"Алтай қазынасы". Шварценеггердің атасы салған жол

"Алтай қазынасы". Шварценеггердің атасы салған жол

1-күн: "Алтай қазынасы". Паромға неше көлік сыяды?

2-күн: "Алтай қазынасы". Зайсаннан Марқакөлге дейін 

3-күн: "Алтай қазынасы". Марқакөлдегі көңілді күн

Марқакөл суретші қолынан туған туынды болса, оны көрген жандар шебердің жұмысына тамсанып "Қолындағы бар бояуын аямаған екен" дер еді. Расында, айнала қоршаған таудың ортасында тұрған көл маңы сан алуан түске толы. Көп түстің ішінде, әсіресе, жасыл мен көк басым: көк аспан, көк айдын, көк шалғын, көк зеңгір орман. Басқалары осы екеуіне үйлесімділігіне орай талғаммен қосылған. Тым көп емес, тым аз емес. Тәулік уақыты мен ауа райының өзгеруіне қарай көл мен орман түсі де ауыспалы келеді. Сәті түсіп, құбылмалы күнге тап болсаңыз, көк пен жасылдың сан алуан реңкін көресіз. Таңнан кешке дейін түстердің бірін-бірі алмастырғанын тамашалайсыз.

"Nomad Explorer" бастаған "Алтай қазынасы" экспедициясының үшінші күні көпшілікке сондай мүмкіндік берген. Қызара батқан Күнді де олар ертең ыстық боладыға жорыған еді. Бірақ төртінші күн аспан бұлттанып, айнадай көл сұрланып тұрды. Дегенмен, бұл жайт ешкімнің көңіл-күйін түсірген жоқ. Таң атпастан лагерьдегі қарбалас басталып кетті.

Ұйқыдан тұра салып кей жандар "Шіркін, Марқакөл, неткен ғажап едің!", - деп, осынау табиғат сұлулығына тағы бір тамсана қарауға асықса, енді біреулер көліктерінің дөңгелегін, майы мен қозғалтқышын тексеріп әлектеніп жатты. Экспедиция бүгін бұл маңнан келесі аялға жөнелмек. Алған бағыт та белгілі: Марқакөлден 150 шақырым жердегі Қаракөл.

150 шақырым деген аз болып естілсе де барар жер соншалық жақын емес. Оны алыстатып тұрған қиын жол — тау жолы. Әлгінде ғана жүріп келген "Ескі аустриялық жолдың" жалғасы.

Асутау жотасының түстігінде жатқан бұрын Теректі, қазір Марқакөл аталып жүрген ауылдан басталатын жол Оңтүстік Алтай мен Күршім жоталарын бөліп тұрған аңғардың ішімен Қарақоба өзенін жағалай жүріп, бірнеше шақырымдық жазыққа шығады да, Тарбағатай жотасына өрлеп барып, қайта түсіп, Бұқтырма өзенінің аңғарына жетеді.

Бір ізді, ойқы-шойқы, қауіпке толы жолды жүріп өту, тіпті, асты биік, дөңгелегі берік осындай жерлерге арналған көліктердің өзіне жүруі оңайға соқпайды деп жатты көпшілік. Шынымен солай болып шықты.

Бұл жағдайда мәселе көлікке ғана емес, жүргізушіге де келіп тіреледі екен. Оның тәжірибесі қаншалықты мол болса, жолды жүріп өтуі де соншалықты жеңіл болмақ.

Абырой болғанда, экспедиция сапындағы жүргізушілердің дені мұндай сапарларға жиі шығып тұратын жандар. Сол себепті жолаушылар еш алаңдамай, айналадағы ғаламат көрініске сүйсініп отыра алады.

Айта кету керек, "Ескі аустриялық жолдың" жол деген аты ғана болмаса, заты біз қалада көріп жүрген жолдардан өте алыс. Дегенмен, жасыратын несі бар, елімізде мұндай жолдар жетіп артылады. Сол себепті таңғаларлық дәнеңесі де жоқ.

Көпшілікті расымен таңғалдырғаны тау өзендеріндегі көпірлер болды. Олар көлік ішінде келе жатқан адам бойына үрей тудырады. 

Себебі, терезеден көпір астында тұрған темір тіреу көрінбейді. Ал, үстіне төселген ағаш тақтайлар көліктің салмағын көтермей морт сынатын секілді. Бірақ, олай емес. Көпірлер берік, жағдайы жақсы. Оның үстіне, жақында ғана тексеруден өткен.

Алғашқы өткел экспедицияны Қарақоба өзенін жағалай жүретін жолға түсірді. Енді көліктер су бойымен өрлеп, солтүстікті бетке алды.

Арада бір сағаттан астам уақыт өткеннен кейін тар аңғар аяқталып, жазық жер басталды. 

Бұл Қарақоба өзеніне Таутекелі, Тарбағатай өзендерінің құятын тұсы.

Осы жерде экспедиция мүшелері Оңтүстік Алтайдың ғажап көрінісін тамашалап отырып, Құдайы қонақтарды қуана қарсы алған орманшының үйінде аз уақыт тынығып алмақ.

