Бас ауырғанын басу үшін не жеу керек?

Бас ауырғанын басу үшін не жеу керек?
Фото: pixabay.com

Кенеттен басыңыз ауырса, бірақ ағзаңызды дәріге үйреткіңіз келмесе, не істеуге болады?

Бас ауруын халық емі арқылы немесе басқа да жолмен кетіруге тырыспас бұрын оның түрін дұрыс анықтап, түсініп алған жөн. Егер бас сақинасы бар немесе созылмалы бас ауруы бар адамдар тобына жатсаңыз, дәрігермен кеңесіп, дәрі ішу керек. Тұмаудың себебінен басыңыз ауырса, тұмаумен күресу жолдарын қарастырыңыз. Кейде бас миы қан тамырларының қысылуы, шаш түбінің ауруы, бас миы жасушаларына оттек жетіспеу, сусыздану және шаршаудан да бас ауырады. Бұл жағдайларда дәрі ішпей-ақ оны басқа әдістермен кетіруге болады.

1. Магний
Магний – қан тамырларға жағымды әсер ететін микроэлементтердің бірі. Ол оларды тарылтып қана қоймай, оттекпен қанықтырады. Сондықтан аяқ астынан басыңыз ауырса, құрамында магний бар өнім жеңіз. Мысалы, банан, кепкен өрік, бірнеше қасық қарақұмық, бадам, кешью жеңіз немесе шемішке шағыңыз.

2. Калий
Кейде аз су ішкеннен де бас ауырады. Ал ағзаға су жетіспесе, қан мен лимфаны қанықтыратын калий де жетіспейді. Сондықтан оның орнын толтыру үшін және бас ауырғанын кетіру үшін осы микроэлементке бай өнімдер жеу керек. Олардың арасында ең бастыларының бірі – қабығымен бірге буға піскен картоп. Сондай-ақ апельсин жеуге болады. Міндетті түрде бөлме температурасындағы су ішу керек. Бұл кезде томат шырыны, қызанақ, айран, йогурт, кепкен жемістер мен теңіз өнімдері де жақсы көмектеседі.

3. Қанты бар қара шай
Тәтті қара шай бас ауырғанды кетіруге көмектеседі. Шайдағы илік заттар қантпен біріккенде микробтарға қарсы және ауырсынуды басатын катехиндер бөледі. Бұл заттар қан тамырларға жағымды әсер етіп, оларды қалыпқа келтіреді.

4. Кальций
Егер шаш түбімен қоса барлық басыңыз ауырса, ол кальций жетіспеуімен байланысты болуы мүмкін. Сондықтан бір таблетка кальций ішіңіз немесе бөлме температурасындағы бір стақан айран ішіңіз. Сол секілді құрамында кальций бар басқа да өнімдерге мән беріңіз.

5. Эстроген
Әйелдерде эстроген гормоны деңгейі азайғанда жиі бастары ауырады. Мұндай кезде маманға қаралу керек. Бірақ бас ауырғанды уақытша әрі жылдам кетіру үшін эстрогенге, Е дәруменіне және майлы қышқылдарға бай өнімдер жеуге болады. Мысалы: алма, зәйтүн майы, соялық өнімдер, бұршақтылар, қызыл балық, грек жаңғағы, жержаңғақ, пісте, кепкен қараөрік және өрік.

А. Жапатова