"Пандемия кедергі емес". Қазақстандағы Алтайда қалай демалыс өткізуге болады?

Пандемия бүкіл әлемдегі туризмге қатты әсер етті. Бұған әуежайда жұмыссыз тұрған ұшақтарға қарап-ақ көз жеткізуге болады. Сондықтан биыл қазақстандықтардың жаппай шетелде демалып келуі екіталай. Бірақ "пандемия кедергі емес, бізде де жақсы демалыс өткізуге болады", - дейді отандық туризм. Бұған көз жеткізу үшін Massaget.kz тілшілері Meloman Travel-мен бірге Шығыс Қазақстандағы Алтай өлкесіне барып қайтты.

Ұшақ Өскеменге қона салысымен қонақтарды медицина қызметкерлері қарсы алды. Әр жолаушы коронавирусқа экспресс-тест тапсырып, 5 минутта нәтижесін білді. Тестке сенсек, ешкімде инфекция жоқ.

Жолсөмкемізді алғаннан кейін, Өскеменнің көрнекі жерлеріне тарттық. Ең алдымен Ертіс өзенін көрдік.

Суды көп көре бермейтін алматылықтар үшін өзен жағасы кешкі серуенге арналған керемет жер болып көрінді.

Қалада өзен жағасында серуендеп қоймай, толыққанды демалыс өткізуге де болады екен. Мысалы Өскемен орталығынан 20 минут жүрсеңіз, "Бухта Sunrise" деген әдемі жерге тап боласыз. Резиденция су электр станциясы маңында, Ертіс жағасында орналасқан.

Мұнда демалысқа барлық жағдай жасалған. Таңдауыңызға қарай үлкен вилла, жайлы шале, белсенді демалысқа арналған алаңқайлар, дәмді тағам, қысқасы, не керектің бәрі бар.

Тіпті Ертіс бойымен қалқып жүретін қалқыма үй жалдауға да болады.

Дәл осы жерден Алтай сапары басталды.

Өскеменнен 70 километр ұзағанда, әлемдегі ірі жасанды су қоймаларының бірі Бұқтырмаға жеттік.

Балық аулауға қызығатындар Бұқтырмадан шортаннан бастап ақтабанға дейін аулай алады екен.

Жолда жергілікті балықшылардың дүңгіршегін кездестіруге болады.

Балық аулаудан бөлек Бұқтырмада туристерге арналған орындар бар. Су қоймасын жағалай орналасқан жиырмадан аса демалыс базалары жыл сайын шетелдік туристерді де күтеді.

Мысалы біз барған "Sunrise Скалистый" деп аталатын демалыс орны – бірнеше отбасы жиналып, интернеттен ажырап, табиғатқа тамсанып, су жағасында күнге күйіп тынығатын тамаша жер.

Бұл жердің табиғаты аздап Бурабайға ұқсайды. Бірақ Бұқтырма жағасында өзгеше атмосфера бар. Судан ескен самал жел, түбі жоқ болып көрінетін су көкжиегі, жартас пен жергілікті флора мұхитта жүргендей әсер қалдырады.

Келесі күні Қатон-Қарағайға аттандық. Жүздеген шақырым жол әсте жалықтырмады.

Мысалы тасжолды жағалай өскен қышабас гүлдер құдды табиғат төсеп қойған кілем сияқты.

Қатон-Қарағай ауылы Алтайдың дәмі сіңген қымызбен, құртпен, бауырсақпен қарсы алды.

Қатон-Қарағай атауы осында орналасқан Қазақстандағы ең ірі табиғи паркке де берілген. Парк ауданы жарты миллион гектардан асады.

Бұл – тау өзені мен бұлағын, заңғар тау мен жоталарды, орман мен даланы үйлестірген, түрлі ландшафтты бір бойына жиған мекен.

Ал климаты шұғыл континентті, жазда шыжыған ыстық болса, қыста қақаған аяз. Бірақ ауыл тұрғындарының айтуынша, Қатон-Қарағайдың қысы Алматыдан суық, Нұр-Сұлтаннан сәл жұмсақ.

Ал бұл – бізді күтіп алған ауыл тұрғындарының терезесінен қарағандағы көрініс. "Атаукере" романын қалада жаза алмай қиналып, ауылға келіп, терезесі тауға қарап тұратын бөлмесінде қымызын ішіп отырып жазған Оралхан Бөкейді енді түсінгендей боласың.

