Кеңсе дресс кодының ережелері

Кеңсе дресс кодының ережелері

Көптеген ірі компанияда кеңсе дресс кодын кию міндеттеледі. Бірақ бұл әрдайым қара және қатал киіну керек дегенді білдірмейді. Дресс кодтың шекарасынан шықпайтын кейбір элементтер бейнеңізді биязы әрі дара етеді.

Кеңсе стилі – негізгі ережелер

Стандартты іскерлік дресс код – бұл классикалық кәстөм. Ол жакет пен белдемше немесе шалбардан тұрады, желетке және галстукпен толықтырылады. Кеңсеге киетін шалбар – түзу немесе аздап тарылған, ал белдемше кең етекті және тым қысқа болмауы тиіс. Іскерлік құндақ көйлек киюге де болады. Кеңсе стилі үшін блузка міндетті түрде ақ болуы қажет емес, кез келген пастель реңктегі түрлері жарай береді. Алайда бетінде ірі жарқын суреттер немесе тым әлеміштелген өрнектер болмауы тиіс. Жартылай селдір мата және төмен ашық декольте кию де құпталмайды. Кеңсе кәстөміне жарасатын түстер – қара, сұр, қоңыр, қою қызыл, көк, қошқыл жасыл.

Кеңсе аяқ киімі – бұл қара немесе кәстөм түсіне сәйкесетін классикалық қайықша. Жылы және суық жыл мезгілдеріне іскерлік кәстөмдердің бірнеше түрін алып қою керек. Және жазда да колготкі немесе шұлық киіп жүру керек екенін ұмытпаңыз.

Жазда денеде тырысып тұрмайтын зығыр матадан тігілген кәстөм таңдауға тырысыңыз. Бұл сізге жазғы қапырықта қиналмауға мүмкіндік береді.

Ерекше талаптар шаш сәні мен макияжға қойылады. Бетіңіз күтімді, бірақ табиғи болуы керек. Шашты буып, түйіншектеп немесе өріп қоюға болады. Ал маникюрден – сарғыш, ашық алқызыл немесе френч құпталады.

Кеңсе стилінде неге тыйым салынады?

Әйелдерге кеңсеге колготкісіз немесе шұлықсыз келуге болмайды, әсіресе босоножка киіп келсеңіз. Аяқ киімнің басы жабық болуы тиіс. Ірі аксессуарлар мен әшекейлер, жылтыраған шаш қыстырғыштар тағуға болмайды. Көптеген кеңседе шашты табиғи емес, ашық реңктерге бояуға, әдеттен тыс шаш сәні мен бетке пирсинг жасатуға тыйым салынған. Жұмысқа тым жарқын боянудың да қажеті жоқ. Сонымен қатар аса ірі компанияларда бір киімді екі күн қатарынан кию құпталмайды. Күтім көрмеген бет-әлпетіңіз үшін де басшылықтан сөз естуіңіз мүмкін. Тырнақтарыңызға – маникюр, бетіңізге жеңіл макияж жасалған, шашыңыз жиналған болуы қажет.

Дресс кодты жұмыста ғана емес, жұмысқа сөйлесуге барғанда да ұстансаңыз құба-құп. Жұмыс беруші іскерлік қатал стиліңізге оң бағасын берері анық.

Әдетте жұма күні қатал дресс код біршама жұмсартылады, пиджакпен қара джинсыны үйлестіруге немесе әдеттегіден ашығырақ блузка не көйлек киюге болады. Бірақ бәрібір басы жабық аяқ киім кию міндетті, ал сырт келбетіңіз тым ашық не спорттық болып кетпеуі керек.

Қатал киімді қалай түрлендіруге болады?


Кеңсе стилінің шекарасынан шықпай, бірнеше сәнді детальды пайдалануға болады. Әйелдің дербестігін айқындайтын бірден-бір құрал – әшекейлер. Кеңседе алтын немесе күмістен жасалған шеге-сырғалар, кішкентай алқалар, білезік-баулар, жіңішке сақиналар сияқты шағын аксессуарларға рұқсат етілген. Әшекейлеріңіз екіден көп болмауы тиіс. Шағын сағаттар да бейнеңізге даралық береді, бірақ олар сапалы болуы қажет.

Бейнені пастель реңкті мойын орамалымен, ал салқын мезгілде – классикалық жамылғымен толықтыруға болады. Түрлі әдістермен байланған әртүрлі орамалдар мен шарфтар сырт келбетіңізді жандандыруға көмектеседі.

Сурет: trendofstyle.com, hochu.ua, glamour.ru

Дайындаған: Анар Мұстафина

A. Mustafina