Сатурнның сақинасы жоғалып барады

Сатурнның сақинасы жоғалып барады
Фото: UpdateNewsOdisha

Күн жүйесіндегі ең ерекше ғаламшарлардың бірі — Сатурн. Айнала қоршаған сақинасы бар бұл планета әлемнің түкпір-түкпіріндегі ғалымдарды қызықтырып келеді. Жақында Сатурн жайлы ақпарат шықты. Ауыр элементтерден тұратын Сатурнның сақинасы құрдымға кетіп барады екен.

Сатурнның сақинасы қашан пайда болды?

Сатурнның сақинасы оның дискіне қарағанда Күннің сәулесін көбірек қайтарады екен. Планетаның негізгі үш сақинасы бар, ал төртінші тым жіңішке. Сақиналардың диаметрі 250 мың шақырымды құрайды, бірақ бұған қарамастан оларды үлкен деп айту қате. Үш сақинаның жуандығы 1 шақырымнан да аспайды. Өйткені сақиналар 1-10 сантиметр аралығындағы миллиардтаған бөлшектерден түзілген. Ал бөлшектер өз кезегінде 93% сополимер мен силикат қосылған судан тұрады. Қалған 7%-н көміртек құрайды.

Қазақша "Қоңырқай" атанып кеткен ғаламшар сақинасы салыстырмалы түрде жақында пайда болған. Планетаның өзі 4,5 миллиард жыл бұрын пайда болса, оның сақиналары шамамен 100-200 миллион жыл бұрын түзілген екен. Демек Сатурн өмірінің басым бөлігін сақинасыз өткізген. 

Сатурн сақинасын бірінші болып көрген кім?

Сатурн сақинасын 1610 жылы Галилей бірінші болып көрген. Шағын телескоп арқылы нақты көре алмаған ол сақинаны серігі болар деп ойлайды. 1656 жылы Христиан Гюгейн Сатурнның сақинасын әлдеқайда жетілдірілген телескоп арқылы көрген. 1675 жылы Жан Доминик Кассини Сатурннан екі бірдей сақина тапқан. Уақыт өте келе ғалымдар Сатурн айналасындағы сақиналарды таба бастаған. 1980 жылы мүлде кішкентай сақиналар ашылған. 

Күн жүйесі қалай зерттелді?

Қазір біз Күн жүйесі мен көрші ғаламшарлар туралы көп білетін секілді көрінеміз, алайда бұл қате пікір. 1977 жылы NASA Юпитер мен Сатурнды зерттеу үшін "Вояджер" ғарыш зонды ұшырды. Алдына қойылған мақсатын толық орындағаннан соң "Вояджер" өз бетімен ғарышты шарлап кетті. 42 жыл "сапар шеккен" аппарат әлі күнге дейін Жерге ақпарат жіберіп тұрады. Ал Юпитер мен Сатурнды зерттеу үшін жақында NASA Cassini миссиясы жоспарланған болатын. Дәл осы "Вояджер" мен "Кассинидің" арқасында ғалымдар Сатурнды зерттеп келеді.  

Сатурнның сақиналары не себепті жоғалып барады?

1980 жылы ғалымдар "Вояджерден" алған ақпаратты зерттегеннен соң Сатурында гравитацияның әсерімен сақиналы жаңбыр жауатынын анықтаған. Қоңырқай сақинадағы мұзды бөлшектерді өзіне тартып, нәтижесінде судан тұратын түрлі заттар түседі екен. Ғалымдар "Кассини" жіберген деректерді зерттей келе, 100 миллион жылдан кейін Сатурнның сақиналары "өмір сүруін" тоқтатады деген қорытындыға келген.

Сонымен қатар. "Кассини" Сатурнның "Айы"  Энцеладты да зерттеген. Белгілі болғандай, Энцеладтың бетінде Сатурнның сақиналарына бет алып, қайта оралатын мұз бен газдың ізі бар екен. Ғалымдар Сатурнның серігі сыртқа газ бен шаң-тозаңды шығарады деген қорытындыға келді. Қалдықтардың бір бөлігі ғарышқа түссе, енді бір бөлігі Сатурнның сақиналарына жетеді екен. 

А. Рысдәулет