Феникс Тауэрс туралы естіп пе едіңіз?

Феникс Тауэрс туралы естіп пе едіңіз?

Феникс Тауэрс Қытайдың Ухань қаласында салынуға жоспарланған әлемдегі ең биік зеңгір үй болмақ. 

1 шақырым биіктікті бағындыратын құрылыс кешені аяқталатын болса, әлемдегі ең биік көк тіреген ғимарат статусын иемденеді. Аталмыш кешеннің жобасын ағылшындардың Chetwoods Architects сәулетшілері жасаған. Жалпы құрылыс жұмыстарына £1,2 миллиард қомақты ақша жұмсалып, 2018 жылға дейін бітіру жоспарланған.

Феникс Тауэрстің дизайнын лондондық Chetwoods Architects пен Қытайдың HuaYan Group компаниясы біріге жасаған. Әлемнің ең биік сәулет кешені Қытай мәдениетіндегі ер мен әйелдің ұлттық образын көрсететін екі бөлек ғимараттардан тұратын болады. Екі кешеннің биіктеуі "Feng" деп аталмақ. Ол кеңсе және бизнеске негізделген бос орындары бар 100 қабаттық зәулім үй болады деп күтілуде. Әйелдің образын ашатын біршама кішілеу кешеніне "Huang" деген атау берілген.

"Оның артықшылығы теңіз деңгейінен ең биікте орын тепкен бақ болатындығында", - дейді сәулетшілердің басқарушысы Илинг Луо. Қытайдың алдағы уақытта бой көтеретін зәулім ғимараттарының құрылыс орны ретінде қаланың орталық бөлігінде орналасқан көлдегі туристік арал алынған.

Феникс Тауэрс жасыл энергия технологиясымен, яғни жел, күн, термалды энергиясымен жұмыс істейтін болады.

Дайындаған: Жолдас Өрісбаев

Сурет: news.discovery.com

Ж. Өрісбай