ТМД елдеріндегі үздік демалыс орындары

ТМД елдеріндегі үздік демалыс орындары
Фото: Zhasalash.kz, Extremal.kz

ТурСтат сарапшылар агенттігі ТМД елдеріндегі жазғы демалысты өткізуге ең қолайлы демалыс орындарының рейтингін жариялады. Тізімдегі үздік үштікке Іле Алатауының баурайындағы "Шымбұлақ" тау шаңғы курорты да енген.

Бұл рейтинг курорттардың танымалдығы мен инфрақұрылымының дамуы және көліктік қолжетімділік бойынша жасалған. Тізімде бірінші орынға Сочидегі "Қызыл алаң" жазылған. Екінші бағанда Іле Алатауы шатқалындағы "Шымбұлақ" тау шаңғы курорты тұр. Үшінші орынға "Қырым" курорты жайғасқан.

Сарапшылардың хабарлауы бойынша, Шымбұлақтың үздіктер қатарына қосылуына Алматы қаласына жақын орналасуы әсер еткен. Демалыс орнына мегаполистің тұрғындары мен туристері, әсіресе жаяу жүргіншілер жиі келеді және олардың саны жыл сайын артып келеді. Бұл жайлы Шымбұлақ курортының даму бойынша бас менеджері Юрий Кохович хабарлады.

"Әрине, бұл жетістіктер ауқымды жұмыстардың нәтижесі. Жыл сайын бізге келушілер саны артып отырғаны рас. Былтыр қыс пен жаз мезгілдерін есептегенде 550 мың адамды қабылдадық. Ал биыл бұл көрсеткіш 100 мыңға артып отыр. Олардың 25 процентінен астамы шетелдіктер", - деді демалыс орнының бас менеджері.

Шымбұлақ – Алматы қаласының орталығынан 25 шақырым қашықта, Іле Алатауы шатқалының 2260 метр биіктігінде орналасқан. Жаз мезгіліндегі орташа температура +20°С, ал қыста -7°С. Қар қабатының орташа деңгейі – 150 см. Кешен 1954 жылы ашылған. Сол жылдан бастап, бұл аумақта тау-шаңғы спортынан кеңестік жарыстар өткізілді. 1976 жылы КСРО кеңесі жанындағы денешынықтыру және спорт жөніндегі комитет шешімі бойынша Кеңес тау шаңғышыларының Олимпиадаға дайындық базасына айналды. 2011 жылы Алматыда өткен Азия ойындарының қарсаңында аймақта күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, әлемнің жетекші курорттарымен теңесе алатын дәрежеге жетті.

А. Қажиев