Шымбұлақтың шақыртуын күтпеңіз!

Шымбұлақтың шақыртуын күтпеңіз!

Жуырда ғана атап өтілген қала күні қарсаңында студент жастар Алматы қаласының «жеті кереметін» анықтаған болатын. Олардың қатарында: Қазақстан Республикасы тұңғыш президентінің саябағы, метрополитен, Шымбұлақ, Шаңғы трамплиндерінің халықаралық кешені, «Сұңқар», Көк-Төбе, Есентай Тауэрс ғимараты бар. Аталған кереметтердің ішінде Алматы атауымен қатар айтылатын «Шымбұлақ» тау-шаңғы курорты бүгінгі саяхатымызға арқау болмақшы. Бірге болыңыз!

Аспанмен таласқан асқар таулардың кереметтей көрінісі, қысы-жазы тау басында жататын сәукеледей аппақ қар, ару қаланың жұмсақ климаты, саф ауа, сұлудың кірпігіндей қаз-қатар тізіле орналасқан шыршалар, сыңғырлаған күлкідей ағып жатқан өзен-бұлақтар, күлімдеген күн – бәрі де Шымбұлақта сізді күтіп тұр. Ендеше, осынша кереметтен мақұрым қалғыңыз келмесе, Шымбұлақтың шақыруын күтпеңіз, өзіңіз іздеп барыңыз дегіміз келеді.

Шымбұлақтың бәрінен де қысы қызық. Желтоқсан-сәуір айлары аралығында аймақты қар басып жатады. Бұл мекенде еш жерде қайталанбайтын атмосфера, ерекше рухани күш жайлаған. Оны өзіңіз барғанда ғана сезіне аласыз. Мұнда демалыстың басқа түрлерінен гөрі, айдындай тайғанақ мұз жолдарын қалайтын шаңғышылар, басыңызды айналдырып таңғалдыратын, экстремалды секіретін және қилы бұрылыстар жасап түсетін батыл сноубордшылар, алаңсыз демалысты сүйетін туристер, қала қонақтары, жергілікті тұрғындар келеді.

Тау шаңғы спортын сүйетіндерді кез келген қажеттегі және шеберлік деңгейдегі тау баурайлары мен шаңғы трассалары, шапшаңдықпен түсетін және слалом – алыптар трассалары, ыңғайлы көтергіштер, тау шаңғы мектебі қуанта алады. Курортқа балаларын алып келетін туристерге ыңғайлы болу үшін, «бэби-лифт» көтергіші бар балалар алаңы құрылған. Курортта қонақ-үй, мейрамхана, боулинг және сауна моншасы бар.

Сондай-ақ, 2000 автокөлікке арналған жерасты автопаркингтер, Медеу мен Шымбұлақ арасында жүретін 4,5 шақырымдық аспалы жолдар салынған. Тау шаңғы трассаларына екі 2 орындық, 1 орындық және бугельді арқан жолдары және тегін буксир көтергіш арқылы көтеріле аласыз.

Отырғышы бар көтермелермен Талғар асуына (теңіз деңгейінен 3163 м биіктіктегі) шығуға болады. Бұл кәсіби шаңғышылардың ұнататын жері, өйткені мұнда асудан түсетін жер өте дөңес. Алғашқыда бұл кешен кеңес тау шаңғышыларының Олимпиадаға дайындық базасы ретінде құрылған. Жарыс жолының ені 25 метр, еңістігі 11-29 градустардың аралығында, сондықтан шаңғышылардың ең жақсы жылдамдық көрсетуіне қолайлы. 

Сізге қызмет ететін бағыттар да әртүрлі: тау шаңғысымен жаңадан танысып жүргендер үшін – жайпауыт трассалар, дайындығы жоғары деңгейдегі сырғанаушылар үшін – ұзақ трассалар, жылдам түсуге арналған – ФИС трассалар, сноубордистер үшін – адам аяғы баспаған қар жамылған алқаптар және халф-пайп, кәсіпқойлар үшін – экстремалды бұрылыстар және бар.

Тағы да бір ауыз толтырып айтар жетістігіміз, бүгінде «Медеу-Шымбұлақ» аспалы жолы – әлем бойынша ұзындығы жағынан үшінші орында. Арқан жолдар сағат 10.00-ден 17.00-ге дейін, күн сайын жұмыс істейді.

Шымбұлақ тау-шаңғы курорты – Алматы қаласының орталығынан 25 шақырым жерде, Іле Алатауы шатқалында 2260 метр биіктігінде орналасқан. Жаз мезгіліндегі орташа температура +20С, ал қыста -7С. Қар қабатының орташа деңгейі 150 см, жылдағы күнге толы күндер 90%. Кешен 1954 жылы ашылған. Шымбұлақта 1950 жылдан бастап, тау-шаңғы спортынан кеңестік жарыстар өткізілді. 1976 жылы КСРО кеңесі жанындағы денешынықтыру және спорт жөніндегі комитет шешімі бойынша кеңес тау шаңғышыларының Олимпиадаға дайындық базасына айналды.

2011 жылы Алматыда өткен Азия ойындарының қарсаңында аймақта күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, әлемнің жетекші курорттарымен теңесе алатын дәрежеге жетті.

Шымбұлақта кездескенше!

Дайындаған және суретке түсірген: Айгерім Сматуллаева