Қазақстанға келмеген әлемдік брендтер #2

Қазақстанға келмеген әлемдік брендтер #2
Фото: www.popsci.com

Кейбір елдерге онша белгілі бола қоймаған брендтік өнімдер туралы шетел асып келген азаматтар үлкен құлшыныспен айтып жататыны белгілі. Жаһандану үдерісінде отандық өнім жылдам халықаралық статусқа ие бола алады. Әйткенмен де, қоғамның аталған бренд өніміне сұранысы мен салықтық мөлшерлемелер кедергілік танытып жатады. Одан бөлек, халықаралық брендті белгілі бір халыққа таныту үшін жергілікті кәсіпкерлер оның франшизасын иемденуі тиіс. Сол себепті де көптеген брендтер Қазақстан нарығына әлі келіп үлгермеген.

Шетелде жүріп, McDonalds, Subway, Taco bell және Starbucks сынды ресторандар желісінен дәм татқан болсақ, кейбіріміз атауларын ғана есіткенбіз. Ендеше алдағы уақытта Қазақстанға келетін халықаралық деңгейдегі брендтер туралы тоқтала кетсек.

Басы

Starbucks

Қазақ еліне онша белгілі бола қоймаған Starbucks компаниясы кофенің сұрыпталған дәнін шығарумен айналысып, оның түрлерін дайындайтын мейрамханалар торабына иелік етеді.

Атауы америкалық жазушы Герман Мелвиллдің «Моби Дик» романындағы кейіпкердің есімінен алынған Starbucks компаниясы өзінің алғашқы ресторанын 1971 жылы Сиэтл қаласында ашады. Ресторан негізін кофеге құмар ағылшын тілі мұғалімі Джерри Болдуин, тарих пәні мұғалімі Зев Зигал және жазушы Гордон Боукер қалайды. Олардың басты мақсаты кофе дәндерін сатумен айналысатын жеке дүкенін ашу болған. Кейіннен АҚШ-тың қарапайым азаматтары дүкенге қызмет көрсету жүйесін қосып, оны ресторанға айналдырады.

Компания 1996 жылға дейін тек АҚШ территориясында ресторан желілерін көбейтеді. Ал қазіргі таңда оның 60 елде 20 мыңнан астам ресторандары бар. Starbucks ресторандар желісінің франшизасын сатып алған қазақстандық компания келесі жылдың басында Алматы қаласында кофе дәмханасын ашуды жоспарлап отыр.

Dr Pepper

Dr Pepper — көбіне АҚШ азаматтары арасында танымал газды сусын. Аталған сауда брендін Snapple Group компаниясы шығарады. Dr Pepper диета тұтатын, дегенмен кола ішпесе тұра алмайтын адамдарға арналған.

Сусын атауы шығуының бірнеше тарихи нұсқасы бар. Кейбіреулер Вирджиния штатына белгілі Чарльз Пеппер есімді дәрігердің құрметіне қойылған деп білсе, тағы біреулері оны адамға қуат беретін дәрігер қызметін атқаратындықтан осылай аталғанына сенеді.

1950 жылы "Dr" қысқартуынан кейінгі нүкте стилистикалық қателік болып саналғанымен, оқуға оңай болуы үшін алып тасталады.

Taco bell

Алғашқы Taco Bell ресторанын 1962 жылы Глен Белл есімді америкалық кәсіпкер ашады. Екі жылдан кейін мексикалық тағамдарды ұсынатын компанияның ауқымы кеңейіп, франшизаға сұраныс көбейеді. 1978 жылы PepsiCo корпорациясы Taco Bell ресторандар желісін толығымен сатып алады. Бүгінгі таңда әлемнің 20 елінде 6 000 Taco Bell рестораны қызмет көрсетеді.

Ресторандар желісі АҚШ, Канада (1981 жылы), Аустралия (1981 жылы), Қытай, Ұлыбритания (1986 жылы, Еуропадағы тұңғыш Taco Bell рестораны), Германия, Исландия, Филиппин, Сингапур, Оңтүстік Корея, Кипр сынды елдерде қызмет көрсетеді.

Taco bell буррито, тако, начос, мексикалық пицца сынды жылдам дайындалатын тағамдарымен әйгілі. АҚШ пен Канадада испан текті азаматтар көп болғандықтан Taco bell компаниясына бәсекелестік тудыратын Taco Bueno, Taco Cabana, Taco del Mar, Taco John's, Taco Mayo, Taco Palenque, Taco Tico, Taco Time, Del Taco сынды ресторан желілері бар. 

Ж. Өрісбай