Тұмса табиғат, таза ауа, үйдің құрт-майы мен кілегейі жанға да, асқазанға да жаққандай. Түскі астан кейін көпшілік қайта жолға шығуға асықпады.

Дегенмен көп демалуға уақыт жоқ. Өйткені таңнан бері құбылған күн райы біржола бұзылған секілді. Жаңбыр жауса, әлі жартысы да жүрілмеген жол қиындай түспек. Мұны экспедиция басшысы Марғұлан Сейсембай елге ескерткеннен кейін көліктер қайта оталды.

Көп кешікпей жаңбыр да жауды. Бұл уақытта экспедиция мүшелері тау арасына бойлап кеткен болатын. Осыдан бір ғасыр бұрын салынған жолмен жүріп келе жатып, олар тарих жайлы әңгіме қозғады. Әңгіме барысында бұл жолды бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде тұтқынға түскен аустриялықтар салғаны, жолдың жобасын аустриялық инженер жасағаны, тұтқындар Патша үкіметі құлағаннан кейін еліне қайтарылғаны, Ян Мицо есімді тұтқынның жергілікті бойжеткенге ғашық болып, еліне қайтпай қалғаны айтылды.

Ең қызығы, ел ішінде бұл жолдың салынуына Арнольд Шварценеггердің бабасы да қатысқан деген ақпарат бар екен. Тарихшылар түрлі деректерді зерттей келе, бұл ақпаратты да негізсіз емес дейді. Өйткені әйгілі "Терминатордың" бабасы соғыс кезінде расымен тұтқынға түскен. Бірақ ол Алтайға келді ме, әлде басқа өңірде болды ма — нақты белгісіз.

Әңгімемен жол қысқарып, "Nomad Explorer" экспедициясы жота басына қалай жеткендерін де байқамай қалды. 

Бұл жерден айналаға керемет көрініс ашылды.

Тауға соққан ақ ұлпа бұлттарға қарап, көпшілік ешқайда кеткілері келмей орындарында қимылсыз тұрып қалды.

Енді сонау төменде жатқан тас жолға жету керек.

Бұқтырма өзенін бойлай салынған бұл жол осы өңірдің ауылдарын өзара байланыстырып тұр. Жолмен батысқа кетсеңіз, Шыңғыстай, Қатон-Қарағай, Алтынбел деген ауылдарды басып өтіп, Үлкен Нарынға жете аласыз. Сол жерден облыстың басқа елді-мекендеріне апаратын бірнеше жол шығады. Шығысқа кетсеңіз, Өрел, Берел, Аршатыға барасыз. Біздің бағыт: шығыс.

Жол бойына өскен гүл...

"Ескі аустриялық жолды" артқа тастап, шығысты бетке алған экседиция Өрел ауылына жақындаған кезде шекарашылар тарапынан тағы бір тексеруден өтті. 

Бұл жолы көліктер Ресейге жақын шекаралық аймаққа өтіп бара жатқан еді.

Екі мыңға жетер-жетпес халқы бар Өрел Тарбағатай жотасының етегінде, Бұқтырма өзенінің солтүстік жағасында жатқан ауыл екен. 

Оны өткеннен кейін жол ирелеңдеп келіп, солтүстікке бұрылады да тау арасына кіріп кетеді.

Артынша отыз шақырымдай асфальт жол жалғасады.

Кейін бәрімізге үйреншікті қара жол қайта басталады. 

Экспедиция сол қара жолға түскен шақта кеш те батқан еді. Тау етегі тұманданып тұрса да, аспан ашық болатын. Бұл Қаракөлге апаратын жолдың соңғы 18 шақырымы. 

Көп көлік осы 18 шақырымды жүріп өту үшін 2 сағаттан астам уақыт жұмсады. "Nomad explorer" Қаракөлге жеткенде дала біршама қараңғы болып қалған еді. Айналаны аздап жарықтандырып тұрған аспандағы Ай ғана. Ел 10 сағаттық жолдан шаршағанына қарамастан көл де, кешкі тамақ та күте тұрады деп шатырларын құруға асықты. Асығатындай жөні бар — дала суық. Дорбалардан қалың күртешелер, бас киімдер шығарылып, лагерьдегі кешкі қарбалас басталып кетті.

"Алтай қазынасы" экспедициясының төртінші күні осылай өз мәресіне жетті. Бұл күн толығымен жолда өтсе де экспедиция мүшелеріне берері мол болды. Көпшілік табиғатқа сүйсініп, тарихтан сусындады. Өздерінің Алтай деген ғажап өлкеде жүргендерін олар енді ғана сезінгендей...

Жалғасы:

5-күн: "Алтай қазынасы". Қаракөлдің ғажап табиғаты мен Арасан қайнары

6-күн: "Алтай қазынасы". Қазақстанның шығыстағы ең шеткі нүктесі

7-күн: "Алтай қазынасы". Берел қорымы мен Оралхан Бөкейдің үйі