Су асты. Алакөлдің түбіне кеткен қала
Фото: google.kz

Су асты. Алакөлдің түбіне кеткен қала

Республиканың туристік саласын дамыту тұжырымдамасын 2020 жылға дейін орындау мақсатында Алакөл көлінің туристік әлеуеті жақсарып келеді. 

Шығыс Қазақстан және Алматы облысының дәл ортасында орналасқан емдік қасиеті мол көлдің туристері жылдан-жылға көбейіп келеді. Көлдің Алматы облысына қарасты бөлігінде туристік инфрақұрылымды дамытуға соңғы жылдары баса назар аударылуда. Бұған негізгі себеп – Елбасының ішкі туризмді дамытуға байланысты облыс басшылығына берген тапсырмасы. 

Жаз мезгілінде Алакөлге ағылатын демалушылардың саны 2017 жылы 500 мыңнан асқан. Қонақтардың 80 пайызы қазақстандықтар болса, қалған 20 пайызды шетелдік туристер құрап тұр. Алакөлді көбінесе, егде жастағы адамдар бар жұмысын ысырып, арнайы іздеп келеді. Демалу үшін емес, ем алу үшін. Шипалық қасиеті мол бұл көлге бір сүңгіп шықсаңыз, денеңіздегі жара, дақтардан арыласыз. Шипалық қасиетінің негізгі себебі, судың құрамында минералдық ресурстар, йод, тұз, химиялық элементтер өте көп. Бұған күмән келтірсеңіз, тарихи деректер сізді бұл ақпаратқа еріксіз сендіреді. 


Жарты әлемнің билеушісі болған Шыңғыс хан өзінің жаралы әскерін Жоңғар қақпасы арқылы Алакөлдің емдік суына шомылуға әкеліп отырған. Жауынгердің денесіндегі қылыш тілім орындардан арылтып, жер қайысар қалың қолының ауру-сырқаудан аулақ жүруі үшін осы рәсімді дәстүрге айналдырған. Ал ол кездегі Алакөлдің атауы «Түрге-Нұр» еді. Бұл атаудың моңғол тілінен аудармасы «Көпір көл» деген мағынаны білдіреді. Осыған дейін көлдің бірнеше атауы болған. «Алакта», «Алактагөл», «Ала теңіз», «Гаган», «Қимақтар теңізі» деп аталған бүгінгі Алакөл табиғи рельефі сұлу қазаншұңқырға жатады. 

Ертеректе Жібек жолының керуендері көл жағасын басып өткендіктен, оның суы мен ауасы ұзақ жолдан әлсіреген, науқас адамдардың денсаулығын құр аттай етіп, емдеп жіберетіндігі ерте кезден белгілі болған. Осы қасиетінен хабардар болған Кеңес Үкіметі өз тұсында осы мекенде «ғарышкерлер үйін» тұрғызған. Бұл жерде тек кеңестік ғарышкерлер ғана емес, әуеден оралған өзге елдің ғарышкерлері де бойындағы радияциядан арылу үшін ем қабылдаған. 

Орта ғасырлық зерттеушілердің де назарынан тыс қалмаған бұл көлдің жағалауына еуропалық Плано Карпини, Гильом де Рубрук сияқты саяхатшылар «Қарақорым сапары» кезінде арнайы келіп естеліктер қалдырған. Ең қызықтысы, араға 7 ғасыр тастап Гильом де Рубруктың ұрпағы Кэтрин есімді фрацуз әйелі бабасының жүрген жолымен сапарға шыққан. 1992 жылы Алакөл аймағына келген Кэтрин жергілікті басшылармен кездесіп, бұл көлдің жағасында осыдан 7 ғасыр бұрын «Омыл» деген қала болғанын жеткізіпті. Өкінішке орай, ол аймақты су шайып кетуіне байланысты бұл қала қазір су астында жатыр. 

Айдынды Алакөлдің тарихы мен туризмін толыққанды жазар болсақ, бұл шағын материал том-том романдарға ұласып кетер. Сондықтан, бұл өңірдің тарихына деген оқырманның қызығушылығын құлдыратпау үшін, қалған ақпараттарды алдағы уақытта шығарамыз. 

Дайындаған: Аслан Қажиев

Massaget