Оқи отырыңыз

Өзіңе ұнаған кәсібіңмен шұғылдансаң, өз ұлтыңның туын көкке көтере алсаң – бақыт деген осы!

Автор: Асқар Жұмаділдаев

— Редактор бағаны —

Грант құтты болсын,
Грант құтты болсын, "балмұздақ"!

Автор: Ербол Жұмабайұлы

Статус: Massaget.kz порталының Бас редакторы

Материал жіберу БЛОГ ЖАЗУ
Негізгі / Фоторепортаждар / "Алтай қазынасы". Зайсаннан Марқакөлге дейін

"Алтай қазынасы". Зайсаннан Марқакөлге дейін

1-күн: "Алтай қазынасы". Паромға неше көлік сыяды?

Аспан бұлтты. Оңтүстіктен самал жел соғып тұр. Күн ұясынан әлі шықпаса да, айнала жарық еді. Жағаға ұрып, кейін серпілген толқын дыбысы құлақ құрышын қандырады. Бұл – арғы беті бұлдырап көрінетін, ұзыннан ұзақ созылған Зайсан көлінің толқыны. Оңтүстік Алтай мен Сауыр, Тарбағатай жоталары арасындағы ойыста жатқан Зайсан еліміздегі ең ірі көлдердің қатарына кіреді. Оның ұзындығы 105 шақырым, ені 22-ден 48 шақырымға дейін жетеді. Суы тұщы, балығы көп.

Шығыс Қазақстандағы алғашқы күнінен алған әсерлерімен бөлісіп, бір-бірімен танысып түн ортасына дейін әңгіме-дүкен құрған "Алтай қазынасы" экспедициясының мүшелері қатты шаршаса керек, бұл уақытта әлі ұйқыда жатқан болатын.

Бірінші болып балықшылар мен фотографтар оянды. Олардың ерте тұрғандағы өз мақсаттары бар еді. Алғашқылар сәтті түсімге дәмеленсе, кейінгілер сол сәттен әдемі кадр шығаруға үмітті. 

Көп кешікпей экспедицияның басқа мүшелері де шатырларынан шыға бастады. Осылайша лагерьдің қарбаласы басталып кетті.

Таңғы астан кейінгі ең басты шаруа айналаны қоқыстан тазарту болды. Бұл "Nomad Explorer" келгенге дейін жатқан қоқыс екенін де айта кеткеніміз жөн шығар. Бұдан былай экспедиция мүшелері тоқтаған жерлерін тазалап тұруды дәстүрге айналдырмақ.

Қуанарлығы, бұл шараны "Nomad Explorer"-дің барлық мүшесі қолдады.

Өкініштісі, жағадан бір төбе қоқыс шықты. Оның ішінде қарапайым пластик бөтелкелерден балық аулайтын қытай торларына дейін бар.

Жаға толығымен тазаланып, қоқыс өртелгеннен кейін экспедиция басшысы Марғұлан Сейсембай көпшілікке күн жоспарын баяндады. 

Жоспар бойынша, көліктердің біраз бөлігі бүгін таулы аймақпен өтетін аса қиын жолмен 200 шақырымнан астам жер жүріп өтпек. Алған бағыт: Марқакөл. Ендеше, кеттік!

Әлбетте, Марқакөлге жеткенге дейін де тоқтайтын бірнеше нысан бар. Соның алғашқысын көргенде көпшілік таңданыстарын жасыра алмады.

Бұл негізінен қызғылт түске боялған, көздің жауын алатын Марсқа ұқсайтын ерекше мекендердің бірі — Қиын-Керіш еді. Бір қарағанда Ұлытаудағы Ақжар (Ақжал) тауларына ұқсастығы болғанымен, Қиын-Керіштің өзіне тән сұлулығы бар.

Геологтар мен археологтарды, суретшілерді баурайтын бұл жер Зайсан көлінің солтүстік-шығысында орналасқан. 

Кейде оны "Жалынды жар" деп те атап жатады. Ол атау жаздың аптап ыстығында бұл маң сағымданып, лаулап тұрған оттай көрінетіндіктен қойылса керек.

Қиын-Керішті тамашалап, естелік суретке түскеннен кейін экспедиция қайта жолға шықты. 

Көп көлік Марқакөл (2016 жылға дейін Теректі) ауылынан өтіп, Қазақстан мен Қытай шекарасына жақын орналасқан Мойылды ауылына жеткенде түс уақыты да болған еді.

