Ерлер vs әйелдер: Кім қалай ұйықтайды?

Ерлер vs әйелдер: Кім қалай ұйықтайды?
Фото: caelle.com

Сөзсіз, еркектер мен әйелдер бір-біріне ұқсамайды. Оларда анатомия жағынан да, психология жағынан да үлкен айырмашылық бар. Соның ішінде, кім қалай ұйықтайтындығына назар салып көрейік.

Бірнеше зерттеулер барысында өзін жақсы сезіну үшін әйелдерге еркектерге қарағанда көбірек ұйықтау керектігі анықталды. Зерттеулер нәтижесі бойынша, орташа есеппен әйел ағзасына 20 минут көбірек ұйықтау керек. Неліктен олай? Ғалымдардың айтуынша, әйелдер күнделікті түрлі міндеттерге жиі ауысатындықтан милары тезірек шаршайды. Егер әйел күні бойы тек бір нәрсе жасаса, бұлай болмас еді. Мысалы, басқа қалаға демалысқа барғанда ауыр ештеңе жасамасаңыз да, кешкісін шаршап қаласыз. Оның себебі, назарыңыз айналадағы жаңа нәрселерге жиі ауысатындықтан, ми тез шаршайды.

Еркектер мен әйелдер әртүрлі түстер көреді.  12 жасқа дейін екі жыныстың өкілдерінің түстері бір-біріне ұқсас болып келеді. 12 жастан кейін ерекшеліктер пайда болады: қыздардың түсі сезімге, ал ұлдардың түсі агрессияға негізделе бастайды.

Daily Mail газетінде жарияланған қорылға байланысты зерттеудің нәтижесі көпшілікті таңғалдырды. Британиялық Корольдік емханасы кімнің жиірек қорылдайтындығын анықтау мақсатында арнайы зерттеу жүргізді. Нәтижесінде, 25-34 жас аралығында әйелдер көбірек қорылдайтындығы анықталды. Ерлердің 31%-ы аптасына үш рет тыныштықты бұзса, ал әйелдердің арасында бұл көрсеткіш 34%-ды құрады. Алайда, жасы үлкейе келе, ерлер бірінші орынды өздеріне қайтып алады. 55-64 жас аралығында 45% ерлер және 35% әйелдер қорылдайды. Ал 75 жастан асқанда қорылдайтын адамдар саны бірден азайып кетеді.

Қорыл дыбысының қаттылығы бойынша рекорд та әйел адамға тиесілі. Британиялық зейнеткер Дженни Чепменнің қорылы (111,6 дБ) ұшақ дыбысынан да күштірек екен.

Қорыл деген не?

Қорыл өкпеге өтетін ауа жолында кездесетін кедергілер себебінен туындайды. Ол аңқа бұлшықетінің артық босаңсуынан, ЛОР-патологияларынан және артық салмақтан болуы мүмкін.

Қорылдайтын адам айналасындағыларға кедергі келтіретіні белгілі. Бірақ, ол бәрінен де сол адамның өзіне қауіп төндіреді: қорылдың салдарынан ұйықтап жатқанда тыныс алудың тоқтауы (апноэ) болуы мүмкін. Ол миды оттекпен қамтуды бұзып, үзілмелі ұйқыға әкеледі. Жалпы апноэ жүрек-қан тамырлары ауруларының дамуына ықпал етеді.

Адамдар қорылмен күресуде түрлі сыртқы құрылғылардан бастап, хирургиялық ота жасауға дейін барады. Құрылғыларға келсек, тыныс алуды жеңілдететін мұрынның үстіне қоятын жапсырмалар мен арнайы тіссауыттар да бар. Кей адамдар тыныс алуды қалыпқа келтіру үшін компрессор арқылы ауа жіберетін маска киіп жатуға мәжбүр. Дәрігер ауаның дұрыс өтуіне келтіретін кедергіні алып тастай алатын хирургиялық ота да жасалады. Егер қорылдаудың асқынған түрі болмаса, дәрігерлер арнайы жаттығу жасауды ұсынады.

А. Жапатова