Арнольд Шварценеггер ағылшын тілін қалай үйренді?

Арнольд Шварценеггер ағылшын тілін қалай үйренді?
Фото: wealthygorilla.com

Әлемдік жұлдыздар ағылшын тілін үйрену кезінде қандай тәсілдер қолданды? Осыған дейін тіл меңгеру барысында Шакира қолданған әдістерді жазған едік. Бүгін голливудтық әйгілі актер Арнольд Шварценеггер тәжірибесін назарларыңызға ұсынбақпыз.

Арнольд Шварценеггер – австриялық азамат. Ол 1947 жылы Австрияның Штирия аймағында дүниеге келген. Ана тілі – неміс тілі. Арнольд 10 жасынан бастап ағылшын тілін үйренуге ден қоя бастаған. Себебі осы кезеңнен бастап АҚШ-та өмір сүруді армандады. Ол бодибилдингке 14 жасында қызығып, сол кезеңде бұл спортпен шұғылдануды бастап кетті. 5 жылдың ішінде кәсіби білігін шыңдаған спортшы 19 жасында "Ғалам мырзасы" (mr Universe) атанды. 21 жасында Арнольд балалық шағындағы арманына қол созып АҚШ-қа көшті. Арнольдтың "ағылшыны" алғашында тәуір емес еді. Алайда тілді меңгеруге барынша күш салған ол аз уақытта керемет нәтиже көрсетті. Қандай тәсілдер қолданды немесе тілді толық меңгеру үшін өзін қалай жігерлендірді? Шетелдік БАҚ таратқан ақпаратқа сүйеніп, Шварценеггердің тілді тез меңгеру құпиясын ұсынамыз.

• Алға нақты мақсат қойды

Арнольд Голливуд жұлдызы болуды бозбала шағынан армандады. Арманын мақсатқа айналдырып, осы жолда көп жаттықты. Ағылшын тілін меңгермейінше Голливудқа апарар жолдың жабық екенін де түсінді. Сол себепті түпкі мақсатына жету үшін бірінші тілді үйренуге күш салды.

• Өзін ағылшынтілді ортамен араласуға мәжбүрледі

АҚШ-қа қоныс аударған Арнольд бірден спорттық тағамдар сататын дүкенге жұмысқа орналасты. Жұмыс уақытында ол әрқашан тұтынушылармен байланыс орнатып, көзбе-көз көп сөйлесуге тырысты. Жаңа достар тауып, үнемі жүздесулер, отырыстар ұйымдастырып, олармен көбірек сөйлесуді қалады. Өзінің айтуы бойынша, ол тіпті неміс тілін емес, ағылшын тілін жақсы білетін, керісінше немісше мүлде түсінбейтін қыздармен сөйлесіпті.

• Тіл үйрету курстарына қатысты

Өз ортасында үнемі ағылшын тілінде сөйлесіп жүргені қарамастан, ол қосымша тіл үйрету курстарына қатысты. Мұндағы мақсат, ол сөйлеу кезінде байқалатын акцентінен арылғысы келді.

• Ағылшын тілінде газет, журнал оқыды

Оқу арқылы Арнольд тіл байлығын молайтып, ұтымды сөз айта білуді үйренді. Мақалада жазылған әдемі тіркестерді, нақыл сөздерді жаттап алуға тырысты. Сонымен қатар, күнделікті жаңалықтардан қалыс қалмау үшін, таным деңгейін тереңдету үшін газет пен журналды үнемі оқып жүрді.

• Өзінің әлсіз тұстарымен күресті

Арнольд Шварценеггер басты рөлде ойнаған алғашқы фильм – "Геркулес". Фильм жарыққа шыққан кейін актердің акцентін күлкі етіп, келеке қылғандар көп кездесті. Алайда бұл жағдай ағылшын тілін енді меңгеріп жүрген жас жұлдыздың сағын сындырған жоқ. Керісінше, кемшілігімен күресуге себеп болды. Актер бұл олқылығын түзеді, дегенмен сөйлеу кезінде австриялық акцент бәрібір байқалып тұрады. Өзінің айтуынша, ол бұл акцентін түпкілікті жоғалтқысы келмеген. Сол себепті Арнольд Шварценеггердің дауысын салып, оған пародия жасайтындар жиі кездеседі.

Ағылшын тілін үйренуге саналы түрде қадам жасап, алға мақсат қойып, қағида бойынша үздіксіз жұмыс жасаған Арнольд Шварценеггердің тілді қалай жетік меңгергенін мына видеодан көрейік.

А. Қажиев