Дресс код

Дресс код

Қазіргі заманның белсенді адамы барлық жағынан жаңа белестерге ұмтылады. Олардың өмір сүру салты, киім киісі, өзін-өзі ұстау әдебі не болмаса өмірлік ұстанымдары да басқаша. Кейінгі кезде өркениетімізде «дресс код» ұғымы пайда болды. Саналы азамат бүгінгі күні сырт келбетіне үлкен мән береді. Олар киім таңдауда бірінші, бұл киіммен қай жерге қандай мақсатпен баратынын, және ауа райы мен жыл мезгіліне қарап, ойша саралап барып таңдайды. Бұл жерде «дресс-код» ұғымын дұрыс түсіну маңызды.

Дресс код (ағылшын сөзі dress code - киім кодексі) – арнайы іс-шара мен мекемеге арнап киілетін киім формасы.

Үлкен ұйымдар бүгінгі күні қызметкерлердің сыртқы образын қатаң қадағалайды. Әсіресе, маңызды кездесулер мен жиналыстарда оған қатысушылардың сыртқы түрі өте маңызды. Тіпті іскерлік сұхбатқа келген адамның, бірінші кезекте, сыртқы келбетіне қарайды. Қатаң сақталған дресс код, яғни киім үлгілерін банктер мен мейрамханалардан көруге болады. Кейбір беделді ұйымдар ұйым жарлығына немесе еңбек келісім-шартына дресс кодты арнайы бөлім ретінде енгізеді.

Тарихы. «Дресс код» терминін алғаш болып Ұлыбритания халқы қолданған. Аз уақыт ішінде-ақ бұл термин бүкіл әлемге жайылды. Бастапқыда адамның киіміне қарап, белгілі бір ортаға бағынышты екенін білдіру үшін осындай киімдер тігілген. Арнайы компанияға тән дресс код сол бірлескен ұйымның жалғасы іспеттес: лауазымы мен қызметіне қарай киінген қызметкер жұмыс орнының немен айналысатынын, сондай-ақ мәдениеті мен тазалығын, ұйымшылдығын бір киіммен көрсетуге септігін тигізеді. Мұндай ұйымдар дресс код тәртібін бұзған жағдайда арнайы жаза қолдануға дейін барады.

Дресс кодты басқаша формальды стиль деп те айтуға болады. 

Формальды стиль – тұтынушылар немесе тапсырыс берушілермен жұмыс істейтін қызметкерлерге міндетті стиль. Ол сырттан келген адамдармен байланыс орнату барысында, ұйымның ішкі жағдайын көрсете алады. Әйелдер үшін формальды стильге жылтырақ пен кестелері жоқ қарапайым костюм, жабысқан етек (юбка), ішінен жіңішке кофта немесе жеңсіз топ киіледі. Образға әшекей енгізуге болады, бірақ оның үйлесімі мен мөлшерін қадағалау қажет. Аяқ киімнің міндетті түрде басы жабық, аласа өкшелі болуы шарт. Ал ер азаматтың формальды стилі былай сипатталады: түсі қараға жақын костюм, галстук, жиде (рубашка). Белдік пен аяқ киім де сондай – ақ қара түстен болғаны дұрыс. Шұлықтың да түсі костюм түсімен бірдей болғаны жөн. Себебі, ер адам отырып тұрғанда, шұлық міндетті түрде көрінеді. Ер азаматтың бұл образына қара былғары портфель керемет қосымша болады.

Ұлттық дресс код

            «Дресс код» ұғымы қазақ халқына жат ұғым емес. Атауының жаңа сипат алғаны болмаса, қазақ халқы бағзы заманнан-ақ ережеге сай киінген. Қыз баланың өсіп-жетілуіне қарай, киім үлгісінің қатал сақталуының өзі қазақ халқының дресс кодты қатаң ұстанғанын дәлелдейді. Ел басқарған хандар мен сұлтандар қазақы қалыптың, ұлтымыздың айрықша белгісіндей болған шапанды әсте, иықтарынан тастамаған. Олардың иыққа жапқан шапандары беделін немесе лауазымын көрсетіп тұрған. Ертеде халық шеберлері қазақтың болмысына тән, кигенде ыңғайлы әр түрлі киім үлгілерін жасаған.

