Берлиц тәсілімен тіл үйрену

Берлиц тәсілімен тіл үйрену
Фото: chris.community, википедия

Джон Леннон жапон тілін қандай тәсілмен үйренді? Мэрил Стрип қалайша поляк тілін тез меңгеріп алды? Антонио Бандерас 32 жасқа келгеніне қарамастан қалайша ағылшын тілін бірден "қағып алды"? Жауап: бұлардың барлығы тілді Берлиц тәсілімен үйренді.

Өзге тілді меңгерудің түрлі жолы бар. Ең тиімдісі қайсы? Тіл мамандары Берлиц тәсілінің артықшылықтарын алға тартады. Бұл тәсіл орта жастағы, егде тартқан адамдардың тілді меңгеруіне өте қолайлы. Миға салмақ түсірмей, қатып қалған ережелерге бағынбай-ақ, ауызекі сөйлесу арқылы керек тілді жетілдіруге көмектесетіндіктен көп адам осы тәсілді қолданады. Сөйлеу, диалог орнату, түсіндіру арқылы тіл үйренуші жаңа сөздерді жаттап, сөздік қорын молайта түседі. Яғни, бұл тілі енді шығып келе жатқан баланың ана тілін үйрену процесі сияқты. Тек есту, соны қайталап айту, дыбыстау арқылы жүзеге асады.

Неміс энциклопедиясында Берлиц тәсіліне былай анықтама берген: "Берлиц тәсілі – тіл үйренуге ниетті адамға, өзінің ана тілін үйрену кезіндегідей әсер беретін табиғи заңдылықтарға негізделген жүйелі тәсіл".

Максимилиан Дельфиниус Берлиц 1852 жылы Германияда, еврейлер отбасында дүниеге келген. 1870 жылдардың басында ол Францияға, кейін АҚШ-қа көшті. Өмірінің көп бөлігін ұстаздық жолға арнап, француз, неміс тілдерінен сабақ берді. Күндердің күнінде Берлиц ауырып қалып, әріптесі, француз Николас Жолиге өз орнына француз тілінен сабақ бере тұруын өтінеді. Алайда Берлиц әріптесінің ағылшын тілін мүлде білмейтінінен бейхабар еді. Ал топта толығымен америкалық студенттер оқитын. Жоли аудиторияға кіргеннен таза француз тілінде сабақ жүргізген. Студенттердің түсінбеген сөздерін сөздіктің көмегімен емес, іс-қимылмен көрсету арқылы, мимика, интонация арқылы түсіндіріп отырған. Арада алты апта өткенде Берлиц сауығып, қайтадан өз студенттеріне оралады. Осы кезде шәкірттерінің бойынан тілді үйренуге деген қызығушылықтарының артқанын, өздері түсіндіре алмаған ойларын іс-қимылмен, синонимдермен түсіндіріп жатқанын көріп таңқалады. Осы жағдайдан кейін ол студенттерімен сөйлесу кезінде ағылшын тілін мүлде араластырмайтын болған.

Берлиц тәсілінің 5 принципі:

1) Мақсат – бірінші сөйлеп үйрену, содан кейін ғана оқуға, жазуға көңіл бөлу;

2) Ауызекі сөйлесу арқылы жаңа сөздерді жаттау;

3) Сіз үйренуге талпынған тілді тек сол тілді ана тілім деп қабылдайтын адам ғана үйрете алады;

4) Оқу процесі кезінде студент әрқашан белсенді болады;

5) Түсініксіз сөзді өз ана тіліңізге аударуға тыйым салынады.

Берлиц тәсілінен бөлек, тіл меңгерудің түрлі жолдары бар. Осыған дейін осы тақырып шеңберінде әлемдік жұлдыздар тәжірибесін жазған едік.

Джеки Чан ағылшын тілін қалай үйренді?

Шакира ағылшын тілін қалай үйренді?

Арнольд Шварценеггер ағылшын тілін қалай үйренді?

Джек Ма ағылшын тілін қалай үйренді?

Антонио Бандерас ағылшын тілін қалай үйренді?

А. Қажиев