Джек Ма ағылшын тілін қалай үйренді?

Джек Ма ағылшын тілін қалай үйренді?
Фото: koha.mk, eyerus.com,

Шакира мен Шварценеггердің, Джеки Чанның ағылшын тілін қалай үйренгенін жазған едік. Бүгін тағы бір қытайлық азамат, белгілі кәсіпкер, Alibaba group компаниясының негізін қалаған Джек Ма тәжірибесін назарларыңызға ұсынбақпыз.

Forbes зерттеуі бойынша (07.11.2019) Джек Ма Қытайдағы миллиардерлер рейтингінде бірінші орында тұр. Жеке капиталы – 38,2 миллиард доллар. Бүгінде бақ пен байлыққа, танымалдыққа ие болған Маның өткеніне үңілсек, оның сәтсіздікке жиі кезіккенін көреміз. Өз өмірінің қысылтаяң кезеңдерін Джек Ма былай баяндайды.

Джек Маның шын есімі – Ма Юнь. Ол 1964 жылдың 10 қыркүйегінде Қытайдың Ханчжоу қаласында дүниеге келген. Ата-анасы – қарапайым музыканттар. Отбасындағы қаржылық тапшылыққа байланысты кішкентай Ма 12 жасынан бастап жұмыс істей бастады. Бұл кезеңде Ханчжоуда туризм саласы қанаттанып, әлемнің түпкір-түпкірінен шетелдік демалушылар келетін. Бұл жағдай Маның ағылшын тілін үйренуге деген қызығушылық одан әрі арттырып, сонымен қатар азынаулақ ақша табуға мүмкіндік берді. Ол күн сайын велосипедпен шетелдіктер тұрақтаған қонақүйге барып, бұндағы адамдармен араласып, оларға көмек көрсетуге тырысатын. Ең бірінші кезекте тілді меңгеруді мақсат еткен ол адамдармен еш қиындықсыз байланыс орната алатын деңгейге жеткенде гид ретінде қызмет ете бастады. Айтпақшы, Ма Юньге "Джек" лақап атын осы уақытта шетелдік бір турист қойған екен.

Ол өзінің түпкі мақсатына жету үшін алғашында ағылшын тілді туристерге тегін қызмет көрсетті. Ханчжоудың көрікті жерлерін көркем тілмен жеткізу үшін, сөздік қорын молайту үшін адамдармен сөйлесу кезінде жаңа сөздерді жазып алып, кейін жаттап алуға тырысты.

1979 жылы Ма 15 жаста еді. Осы кезде ол Қытайға қыдырып келген аустралиялық отбасымен танысып, кейін олармен тығыз байланыста болды. Хат арқылы хабар сұрап отыратын шетелдік отбасы Маны 1985 жылы Аустралияға шақырды. Бұрын мұхит асып шетелге шықпаған қытай азаматына бұл сапар үлкен әсер берді. Бұған дейін оған мектеп қабырғасында Қытайды ең бай және әлемдегі ең бақытты ел деп үйреткен еді. Осы сапар оның санасын серпілтіп, әлем жайлы, өз елі жайлы ойын өзгертті.

Қателесуден қорықпайтын, керісінше қалт басқан әр әрекетінен сабақ алатын Джек Маның жақсы қасиеттерін, өмірлік қағидаларын, нақылға айналған сөздерін, өмірлік тәжірибесін сайтымызда жиі жазамыз. Ол жуырда ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесіп, Ханчжоуда Alibaba group компаниясын таныстырған еді. Одан бөлек қазақстандық әнші Димаш Құдайбергенмен, боксшымыз Геннадий Головкинмен кездесті. #Abay175 челленджіне қатысып, Абайдың "Құлақтан кіріп, бойды алар" өлеңін қытай тілінде жатқа оқыған еді.

12 жасынан бастап ағылшын тілін меңгеруге күш салған Джек Ма ағылшын тілінде еркін, акцентсіз, әңгімесін әзілмен әрлеп сөйлейді. Төмендегі видеода ол америкалық кәсіпкер Илон Маскпен жасанды сана жайында пікір таластырады. Бүгінгі ғасырдың қаһармандарына айналған тұлғалардың дебатын түпнұсқа түрінде назарларыңызға ұсынамыз.

А. Қажиев