Айыр қалпақ – аса қымбат матамен тысталып, ішіне жұқа киіз немесе қалың мата салынып, сырылып тігілетін ер адамдардың бас киімі. Сыртына өсімдік тектес өрнек салынып, алтын жіппен зерленеді. Оны ертеде, негізінен, хан-сұлтандар салтанатқа киетін болған.

 Оқалы немесе зерлі шапан – қымбат матадан жағасы мен өңіріне зер салынып, арқасы мен етек-жеңі оқалы жіппен өрнектеліп тігілетін сырт киім. Арқасына күн тәріздес дөңгелек өрнек, өн бойына өсімдік тектес оюлар салынады. Ертеректе мұндай шапандарды хан-сұлтандар, ауқатты адамдар киетін болған.

Иленіп, әбден өңделген жұқа теріні қазақтар «жарғақ» дейді. Қызғылт түске боялып, түрлі-түсті өрнек салынған жарғақ теріден тігілген шалбарды «жарғақ шалбар» деп атаған. Бұл сәнді киімді кезінде батырлар, бектер мен билер, сал-серілер салтанатқа киген.

Қазақта тымақтың түрлері көп, соның ең бағаласы – түлкі тымақ. Оның маңдайы мен құлақтарының ішкі жағына түлкі терісі тігіледі де, сырты мақпалмен, пүлішпен немесе басқа асыл маталармен сырылып тысталады. Тымақтың төбесі төрт немесе алты сай (бөлек) үшкіл (үш бұрышты) киізден құралып, шошақ болып келеді.

Ішік – сырты матамен тысталып, түрлі аңның терісінен жүнін ішіне қаратып тігілетін қысқы сырт киім. Қолданылатын терісіне қарай, олар түлкі ішік, қасқыр ішік, сеңсең ішік, нышпақ ішік деп бөлінеді.

Саптама етік – қонышы тізені жауып тұратындай ұзын, табаны қалың сіріден оң-солы жоқ, түзу болып тігілетін аяқ киім. Оны киіз байпақпен киеді. Қысқы күнгі аязда ат үстінде жүргенге жылы, әрі қолайлы.

Кимешек – жасамыс (егде) әйелдер киетін бас киім. Ол өн бойы көкіректі жауып тұратын тұтас матадан тігіледі. Ақ матадан бет жағы ойылады. Жағы, өңірі оқаланып кестеленеді. Төбесіне сәндік үшін шылауыш немесе күндік сияқты ақ мата оралады.

Камзол шапанға қарағанда ықшам, қысқа, кобінесе жеңсіз немесе қысқа жеңді болып келетін әйелдің сырт киімі. Салтанаттарға киілетін  камзолдар аса қымбат маталардан белі қыналып, өңірі мен етегі түрлі өрнектермен кестеленіп өрнектеледі.

Мәсі - өңделген жұқа теріден қонышына ою салынып, табансыз, ұлтансыз, негізінен үйде киілетін жеңіл аяқ киім. Кебіс – табаны қалың, өкшесі биіктеу, сыртына түрлі өрнектер сылынып тігілетін, мәсінің сыртынан киюге арналған аяқ киім.

Бөрік – жеткіншектерден бастап, ересек адамдарға дейін киетін бас киім. Ол етегін айналдыра қымбат тері күсіліп тігілген материалына қарай шошақ бөрік, үкілі бөрік, кәмшат бөрік сияқты түрлерге бөлінеді.

Қазақта тақияның түрі көп. Соның ішінде аса сәндісі, көркемі – бүлдіршін қыздар киетін үкілі тақия. Ол биіктігі 10-15см мөлшерінде дөңгеленіп тігілген, жалпақ төбесіне үкі тағылатын жеңіл бас киім. Айнала жиегіне ою салынып, түрлі асыл тастармен көмкеріледі. Оны жас қыздар ұзатылғанға дейін киеді. Ұзатылған қыз, қыз ғұмырдың белгісі - тақиясымен «сыңсу» айтып қоштасады.

Жалғасы