Жаңа туған сәбиге бөлме дайындау

Жаңа туған сәбиге бөлме дайындау
Фото: The Village

Үйге сәби келгенге дейін көп уақыт бұрын үйдегі майлау жұмыстарын аяқтаңыз және толық тазалау жұмысын жасаңыз. Жиһаздардың орнын ауыстыратын болсаңыз, алдын ала жасап қойыңыз. Себебі, сәби келген соң істесеңіз, оның астындағы шаң-тозаң ауаға көтерілетінін ескеріңіз.

Кішкентай сәбиіңіз перзентханадан келмей жатырып, оған үйден орын дайындауыңыз керек. Оның өзіне арналған бөлмесі болғаны жақсы. Егер ондай мүмкіндік болмаса, жатын бөлмеден жарық, жақсы желдетілетін және үлкендер ұйықтайтын төсек орыннан алшақтау бұрыш дайындаңыз.

Сәби жататын бөлмеде шаң жинайтын заттар аз болуы керек. Әсіресе, бөлмеде кілем болмағаны жөн. Себебі ауада немесе жуу кезінде өлген микробтар кілемге түсіп, сол жерде айлап сақталады. Сонымен қатар, бөлмеде кітаптар, кәдесыйлар, жұмсақ ойыншықтардың көп мөлшерін сақтамаған дұрыс.

Сәби жататын бөлмеде оның төсек орны (кереует немесе бесік), бөлеуге арналған үстел, бала киімін және дәретхана бұйымдарын салатын шкаф болуы керек. Мұндай мақсатқа комод та (тартпалы аласа шкаф) келе береді. Оның ішіне киім жинап, үстіне баланы бөлей аласыз. Анасы баласын отырып емізетін ыңғайлы орындық немесе кресло болғаны жақсы. Алғашқы айларда сәбидің төсек орны анасы жататын орынға жақын болғаны дұрыс.

Бөлме қабырғасында термометр ілініп тұрсын. Бөлмеде 20 °C температураны ұстап тұрған жөн. Жазда терезені жартылай ашып қойып, қыста бөлмені күніне бір-екі рет желдетіп алыңыз. Желдету кезінде баланы бөлмеден шығара тұрыңыз. Бөлмедегі қажетті ауа ылғалдылығын сақтау үшін батареяның қасына суы бар ыдыс қойыңыз немесе батареяға ылғал шүберек іліңіз. Мүмкіндік болса, ауа ылғалдандырғыш құрал сатып алыңыз.

Балаға күтім жасауға басқа да бірнеше заттар керек болады. Оған суға түсіретін ванна, су және медициналық термометр, мақта, сәбиге арналған крем және май, салицил спирті, майлы сабын және майлықтар керек. 

А. Жапатова