NASA зонды Марсқа қонды (видео)

NASA зонды Марсқа қонды (видео)

Америкалық Perseverance зерттеу құрылғысы Марсқа сәтті қонды. Оны Америка Құрама Штаттарының аэронавтика және ғарыш ұлттық басқармасы (NASA) тікелей эфирде көрсетті.

Қону шамамен жеті минутқа созылған. Қонған кездегі зондтағы барлық операциялар автоматты түрде жүзеге асырылған. Құрылғы жылдамдығын төмендету үшін парашютын ашқан, содан кейін жоғары температура әсерінен қорғауға арналған зонд корпусы ажыратылған. Қонудың соңғы кезеңінде құрылғының тежегіші жақсы жұмыс істеп, содан кейін зонд болат арқан арқылы планетаның бетіне түсірілген.

Құрылғыны қондыру Езеро кратерінде жоспарланған, ол жерден ғалымдар ертеректе өзен орнын анықтаған. Ғалымдардың пайымдауынша, тіршілік іздері кратерде сақталып қалуы мүмкін. Perseverance оларды іздейді.

Қонғаннан кейін, зонд Марстың алғашқы суретін жіберді. NASA сонымен қатар 22 ақпанда құрылғы камерасынан видео жариялауға уәде берді, ал бірнеше аптадан кейін зондтың барлық камералары арқылы түсірілген қону процесінің бейнесін жариялайды.

Айта кетейік, Atlas V зымыран тасығышы Perseverance зонды мен Ingenuity тікұшағын 2020 жыл 30 шілдеде алып ұшқан. Зымыран Канаверал мүйісіндегі ғарыш айлағынан АҚШ шығыс жағалауы уақытымен сағат 07:50-де (Нұр-Сұлтан уақытымен 11:50) ұшырылды. NASA миссиясының сипаттамасында құрылғы ежелгі микробтық тіршілік белгілерін іздейді, планетаның геологиясы мен климатын зерттейді, Марстың жыныстары мен шөгінділерінің үлгілерін жинап, Жерге алып келеді деп айтылған.

Т. Раушанұлы