«Беу, қыздар-ай» байқауы: Эклектика стилі

«Беу, қыздар-ай» байқауы: Эклектика стилі
Фото: styleofloving.blogspot.com

Әдетте қыздарға «Киім стилің қандай?» деген сауал қойылғанда, «Бірде офистік стильде, бірде спорттық стильде, бірде кэжуал стилінде, көңіл-күйім мен ауа райына байланысты әр кезде әрқалай киінемін» деген жауапты жиі естуге болады. Ал осы қыздарымыз бір мезгілде бірнеше стильді қосып, эклектика стилін жасауға болатынын біле ме екен?

Өзгелерден өзгешеленіп тұруды, айналасынан айрықшалануды, ерекшелікті сүйетін адамдардың жаны осы стильге жақын.

Бохо стилі мен кэжуал стилін, романтикалық образ бен спорттық стильді үйлестіріп кию – эклектика стиліне жатады. Стильдер құбылтуды ақырын бастауға болады. Романтикалық көйлек сыртына классикалық пенжак киюге әлде, керісінше, іскерлік костюм мен романтикалық жейдені жарастырса жарайды. Джинс шалбары мен пенжак әрдайым сәтті үйлеседі, онымен бірге қалпақ кисе, қатып кетеді.

Бұл образ бірнеше стильді бір уақытта қолданумен бірге, бірнеше элементтің бір бейнеде үйлесім табуына да мән береді. Мысалы, киімдегі суреттердің, геометриялық фигуралардың (тор, бұршақ принттері), түс пен фактураның үйлесімділігі басты назарда қаралады. Тым болмаса киім түсі мен макияж, шаш түстері үйлесіп тұруы тиіс.

Қара, сұр, қоңырқай тәрізді іш пыстыратын түстер бұл стильге мүлдем сай емес. Ал ақ-қара жолақ түсті, шұбар, өрнекті киімдер кигенде де екі ашық түс қосса, эклектика стиліне жанасады. Бірыңғай ақ-қара киім киіп, аяққа басқа ашық түсті (қызыл, алқызыл, қызғыш сары) аяқ киім кисеңіз ерін далабыңыз не өзге бояуыңыз дәл сондай ашық түсті болғаны жөн.

Тым қарапайым киінгенде сырт көз бірден көңіл аударатын өте ашық түсті сәндік бұйым таңдасаңыз да – стильді киіндім деп есептей беріңіз. Яғни, еленбейтін, көзге түспейтін түсті киімдер киген кезде ашық алқызыл, сарғыш жасыл, теңіз көк, ашық сары түсті сөмке, орамал, белдік тақсаңыз құба-құп.

@. @assel_assanova