Тауды тесіп жасалған туннель туралы білесіз бе?

Тауды тесіп жасалған туннель туралы білесіз бе?

Франция мен Италия елінің Шамони және Курмайор курортты аймақтарының арасы небары 13 шақырымдық жол. Алайда көршілес жатқан қос мемлекет тұрғындары шипажай орындарына барып қайту үшін жолдың өзіне үш күн жұмсаған. Себебі олар Монблан тауын арнайы жол арқылы айналып өтетін еді.

Осыған байланысты тауды тесіп төте жол салу жұмыстары жөніндегі пікірлер сонау XIX ғасырдың бірінші ширегінде пайда болған. Әйткенмен, Франция мен Италия басшылары «төте жол салу»  жобасына тек Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін ғана кіріскен. 1949 жылы екі елдің құрылыс кемеңгерлері жобаны пысықтап, тиімсіз жерлерін кеңесіп пішіп, өкімет басшыларына тау астын қирата бұзып жер асты туннелін жасауды ұсынған. Жоба қабылданған соң құрылыс жұмыстары іс жүзінде он жылдан кейін басталды.

Логистика, архитектура, инженерияның ғаламат жетістігі болып саналатын Монблан туннелі 1965 жылы шілденің 16-шы жұлдызында Франция президенті Шарль де Голль мен Италия президенті Джузеппе Сарагаттың қатысуымен Альпі тауының ең биік нүктесі саналатын (4807 м) Монблан шыңында салтанатты түрде ашылды.

Оның ұзындығы – 11,6 шақырым, ал ені – 8,6 метр. Ол Франция елінен 1274 метр биіктікте, ал Италиядан 1381 метр жоғарыда орналасқан. Фантастикалық жоба  сегіз жылда жүзеге асты. Монблан туннелі әлемдегі ең терең қазылған (2480 м) туннель болып есептеледі. 1999 жылы белгілі болғандай, Монблан туннелі қауіпсіздік ережелерінің нормасына сай болмай шығады. Осының арты алапат апатқа әкеп соқты. Тоқсан тоғыздың 24-ші шілдесінде ауыр жүк көлігі өртке оранып, туннель температурасы 1000 градус ыстыққа жеткен. Темір-терсек, металл тіреуіштер, бетон блоктары өртке оранады. Үш жылдан соң 2002 жылы туннель қайта пайдалануға берілді. Енді туннель жағдайын қалыпты деңгейде ұстап отыру үшін көптеген камералар мен қорғау паналары жасалған. 

Туннельдегі қауіпсіздік диспетчер арқылы бақыланып отырады. Екі жағында шекара қарауыл қосыны бар. Ең төменгі жүру жылдамдығы сағатына 50 шақырым, ал жоғарғы жылдамдық сағатына 70 шақырым. Транспорт көліктерінің ара-қашықтығы 150 метрден кем болмауы шарт. Жаза ретінде айыппұл, құжат тәркілеу сықылды шаралар қолданылады.

Оқи отырыңыз:

Әйнектен жасалған қыл көпір

Феникс Тауэрс туралы естіп пе едіңіз?

Пирамидаларды тұрғызған египеттік құлдар емес

Құдайлар шайқасының нәтижесінде пайда болған Крейтер көлі

Дайындаған: Нұрбол Нұрмаханұлы

Сурет:www.kovinov.com,www.bglogist.com,www.barco.com

Н. Нұрмаханұлы