2019 жылы түсірілген табиғаттың таңғажайып суреттері

2019 жылы түсірілген табиғаттың таңғажайып суреттері
Фото: theguardian.com

Лондондағы жаратылыстану тарихы музейі жыл сайын жабайы табиғаттағы үздік фото байқауын өткізеді. Биыл 55-ші рет ұйымдастырылған байқауға 100 елден 48 мың фототуынды келіп түскен. Осылайша Wildlife Photographer of the Year халықаралық бәсекесі биыл да үздік фотографтарды анықтады.

Байқауға табиғаттың таңғажайып сәттерін дәл көрсете білген фотолар қатыстырылады. Биыл 19 аталым бойынша жеңімпаздар анықталды. Үздік болып қытайлық Юнкин Баоның фотосы танылды. "Бір сәт" деп аталатын фотода түлкі мен суырдың тіршілік үшін айқасы таспаланған.

Photograph: Bao Yongqing/2019 Wildlife Photographer of the Year

- Бұл – өмір, - дейді байқау жеңімпазы. Себебі бірер секундтан кейін суыр түлкінің жемтігіне айналады. Бұл сәт те фотограф назарынан тыс қалмаған.

Юнкин Бао фотоны Қытайдағы Наньшань тауында түсірген. Ағаш тасасында түлкінің шабуыл жасар сәтін күтіп, дәл уақытында суретке түсіре білген. Көп уақытын да жұмсамаған.

Жасөспірімдер арасында Гран-При жүлдесін 14 жасар Круз Эрдманн жеңіп алды. Ол қараңғыдағы кальмар фотосын ұсынған. Жас талант фотоны Индонезиядағы Сулавеси аралына жақын маңдағы Лембех бұғазында түсіріпті.

Photograph: Cruz Erdmann/2019 Wildlife Photographer of the Year

Wildlife Photographer of the Year – 2019 байқауының өзге де аталымдар бойынша жеңімпаздары:

"Бүркіт мекені", Оден Рикардсен, Норвегия

Photograph: Audun Rikardsen/2019 Wildlife Photographer of the Year

Норвег фотографы "Құстар" аталымы бойынша жеңімпаз атанды. Ол бұл суретті түсіруге 3 жыл уақытын арнаған. Оден құзар шың басына аппаратын орнатқан. Бүркіт келіп бұтаға қонғанда автоматты түрде фотоға түсіріледі. Құстар фотоаппараттың жарқылынан бастапқыда қорыққанмен, кейін секем алмайтын болған. Бүркіттен өзге бұл құзға қарғалар да көп келеді екен. Олардың да фотосы көп. Бірақ сәтті шыққаны осы бүркіт болыпты.

"Базар", Штефан Кристманн, Германия

Photograph: Stefan Christmann/2019 Wildlife Photographer of the Year

WPY-2019 байқауында неміс фотографы "Портфолио" аталымы бойынша үздік марапатқа ие болды.

Суретте 5 мыңнан аса император пингвиндері бір-біріне пана болып тұр. Яки, суық пен желден қорғануда. Фото Шығыс Антарктиканың Экстрем қайраң мұздығында түсірілген.

"Егеуқұйрықтар үйірі", Чарли Хэмилтон-Джеймс, Ұлыбритания

Photograph: Charlie Hamilton James/2019 Wildlife Photographer of the Year

WPY-2019 байқауында бұл фотограф "Қаладағы жабайы табиғат" аталымы бойынша үздік шықты.

Чарли Хэмилтон-Джеймс National Geographic журналы тапсырмасы бойынша көбіне егеуқұйрықтарды түсіреді. Фотодағы "кейіпкерлерін" Нью-Йорктағы Манхэттенде түсірген. Фотограф алыстан басқарылатын камерасын қойып, егеуқұйрықтарды сыртынан бақылаған.

- Жол ортасындағы кәріз құдығында 30-ға жуық егеуқұйрық бар екен. Екі-үш күннен кейін олар фотоаппараттан, тіпті менен де қаймықпайтын болды. Біреуі аяғыма да шығып ойнақшыды, - дейді Чарли Хэмилтон-Джеймс.

"Әскери архитектура", Дэниел Кронауэр, АҚШ

Photograph: Daniel Kronauer/2019 Wildlife Photographer of the Year

Америкалық фотограф биылғы байқауда "Омыртқасыз" тіршілік иелері аталымы бойынша үздік болып танылды.

