Ернар Әуезовтің бастамасымен дүниеге келген қорық

Ернар Әуезовтің бастамасымен дүниеге келген қорық
Фото: google.kz

Туристік саланы 2020 жылға дейін дамыту мәселесі алға қойылғалы бері еліміздің елеусіз қалған табиғи құндылықтарының белсенділігі артып келеді. Сирек кездесетін жануарлар мен өсімдіктерді қорғауға арналған мемлекеттік қорықтардың еліміз үшін маңызы жоғары. Жүгірген аңды тұзақпен ұстап, ұшқан құсты мылтықпен атып жүргендер қорық қызметкерлерінен қорықпай жүргеніне не себеп? 

Қазақстандағы мемлекеттік табиғи қорықтар саны – 10. Қазақстан осы көрсеткішпен ТМД елдерінің арасында 16-орында тұр. Кең байтақ жерге ие біздің еліміз үшін он қорық әлі де аздық етеді. Табиғатты қорғау өкілдерінің ұсынысы бойынша қорық санын арттыру мәселесі жоспарға енгізілген. Қорықтың негізгі мақсаты өңірдегі саны азайып бара жатқан жануарлар мен өсімдіктерді сақтап қалып, көбеюіне жағдай жасау.

Он қорықтың қатарын толтырып, «құс базары» атанып кеткен Алакөл мемлекеттік қорығы 1998 жылдың 21 сәуірінен бері жұмыс істеп келеді. Ол Алматы облысының Алакөл ауданында орналасқан. Кішкене бөлігі Шығыс Қазақстан облысына да тиесілі. Табиғаты тамаша аймақта орналасқан қорықтың аумағы – 65 672 га. Бұл мекеменің құрылуы мен қарқынды жұмыс жасауына қазақтың тұңғыш орнитологі, ғалым Ернар Әуезов көп еңбек сіңірді. Әуезов деген тегі бар тектінің ұлы Алакөл аймағының халқы үшін мақтанып айтар тұлға. Бұл өңір табиғатының ашылмаған құпияларын зерттеуге ынтық болған жас ғалым 1971 жылы «Реликті шағала» қорықшасын құрады.

Реликті шағала – әлемнің тек екі жерін ғана мекен ететін, саны мүлдем аз, «Қызыл кітапқа» енгізілген жұдырықтай ғана құс. Сол мекеннің бірі – Үндістанның кішкентай көлшіктері болса, екіншісі – Алакөл аралдары. Реликті шағала адам аяғы баспайтын көл ортасындағы Аралтөбелерде қия тастардың арасына жұмыртқа басады.

Алакөл – Қазақстан Республикасы Үкіметі 1998 жылы 21 сәуірде №355 қаулысы бойынша құрылған мемлекеттік табиғи қорық. Алғашында ең шағын көлемді болған қорықтың қазіргі таңда аумағы кеңейтілген.

Табиғат – қоғамның байлығы. Осы күнге дейін әдемі, көркем, бай, құнды қалпын сақтап келгенімен, адамның қорғауы болмаса, ресурстары сарқылып қалуы да мүмкін. Сондықтан, адам болғандықтан адал болуды ескерейік. Табиғатқа деген адалдығыңыз артар болса, ішкі санаңыз серпілері анық.

А. Қажиев