- Негізгі бет
- Сән
- Аяқ киім өкшесінің...
Аяқ киім өкшесінің түрлері
Бастапқыда өкшелі аяқ-киім ерлер үшін ойлап табылғанын білетін бе едіңіз? Нақтырақ айтсақ, аяқ киім үзеңгіде жақсы бекітіліп тұруы үшін XII ғасырда салт аттыларға арналып жасалынған болатын. Қыздар мен әйелдер әр ғасырда биігірек, сымбаттырақ болуға талпынған. Сол себепті орта ғасырда да он бес сантиметрлік биік өкшелерді киген деген мәліметтер бар. Қазіргі таңда биік өкшелі аяқ-киім қыздармен бірдей ассоциацияланады.
Өкше деген кезде бірден биік өкшелі аяқ киім ойымызға келетіні анық. Алайда, сол өкшелердің өзі бірнеше түрге бөлінеді екен.
1. Веналық өкше
Бұл өкшелердің ішіндегі ең кішкентайы. Биіктігі 0,5-2 см-ді құрайды. Мұндай өкшелі аяқ-киім кез келген қызға жарасады және күнделікті киімдермен жақсы келеді. Туфлидің сырт келбетіне байланысты веналық өкшені көйлектермен де, шалбарлармен де киюге болады.
2. Кірпіш өкше
Бұл өкшенің биіктігі 2-4 см құрайды. Түр-әлпеті шағын және төртбұрышты формасының арқасында тұрақты болып келеді. Мұндай өкшелер көбіне ерлердің аяқ-киімінде пайдаланылады, бірақ әйелдердікінде де кездеседі.
3. Сына тәрізді өкше
Өкшелердің бұл түрі кез келген биіктікте бола береді. Бірақ басқалардан өз формасы арқылы ерекшеленеді. Сыртынан төңкерілген үшбұрыш призмаға ұқсайды. Мұндай өкшелі аяқ-киімдер бәріне жарасады әрі аяқты тартымды етіп көрсетеді.
4. Бақташылық өкше
Өкшенің мұндай түрінде артқы жағы кішкене шығыңқы болады. Мұндай өкшелі аяқ киімді киюге әркімнің батылы бара бермейді. Алайда киген қыздардың ерекше стилін айқындап тұрары анық.
5. Конус тәрізді өкше
Биіктігі әртүрлі болғанымен, көбіне биік өкшелі болады. Мұндай өкшелер төңкерілген конус пішініне ұқсас.
6. Рөмке-өкше
7 см-ден аспайтын шағын өкше. Негізінде жалпақ болып келіп, астыға қарай тарылған. Аяқтары тура рөмкені еске салады. Мұндай өкшелі аяқ-киімді биік өкшеден қашатын бойы ұзын қыздарға киюге болады. Сонымен қатар мұндай өкшелі туфлилерді латынамерикалық би бишілері киетінін байқаған шығарсыздар.
7. Бағаналы өкше
Мұндай өкшелі аяқ-киімдердің ең аласасы 5 см болып келеді. Бұлар нағыз биік өкшелер. Бағаналы өкше тік әрі жалпақ. Жерде жақсы тұрады. Мұндай өкшелі етіктер киген ыңғайлы.
8. Танкеткалы өкше
Мұндай өкшелердің биіктігі 5-30 см құрайды. Табаны жайпақтала келіп, үстіге қарай көтеріңкі болады. Көбіне платформамен біріккен. Жерге тұрақты әрі ыңғайлы болып саналады. Бірақ мұндай өкшелі аяқ киіммен көлік жүргізу қауіпті екенін ұмытпаңыз.
9. Шпилька өкше
Ең танымал және кең таралған өкшелердің бірі. Бұл өкшелердің биіктігі 8 см-ден басталады. Өте жіңішке және биік. Оның негізігі арқауы - үшбұрышты стилет. Мұндай өкшелі туфли киген қыз өзін тартымды сезініп, бейнесіне биязылық сыйлайды. Қазір танымал болғанымен, өкшенің бұл түрі тек ХХ ғасырдың ортасында пайда болыпты.
Өнертапқыштар биік өкшелі туфлилерге құмар аруларға көлік айдағанға ыңғайлы туфлилер ойлап тапқан екен. Мұндай аяқ киімнің ерекшелігі биік өкше аяқ-киім табанындағы арнайы саңылауға тығылып қалады. Нәтижесінде көлікті өкшесіз аяқ киіммен басқаратын боласыз. Сонымен қатар, ұлтанындағы ерекше қатпары педальға жақсылап ұстасып тұруға мүмкіндік береді.
Суреттер: fashiony.ru, beautyindetails.ru, zanogy.net
Дайындаған: Анар Мұстафина
A. Mustafina