Шекаралық аймақ болып есептелетіндіктен бұл маңды үнемі шекара қызметінің сарбаздары бақылауда ұстайды. Сол себепті де жолмен ары-бері жүру үшін міндетті түрде құжат көрсету керек. 

Мойылдыдан өткеннен кейін ирелеңдеген тау жолы да басталды. Бұл жолды бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде тұтқынға түскен аустриялықтар салған. Сол себепті де ол қазіргі күні "Ескі аустриялық жол" ("Аустриялық жол", "Староавстрийка") деп аталады.

Атауындағы "ескі" деген сөз жолдың ертеде салынғандығымен қатар, жөндеусіз жатқанына да біраз болғанын меңзейтін секілді. Расымен, онымен жүру өте қиын. Тіпті, кей тұстарын жол талғамайтын көліктер де әрең өтеді. Білгіштердің: "Бұл тек басы ғана, нағыз шытырман Ұранқайдан кейін басталады" дегенін естіп, көпшілік шоши түсті.

Ұранқай демекші, араға уақыт салып экспедиция Марқакөлдің жағасында тұрған сол бір ғажап ауылға да жетті. Бірақ тоқтамай өтіп кетті. Себебі, кеш батуға жақын еді. Ал, лагерь әлі құрылған жоқ. Оның үстіне "Nomad Explorer" мүшелері бұл маңда екі түн түнейді деген жоспар бар болатын. Демек, Ұранқайға қайта соғуға уақыт болады. Айтпақшы, енді репортажымызда "тамаша, ғажап, керемет, әдемі, таңғажайып" деген сөздердің көп болатынын алдын ала ескертеміз. 

Ұранқайды басып өткеннен кейін тамаша көрініс басталды. Күршім мен Асутау жоталарының ортасындағы Марқакөл көлі теңіз деңгейінен 1447 метр биіктікте орналасқан. 

Ол көрген жанға ерекше әсер береді. Дәл осы сәтте осы жерде тұрғаныңа қуанасың, тебіренесің. Табиғаттың сұлулығына көзің тоймайды. Қарай бергің келеді, қарай бергің... 

Соны ескерсе керек, жолбасшылар бүгін көл жағасына тұрақтауды дұрыс деп тапты.

Әп сәтте көліктер қонақтарға арналып тігілген киіз үйлері бар алаңқайға қаз қатар тізіліп тұра қалды. Шатырлар көтерілді, лагерь кешкі шаруаға қызу кірісті.

Балалар айналаны шолып, ойын ойнап, мәз-мейрам болды. 

Үлкендер жағы жұмыстың бәрін реттегеннен кейін кешкі асқа отырды.

Ет жеп, қымыз ішкен көпшілік түн ортасына дейін әңгіме айтып, көрген қызықтарын, жол жағдайын сөз етіп, ертеңгі жоспарды талқылап болғаннан кейін ғана ұйқыға жатты. 

Осылайша "Алтай қазынасы" экспедициясының екінші күні де өз мәресіне жетті. Абырой болғанда, жол қиындығына қарамастан бұл күні келеңсіз жағдай болған жоқ.  Кешқұрым аспанға бұлт үйіріліп, дәл қазір жаңбыр тамшылап тұрғанын есептемегенде, бәрі ел күткеннен әлдеқайда сәтті өтті. Жауын түнімен жауса да, бастысы ертең тоқтаса болғаны...

Жалғасы:

3-күн: "Алтай қазынасы". Марқакөлдегі көңілді күн

Ілмек сөздер: Алтай қазынасы, Зайсан, Марқакөл, ескі австриялық жол, Шығыс Қазақстан, Алтай, саяхат, экспедиция, Ұранқай, Урунхайка,

2
Рейтинг: +4

Дайындаған: Yernar Almabek
Қосылған күні:05 қыркүйек, 17:01
Тегтер: Алтай қазынасы, Зайсан, Марқакөл, ескі австриялық жол, Шығыс Қазақстан, Алтай, саяхат, экспедиция, Ұранқай, Урунхайка,

Пікірлер
+1
05 қыркүйек, 17:48

Марқакөл керемет!!!

+1
05 қыркүйек, 18:40

Суреттер ғажап...

Пікір білдіру:

Пікір қалдыру үшін тіркеліңіз немесе сайтқа кіріңіз.

Әлеуметтік желі арқылы кіру: