Қосылмаған қос ғашық – Лян Шаньбо мен Чжу Интай

Қосылмаған қос ғашық – Лян Шаньбо мен Чжу Интай
Фото: pinterest

Кез келген халықтың фольклорында махаббат дастанын жырлайтын ғашықтар аңыз-әңгімесі кезігеді. Қазақтың Қозы Көрпеші мен Баян Сұлуы сияқты қосылмаған ғашықтардың оқиғасы Қытай әдебиетінде де бар. Соның бірі – "Ғашық көбелектер" аңызы.

Шерлі махаббат тақырыбын қаузайтын Лян Шаньбо мен Чжу Интай жайлы аңыз осыдан мың жыл бұрын туған деседі. Оқиғаның әсерлілігінің себебінен, қос ғашықтың есімдері әлі күнге дейін халық жадынан жоғалған емес. Әлем оларға "Қытайдың Ромеосы мен Джульеттасы" деген ат берген.

Әңгімеге арқау болған оқиға Батыс Цинь династиясының билік құрған кезеңінде Шаньюя аймағында болған. Чжу Интай – білімді, ақылына көркі сай, сегіз ұлдан кейін дүниеге келген Чжу әулетінің жалғыз қызы. Қаладағы санаулы ауқатты отбасылардың бірінде дүниеге келген ол оқу-білімге, ғылымға құштар болады. Алайда ол кезеңде қытайлар қыз баланы мектепке жібермейтін. Чжу Интай мұның жолын тауып, еркекшора киініп, әкесінен бозбала кейпінде мектепке баруды өтінеді. Амалы қалмаған әкесі жалғыз қызының қалауын орындап, оны Ханчжоу қаласына мектепке аттандырады. Ханчжоуға шыққан Чжу Интай жолай Лян Шаньбо есімді бозбалаға кез болып, екеуі бір мектепке оқуға қабылданады. Осы кезеңде олар бір-бірімен етене араласып, айрылмас дос болуға уәделеседі. Осылайша 3 жыл артта қалады. Өзін ер бала етіп көрсеткен, ал шындығында нәзік жанды Чжу Интай қасында серігі болып жүрген Лян Шаньбоны ұната бастайды. Негізінде Шаньбо да Интай сияқты ақылды, байқампаз болғанымен, қасындағы досының нәзік жаратылысын мүлде сезбейді.

Күндердің бір күнінде Чжу Интай әкесінен хат алып, тез арада ауылына қайтуға мәжбүр болады. Бұл уақытта Шаньбоға ғашық болып үлгерген Интай, кетпес бұрын болған жайдың барлығын мектеп иесінің әйеліне бүге-шүгесіне дейін айтып береді.

Қос ғашыққа арналған ескерткішҒашықтарға арналған ескерткіш

Шаньбо алыс сапарға шыққан жолдасын жарты жолға дейін шығарып салуды ұйғарып, Интай екеуі мектептен бірге шығады. Интай жолда келе жатып, тұспалдап өзінің қыз баласы екенін сездіргісі келгенімен, аңғал Шаньбо досының сөзінің мәнін түсіне қоймайды. Жолайрыққа келгенде екеуі қоштасып, дегенмен Шаньбо досы Интайдың үйіне қонаққа келетінін айтып уағдаласып кетеді.

Арада бірнеше ай өткенде, бозбала Шаньбо Чжудың ауылына уәделескендей қонаққа барады. Ең жақын досының шындығында қыз екенін білген Шаньбо бұл жағдайға басында сене алмағанымен, уақыт өте үйренісіп, соңында сұлу да сымбатты Интайға ғашық болады. Осылайша екі жастың ортасында махаббат оты тұтанып, үлкен алауға айналғанда бұларға қарсы дауыл тұрып, қос ғашықтың арасына Интайдың ата-анасы түседі. Себебі бұл уақытта Интай әкесі қызына ескертпестен оны ауқатты отбасының ұлына тұрмысқа беруге келісіп қойған еді. Бұл жаңалықтан хабардар болған Шаньбо ішқұса болып, бойын ауру алып, соңында қайтыс болады.

Ғашығынан айырылған Интай әкесінің талабы бойынша Ма Вэньцай есімді бай ұлына тұрмысқа шығуға мәжбүр еді. Той күні бекітіліп, құдалардың қалауымен қалада мерекелік күй орнайды. Интай той күні Шаньбоның бейітіне баруды сұрап, бақилық болған ғашығымен іштей тілдескісі келетінін айтады. Осылайша Шаньбоның бейітіне келіп, көңіл шерін шығарып әбден жылаған Интай бейіттің беті ашылса екен деп тілейді. Тілегі орындалып, сүйгеніне асыққан Интай ашылған көрге секіріп түседі. Сәлден кейін бейіт шұңқырынан екі көбелек ұшып шығып, көкке көтеріліп кетеді. Осылайша қос ғашықтың жаны көбелектерге айналған екен-мыс.

А. Қажиев