қорқыныштар лабиринті" атты испан фильмі – актердің дебюттік жұмысы. Испанияда танымалдығы арта бастаған тұста Антонио Голливудты бағындыруды армандады. Ағылшын тілін мүлде білмесе де, жасы 30-дан асып кетсе де ол түпкі мақсатына жету үшін белді бекем буып АҚШ-қа көшіп кетті. Оның жаңа құрлықтағы карьерасы жарнамаға түсуден басталды. Кейін шақырту бойынша фильмге түсе бастады.

Бандерастың бағын ашқан Голливудтағы алғашқы фильм – "Мамбо патшалары". Фильмге түсу кезінде актер ағылшын тілін мүлде түсінбеген. Түсірілім кезінде режиссердің тапсырмаларын аудармашылар айтып отырған. Сценарийдегі диалогтардың, айтқан сөздерінің не мағына беретінін өзі білмеген, тек мүдірмей жатқа айтып отырған. Өмірінің осы кезеңіндегі оқиғаларды актер "Loose women" бағдарламасында қызықты қылып айтады. 

Сонымен, тіл үйрену процесін жақсарту үшін актер қандай амалдар жасады? Шетелдік БАҚ таратқан ақпараттарға сәйкес, тіл үйренудегі Антонио құпиясы назарларыңызда.

• Өзін "Мен ағылшын тілінде еркін сөйлеймін" деп сендірді

Тіл үйрену кезіндегі қиындықтарға қарамастан актер өзін үнемі қайрап, жігерлендіріп отырған. Кей тіркестерді түсінбей, сөзді дұрыс дыбыстамаса да ол ағылшын тілінде сұхбат беруден ешқашан тартынбаған. Сөйлеу кезінде жіберген қателері үшін қысылып-қымтырылмай, керісінше өзін тым сенімді ұстайды.

• Кәсіби лингвистермен жұмыс істеді

Антонио Бандерас тіл үйрену кезінде кәсіби тіл мамандарымен жұмыс істеуді бірінші кезекке қойды. Тіркесті оқытқызып, өзі сол дыбыстарды тура сол қалпында қайталап отыруды әдетке айналдырды. Интонация, кідіріс, дыбыстау тәсілдерін үйрену үшін білікті мамандар кеңесіне құлақ түрді.

• Акцентті ерекшелік деп бағалады

Алғашында өзінің испаниялық акценті жағымсыз естілетіндей көрінгенмен, уақыт өте ол өз акцентін ерекшелік деп түсінді. Расында, актердің Галливудта танымал болуына осы акценті де көмегін тигізген еді.

А. Қажиев