Коста-Рикадағы бұл құмырсқалар жерге немесе ағашқа илеу салмайды екен. Олар бір-біріне жабыса кетіп қорған тұрғыза салады. Ал ол қорғанның іші бөлмелер секілді болады. Онда тіршіліктері жалғасады.

- Олар ұясын көз алдыңда тұрғызып, көз алдыңда ғайып болады. Бір, қызық, тіршілік иелері. Джунглиде азықтарын жинайды да, 100-150 метр жерге барып қайта жинала қояды, - дейді фотограф.

"Қар астында", Макс Во, АҚШ

Photograph: Max Waugh/2019 Wildlife Photographer of the Year

Фотограф Макс Во "Ақ және қара" аталымы бойынша марапат алды.

Америкалық фотограф Йеллоустон қорығындағы бизонды суретке түсірген. Азығын қар астынан іздеген жануардың бас көтерген сәтін Макс Во біраз күткен.

"Қарлы асудағы көшпенділер", Шанчжэнь Фань, Қытай

Photograph: Fan Shangzhen/2019 Wildlife Photographer of the Year

WPY-2019 байқауында "Жайлауындағы жануарлар" аталымы бойынша қытайлы Шанчжэнь Фань үздік шықты.

Тибет бөкендері қарлы асудан асып барады. Олар 5,5 шақырым биіктікте өмір сүреді. Онда температура Цельсий бағамы бойынша 40 градусқа дейін төмендейді. Ал қарлы құмды аймақ олар үшін жылы мекеннің бірі.

"Жалған түр жасау", Рипан Бисвас, Үндістан

Photograph: Ripan Biswas/2019 Wildlife Photographer of the Year

"Жануарлар портреті" аталымы бойынша үздік деп танылған фото. Оның үндістандық Рипан Бисвас түсірген.

Фотограф батыс Бенгалиядағы Букса-Тигр қорығында құмырсқаларды суретке түсірген. Кенет ол өзгешелеу құмырсқаны байқаған. Аңдап қараса, құмырсқа ішінде жүрген өрмекші екен. Жалған түр жасап жемтігін аулайды екен.

"Тең текетірес", Инго Арндт, Германия

Photograph: Ingo Arndt/2019 Wildlife Photographer of the Year

"Сүтқоректілер" аталымы бойынша жүлделерді тең бөліскен (қытайлық Юнкин Бао туындысымен бір аталымда) фото.

Фотограф суретті Чилидегі Патагония жазығында түсірген. Пуманың Гуанакоға шабуылдаған сәтін назарына алған.

"Әлемді кезу", Мануэль Плейкнер, Италия

Photograph: Manuel Plaickner/2019 Wildlife Photographer of the Year

Биылғы байқауда "Амфибия және бауырымен жорғалаушылар" аталымы бойынша үздік шыққан фото.

Мануэль 10 жылдан бері Оңтүстік Тирольдағы бақалардың жаппай қоныс аударуын бақылап келеді. Көктемде күн жылына бастағанда тіршілік иелері туған мекендеріне көше бастайды екен.

"Қас-қағым сәт", Жереми Виллет, Франция

Photograph: Jérémie Villet/2019 Wildlife Photographer of the Year

Француз фотографы "Жұлдызды портфолио" жүлдесіне ие болды. Ол екі ақ қошқарды Юконада (Канада) түсірген.

"Заңсыз өтпек болған мигрант", Алехандро Прието, Мексика

Photograph: Alejandro Prieto/2019 Wildlife Photographer of the Year

Мексикалық фотограф "фотожурналистика" аталымы бойынша үздік шықты. Ол АҚШ пен Мексика шекарасы қоршауына келген жолбарысты түсірген. Осы арқылы қоршау жан-жануарларға да кедергі келтіріп жатқанын көрсеткісі келген.

"Жыланбалықтар бағы", Дэвид Дубилет, АҚШ

Photograph: David Doubilet/2019 Wildlife Photographer of the Year

"Су астындағы әлем" аталымы бойынша жеңімпаз атанған фото. Дэвид Филиппиндегі Дауин бөктеріндегі суда футбол алаңының үштен біріне тең аймақта тіршілік етіп жүрген жыланбалықтарды байқаған. Суретке түсіруді де ұмытпаған.

Суреттер Лондондағы жаратылыстану тарихы музейіндегі көрмеге қойылып, кейіннен әлемдік тур жасалады.

Н. Үсенова