Марста алғаш рет оттегі өндірілді

Perseverance роверіндегі сынама қондырғы Марста оттегі өндірді. Бұл туралы NASA хабарлады.

MOXIE құрылғысы оттегі атомдарын көмірқышқыл газы молекулаларынан бөліп, оларды атмосфераға шығарады.

Бұл құрылғы 5,4 грамм оттегі өндірген. Зерттеушілердің пікірінше, оо арқылы адам он минут тыныс ала алады. Құрылғы сағатына он грамға дейін оттегі өндіреді.

Марстағы атмосфера қысымы Жерге қарағанда 170 есе аз, нәтижесінде Қызыл ғаламшардағы ауаның құрамында парниктік газдың үлесі 95 пайыз.

Perseverance ровері 19 ақпанда Марсқа қонған болатын. Оны Америка Құрама Штаттарының аэронавтика және ғарыш ұлттық басқармасы (NASA) тікелей эфирде көрсетті.

Қону шамамен жеті минутқа созылған. Қонған кездегі зондтағы барлық операциялар автоматты түрде жүзеге асырылған. Құрылғы жылдамдығын төмендету үшін парашютын ашқан, содан кейін жоғары температура әсерінен қорғауға арналған зонд корпусы ажыратылған. Қонудың соңғы кезеңінде құрылғының тежегіші жақсы жұмыс істеп, содан кейін зонд болат арқан арқылы планетаның бетіне түсірілген.

Құрылғыны қондыру Езеро кратерінде жоспарланған, ол жерден ғалымдар ертеректе өзен орнын анықтаған. Ғалымдардың пайымдауынша, тіршілік іздері кратерде сақталып қалуы мүмкін. Perseverance оларды іздейді.

Қонғаннан кейін, зонд Марстың алғашқы түрлі-түсті суретін жіберді. Atlas V зымыран тасығышы Perseverance зонды мен Ingenuity тікұшағын 2020 жыл 30 шілдеде алып ұшқан.

Айта кетейік, 19 сәуір күні Ingenuity тікұшағы Марста алғаш рет ұшты. Тікұшақ планета деңгейінен үш метр биіктікке көтеріліп, ауада жарты минут тұрды, содан кейін қайта оралған.

Ingenuity – 1,2 метрлік диаметрі, екі қанатты ұшатын құрылғы. Әуе рейсі 11 сәуірге жоспарланған, бірақ бағдарламалық жасақтаманың бұзылуына байланысты кейінге қалдырылған.

Ingenuity жақын күндері бірнеше рейс жасап, планетаны суретке түсіреді.