Карантинде көз саулығы жайлы ұмытпаңыз

Карантинде көз саулығы жайлы ұмытпаңыз
Фото: hotgeo.ru

Қазір біраз адам үйден жұмыс істеуге көшкен. Жұмысы уақытша тоқтағандар да уақытты теледидардан бағдарламалар қараумен, компьютерлік ойындар ойнаумен және ұялы телефоннан әлеуметтік желілерге кірумен өткізіп жатқаны құпиясы емес. Мұның барлығы көз саулығына кері әсер етпей қоймайды. Сондықтан көзге арналған жаттығулар жасауды әдетке айналдырып, рационға көз саулығына қажетті кей азық-түліктерді қосқан жөн.

Көпшілік жас ұлғая келе көздің көруі автоматты түрде нашарлайды деген қате пікірге сенеді. Көздің сау болуы күтімге де байланысты. Ол үшін жыл сайын окулист маманына көріну керек және рационыңызға лютеин мен зеаксантинге бай өнімдер қосу керек. Бұл қоректі заттар көздің созылмалы ауруларға тап болмауына көмектеседі. Сондай-ақ С және Е дәрумені, бета-каротин, мырыш және омега-3 майлы қышқылдарына бай диеталар көру органдарын жас өзгерістерінен қорғайтынын дәлелдеген зерттеулер көп.

Көз саулығына мына өнімдер пайдалы:

1. Көкөністер
Қырыққабат, асжапырақ (шпинат) және салат жапырақтары антиоксиданттарға және дәрумендерге бай. Қырыққабат – бета-каротин, лютеин және зеаксантиннің керемет көзі. Сондықтан оны омлетке немесе гарнирге қосуға, жеміс смузиіне араластыруға немесе қырыққабат қытырлағын (чипсы) дайындауға қолдануға болады. Асжапырақта 20,4 мг лютеин мен зеаксантин бар. Оның жапырақтарынан салат жасауға немесе смузи жасауға болады.

2. Жұмыртқа
Күнді жұмыртқадан жасалған таңғы аспен бастау жақсы дәстүр. Себебі олар лютеин, Е дәрумені және омега-3 майлы қышқылдарына бай.

3. Балық
Құрамында омега-3 майлы қышқылдар деңгейі көбірек болатын майлы балық таңдаған жөн. Мысалы, рационыңызға тунец, албырт, алабалық, сардина, майшабақ және скумбрия қосыңыз.

4. Жаңғақтар мен бұршақтылар
Жаңғақтар көз саулығына өте пайдалы. Сондықтан тіскебасар ретінде жаңғақтар жеген дұрыс. Жаңғақтардың құрамында Е дәрумені де көп, ол көзді жас ұлғая келе пайда болатын зақымдардан қорғайды. Бұршақтылардың арасынан жасымық көзге өте пайдалы.

5. Дәндер
Дәндер де омега-3 қышқылына және Е дәруменіне бай. Сондықтан чиа, зығыр немесе асқабақ дәндерін сорпа, салат немесе смузилерге қосып жеген жөн.

6. Сәбіз
Сәбіздің көзге пайдалы екенін анаңыздан естіген боларсыз. Оның айтқаны дұрыс, себебі сәбіз А дәрумені мен бета-каротинге бай. А дәрумені – родопсин деп аталатын ақуыздың құрауышы. Ол көз торына жарықты жұтуға көмектеседі. Бета-каротин сәбізді қызғылт-сары түске бояйды және ағзаға қоректі заттардың сіңуіне көмектеседі.

7. Цитрус
Цитрус жемістер бізге ең алдымен С дәруменінің көзі ретінде таныс. Бірақ олардың құрамында Е дәрумені де көп.

8. Тәтті картоп
Тәтті картоп бета-каротинге және Е дәруменіне бай. Оны салаттарға, сорпаларға немесе гарнирлерге пайдалануға болады.

9. Сиыр еті
Сиыр еті көзге пайдалы мырышқа бай. Зерттеулер бойынша, мырыш сары дақтың даму процесін баяулатады. Адам көзінде, әсіресе, көз торы мен тамырлы тінде мырыштың көп мөлшері болады. Сондықтан құрамында мырышы бар тағамды жеу оларды ұстап тұруға және  қатайтуға көмектеседі.

10. Су
Су жалпы өмір сүруге және жекелей алғанда, көзге өте қажет. Егер су көп ішсеңіз, сусыздану, бас ауруы және көз құрғауы секілді жағымсыздықтарға жолықпайсыз.

Көз саулығын ұстап тұру үшін тек оған пайдалы азық-түліктер жеу жеткіліксіз. Сондықтан экранның алдында отыратын уақытыңызға шектеу қойыңыз, көзді әдейі жыпылықтатуды ұмытпаңыз және көз жаттығуларын жасаңыз.

Ағзаға омега-3 жетіспеуінің 5 белгісі

А. Жапатова