Қатон-Қарағайда балдың түр-түрі бар екен. Дәмі ерекше. Оның сыры климат пен өңірдегі өсімдікте дейді омарташылар. Аймақта омартасы бар жеке шаруашылық аз емес.

Ары қарай жолымыз Рахман қайнарына түсті.

Бір сәтке аспандағы бұлт тоқтап қалып, олар да Алтайға сүйсініп, қимай тұрғандай көрінді.

Жолда он шақты жыл бұрын өрттен жапа шеккен ормандар кездесті. Орманның табиғи қалпына келуі үшін жарты ғасыр уақыт керек екен.

Бірақ бұл табиғаттың басқа да тамашасына тамсануға кедергі бола алмады.

Себебі жолда Алтай тауларының ең биік нүктесі Мұзтауды (4506 м) көруге болады. Алайда бұл шың құбылмалы ауа райы мен қалың бұлттың әсерінен көрінбей қалады екен.


Дей тұрғанмен ертесіне қалың қарға оранған Мұзтау шыңы шайдай ашық болды. Жолымыз болып суретке түсіріп алдық.

Рахман қайнары теңіз деңгейінен 1760 метр биікте орналасқан. Бұл мекенді табиғат пен шипаның түйіскен жері деуге болады. Оның шипалы суы ауруына ем іздеп келгендерге медеу болып, келушілер қарасын көбейткен. Соған орай жағалауға санаторий салынған.

Санаторийдегі табиғи судың температурасы +34-тен +42 градус аралығында құбылып тұрады.

Тау ауасы да адамға пайдалы. Орманда балқарағай, сағызқарағай, самырсын, шырша көп өскен. Ал көгал мен даласында қайың, көктерек пен мойыл көп.

Бұл – "Қызыл кітапқа" енген Алтай күнгелдісі.

Алтайдың жануар әлемі де алуан. Аю мен маралдарды көрудің сәті түспеді, есесіне жол-жөнекей жайылып жүрген сиырлардың қасынан түлкіні байқап қалдық.

Біз Алтай сапарында үш-төрт күн ішінде бірнеше көрікті мекенде болдық. Бірақ ұйымдастырушылардың айтуынша, туристер өздерінің жеке бағыты мен көлік түрін таңдай алады екен.

Сапарымыздың толымды әрі қызық өтуіне Meloman Travel-дің ақжарқын гидтері сеп болды. Олар Алтайды өз туған жеріндей біледі, керек десеңіз жергілікті құрттың құрамына дейін айтып бере алады.

"Былтыр Қатон-Қарағайда болғанымда бұл жердің табиғаты, ауасы, энергетикасы мен адамдары көңілге көктем сыйлап еді. Мұндағы адамдар ерекше. Себебі олар ата-баба дәстүрі мен салтын сақтап қалған. Табиғаты да әлісол көркем күйінде. Бұл жерге қанша келсем де жалықпайтын шығармын", - дейді бізбен бірге саяхаттаған Татьяна Реймер.

Расымен, Алтай әр келген сайын жаңа әсер, қуат сыйлайды. Сондықтан болар, "кейін міндетті түрде қайта келемін!" деген ойда қаласың.


Бөлісу:
Пікір қалдыру үшін сайтқа кіріңіз
Өзгерту

Соңғы жаңалықтар

NASA SpaceX миссиясының суреттері
NASA SpaceX миссиясының суреттері
Daily Mail Джордж Флойдты тұтқындау кезіндегі жаңа видео жариялады
Daily Mail Джордж Флойдты тұтқындау кезіндегі жаңа видео жариялады
Коронавирустан айыққандарға пайдалы 5 кеңес
Коронавирустан айыққандарға пайдалы 5 кеңес
COVID-19 жұқтырған аналар баланы емізуді тоқтатпауы керек - ДДСҰ төрағасы
COVID-19 жұқтырған аналар баланы емізуді тоқтатпауы керек - ДДСҰ төрағасы
Икер Касильяс спорттағы мансабын аяқтады
Икер Касильяс спорттағы мансабын аяқтады
Қашықтан жұмыс істеуге ыңғайлы 30 қала
Қашықтан жұмыс істеуге ыңғайлы 30 қала