Американы алғаш қытайлар ашқан

Американы алғаш қытайлар ашқан
Фото: vokrugsveta.ru

Әлем ғылымы Колумбтан да бұрын Америкаға қадам қойғандардың есімін жариялаудан жалыққан емес. Мүмкін тарих қайтадан жазылу керек шығар. Себебі Иллинойс университеті зерттеушісі Джон Рускамп: "Америкаға осыдан 3300 жыл бұрын қытай теңізшілерінің қадамы жеткен", – деп мәлімдеді.

Осы уақытқа дейін тарих пәнінен Американы Христофор Колумб ашқан деп оқып келдік. Бірақ, Колумб Америкаға барған бірінші саяхатшы емес, тіпті екінші де емес, үшінші екен. Себебі, бұдан бұрын әлем ғылымы Колумбтан 500 жыл бұрын скандинавилық викинг (теңіз әскері) Лейф Эрикссон мұхит артындағы елге барған деген болатын. Енді викингтер мен испаниялықтарды қытайлар артта қалдырып жатыр. 

"Бұл болжам ойыма бірнеше жыл бұрын – Альбукердегі Ұлттық бақ петроглифтерін зерттеп жатқанда келген еді. Осы уақытқа дейін тастарға сызылған суреттер мен белгі, пиктограммалардың авторы американың байырғы халқы немесе испаниядан осы құрлыққа алғаш келгендердің ұрпағы болса керек деп есептелетін. Ұлттық бақтағы 25 мың таңба ішінен бірі көзіме оттай басылды. Бұл белгі қытайлықтар қайығын білдіретін "джоу" иероглифі екені есіме түсті",  – дейді Джон Рускамп.

Осыдан соң Джон Рускамп Америкадағы петроглифтарды бір тәртіпке салып реттеп шығуға бел шешіп кіріскен. Нәтижесінде қытай иероглифтеріне ұқсайтын 84 пиктограмманы табады. Бұл белгілер бір-бірімен өзара байланысты мәтіндерден тұратын болып шығады.

Мысалы Альбукерден 400 шақырым жырақтағы тас таңбаларды оқығанда: "Он жылдық сапар мен айрылысудан соң және біз күн еліне қайттық, бір-бірімізді таптық" деген сөз шығады. Рускамп ізденістер нәтижесінде қытайлықтардың “Шань Хай Цзин” (тау мен теңіз) трактатында жазылған – Шығыс теңізін (Тынық мұхиты) жүзіп өтіп, күн шығатын алыс жерлер туралы айтылған жазуларға тап болады. Олар американы "Күн ұясы" деп атаса ғажап емес. Тағы бір мәтінде кейбір рәсім немесе олжалы оралған аңшылыққа байланысты өткізілген құрбандық туралы айтылады. "Біз ұлы Цзян Шан және аспан иесі құрметіне ізгі ниетпен итті құрбандыққа шалдық" деп жазылған.

"Бәрі бір-біріне тура келіп жатыр. Цзян Шан — Шан әулетінің үшінші патшасы. Ол заманымыздан бұрынғы екінші мыңжылдық соңында патшалық құрған. Ол дәуірде итті құрбандыққа шалу халық арасында кең тараған. Мәтін сол дәуірдегі Қытай сарай жұртының стилінде жазылған. Сол уақыттарда патша атына ұлы, мәртебелі деген сияқты сөздерді қосу әдет болған", – дейді Рускамп.

Дәлелдерге сенбейтіндер болса: "Қазір Америкаға келіп-кетіп жатқан қытай эмигранттары тастарға осындай белгілер ойып жазып кеткен болса ше?!" – деген пікірді айтады.

"Олай болуы мүмкін емес, бұл тастардағы жазу қазір мүлдем ұмытылған, біздің заманымыздан бұрынғы 1046 жылы болған әскери қақтығыстар нәтижесінде пайда болған Шан династиясы құлдырауынан кейін жоғалып кеткен.

Археологтар 1899 жылы Аньян қаласы маңына алып барған зерттеу жұмысы нәтижесінде ғана осы жазуларды тапқан. Арада бір ғасыр өтсе де ғалымдар бұл жазуларды толықтай оқи алмай келе жатыр. Көзбояушылар ат төбеліндей ғалымдар ғана білетін иероглифтерді қолдануы мүмкін емес. Бұл ескі жазу стилі ерекше болған, оның пайда болуы бал ашатын тастарға байланысты.

Қытайда ерте заманда бал ашу былай болған екен. Көріпкел бір ірі қара малдың сүйегі немесе тасбақаның сауытын алып арнайы оттағы метал таяқпен сүйекті қыздырған. Сүйек бетінде пайда болған жарықтарға қарап болашақты болжаған. Оқуға қолайлы болу үшін жарықтар қара бояумен боялған. Осылай ескі жазу пайда болған. Бұлар заманауи қытай жазуынан мүлде ерекше. Америкадағы таңбалар осы жазулармен толықтай сәйкес келеді", – Рускамп.

Сонымен, иероглифтер пайда болуындағы ерекше әдістер Джон Рускампке қытай теңізшілерінің Америкаға қай уақытта барғанын анықтауға көмектесті. Бұл біздің заманымыздан бұрынғы 1300 жылдар, Колумбтың дүниеге келуінен 2800 жыл бұрын болатын.

Азиялық теңізшілер жаңа құрлыққа қалай барған, арадағы қашықтық Колумб жүзіп өткен қашықтықтан да ұзақ қой деген сауал туындайды. Қытайдың "джонка" деп аталатын кемесі испан желкенділерінен қалыспаған, тіпті кейбір жағынан артық та болған. Олар су өткізбейтін аралық қабырғалармен қорғалған. Бір бөлмені оқ тесіп өткен жағдайда да келесісіне су өтпеген. Колумбтың “Санта Мария” кемесінің су сыйымдылығы 200 тонна, ұзындығы 25 метр болып, 70 күнде Америка құрлығына жүзіп барған. Ағылшындар құпия түрде қытайлардан сатып алған “Кхэйин” джонкасының су сыйымдылығы 800 тонна, ұзындығы 45 метр болып, ол Атлантида мұхитын 21 күнде жүзіп өткен. Әрине,  “Кхэйин” – “Санта Мариядан” 300 жыл кейін жасап шығарылса да, ағылшындар қытай кемелеріне тең келетін желкенді кемелер қай уақытта да болмағанын айтады. Алғашқы джонкалар көне замандарда пайда болғанын айтады. Демек, бағзы заманда қытай теңізшілерінің Америка сияқты жаңа құрлыққа жүзіп баруы аса қиын болмаған.

Мыңыншы жылдары Колумбтан 500 жыл бұрын Америка жеріне қадам басқан Лейф Эрикссонның ерлігі 1960 жылға дейін Ньюфаундленд аралындағы Л'Анс-о-Медоузда 50-100 адамдық викингтердің шағын қонысы табылғанға дейін ресми түрде мойындалмады. Мүмкін, болашақта Америка жерінде осыдан 3300 жыл бұрын жасаған қытайлықтар қоныстанған аймақ табылып қалар. Міне, сол кезде жер жүзіндегі құрлықтардың адам тарапынан ашылу тарихы қайтадан жазылатын болады.

Т. Раушанұлы