«Беу, қыздар-ай» байқауы: Келіп түскен суреттер топтамасы #5

«Беу, қыздар-ай» байқауы: Келіп түскен суреттер топтамасы #5
Фото: қатысушылар архивінен

Әр қыздың өзіне тән сұлулығы, кербездігі, көркемдігі бар. Барлық қыз өзінше сұлу, өзінше сүйкімді. Сұлулардың ішіндегі ең сұлуды таңдау оңай шаруа емес. Алайда Массагет сайты үздік жобасын қолға алып отыр. 17 қараша студенттер күніне орай еліміздегі ең сұлу студент қызды анықтап, қазақ қыздарының өзіне деген сенімділігін арттырып, талғамын жоғарылату мақсатында «Беу, қыздар-ай» студент арулар байқауын жариялайды.

Байқауға қатысушылардан келіп түскен суреттер легін назарларыңызға ұсынып отыратын боламыз. Бүгінгі шығарылымдағы аруларымыз  Жұлдыз Ақпарова және Айбала Дүкенбаева.

Жұлдыз Ақпарова – Қарағанды облысы, Балқаш қаласында туған. Бүгінгі қатысушымыз Қазақстанның мен деген екі университетінен де білім нәрімен сусындаған. 1-2 курста Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде оқыса, 3-курста әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетіне ауысқан. Қазір осы ҚазҰУ-да журналистика факультеті, Баспа ісі мамандығы бойынша 4-курс оқиды. Оқып жүріп телеарна мен радиода қызмет етіп үлгерген Жұлдыз көбіне академиялық стильде киінгенді ұнатады және эклектика стилінде киіну де жанына жат емес. Дүкеннің дайын өнімдерін қолданбай, самсадан бастап, жаймаға дейін үйде өз қолымен әзірлегенді жақсы көреді, яғни сүйікті ісі – ас даярлау. Сонымен бірге, бос уақытын әдеби кітаптар оқуға арнап, балалар әдебиетін зерттеумен айналысады. Болашақта елге еңбегі сіңген, еріншектік аулын жанап та өтпейтін елгезек журналист болуды армандайды.


Дүкенбаева Айбала – Жамбыл облысы, Меркі ауданында туып өскен. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті журналистика факультеті, Қоғаммен байланыс мамандығының 4-курс студенті. Нағыз қазақ қыздары қолөнермен айналысып, ата салтын сақтаған. Айбала да қолөнер бұйымдарын жасап, сонымен қатар түрлі тәтті тағамдар дайындауды жаны жақсы көреді. Болашақта мейрамхана, қонақ үй ісімен айналысып, өзінің жеке сән үйін және мейрамханасын ашуды армандайды. Көбінесе Business casual және Oversize-Look, яппи стильдерінде киінеді.

Талабы таудай аруларымызға арманының асқақ шыңына шығуын тілеп, суреттерін назарларыңызға ұсынамыз.

Конкурсқа қатысу үшін 2015 жылы 6 қарашаға дейін суреттеріңізді Massaget.kz@gmail.com поштасына «СҰЛУЛЫҚ БАЙҚАУЫ» деген тақырыппен жіберу қажет.

Конкурсқа қатысты сұрақтар бойынша мына нөмірлерге хабарласа аласыздар: +7 727 388 81 18, +7 778 533 22 93 немесе Massaget.kz@gmail.com

Қазақ қыздарының барлығы ең сұлу деген атқа лайық. Өзіңізге сенімді болып, тартынбай тырысып көріңіз, байқаудан тыс қалмаңыз! Сіздің қолыңыздан бәрі келеді.

@. @assel_assanova