Монтессори жүйесі: баланы үйден жаттықтыру

Монтессори жүйесі: баланы үйден жаттықтыру
Фото: YouTube

Монтессори жинағын толықтай сатып алу қарапайым ата-анаға қиынға соғады. Олар арнайы балалар орталығында немесе бала-бақшада болуы мүмкін. Егер балаңызды арнайы орталыққа беру мүмкіндігі болмаса, алайда сізге Монтессори әдісі ұнаса, бұл педогогикалық жүйені сақтай отырып, баланы үйден де жаттықтыруға болады.

Бұл ісіңіз нәтиже беру үшін оңай да маңызды ережелерді сақтаңыз:

- Баланы тәртіпке үйрету үшін күнде бір жерде ғана жаттығыңыздар;
- Көрсетілім кезінде «монтессорилік» тілмен түсіндіру уақытында аз сөйлеп, аз қимылдаңыз. Баланың өзіне мүмкіндік беріңіз. Ол заттарды зерттей отырып жаңалықты өзі ашуы керек;
- Шыдамды болыңыз, сізге оңай көрінген іс оған да сондай жеңіл емес. Монтессори жүйесіндегі мұғалімнің басты рөлі – бақылау.
- Жаттығуға қандай материал пайдалану керектігін және қанша рет қайталағысы келетінін, қай уақытқа дейін жасағысы келетінін өзі шешуге ерік беріңіз. Алайда бала өзіндік тәртіпке үйренуі үшін оған жаттығуды аяқтағаны дұрыс екендігін түсіндіріп көріңіз.

Балаға арналған қаражат пен даярлықты қажет етпейтін бірнеше қарапайым жаттығу ұсынамыз.

«Күрішті аударып салу» жаттығуы (2,5-5 жас)

Жаттығу мақсаты: бұлшықет координациясын дамыту, құмырадағы тағамды кесеге ұқыпты құйып үйрену, өз күшіне сенім тудыру.

Қажетті заттар: құмыра мен кесесі бар жайпақ табақ (поднос), күріш, шүберек. 

Барлық қажетті заттарды үстелдің үстіне қойып, олардың атауын және қалай пайдалануды айтыңыз («кесе», «құмыра», «аударып құю» және т.б). Жартылай күріші бар құмырадан кесеге күріш салып көрсетіңіз. Содан соң бала өзі жасап көрсін, бара-бара үйреніп алады. Балаңыз күрішті мүлтіксіз аударып салуды үйреніп алған кезінде сұйық заттарға көшуге болады.

«Жарқыраған бәтеңке» жаттығуы (3-5 жас)

Жаттығу мақсаты: баланы өзіне күтім жасауға және бастаған ісін соңына дейін апаруға үйрету, ептілікті дамыту.

Қажетті заттар: газет, бәтеңке, аяқ киім тазалауға арналған крем, щетка және шүберек.

Газетті еденге жайыңыз. Арнайы щеткамен бәтеңкені тазартыңыз. Бәтеңкені сол қолыңызға ұстап, оң қолыңызбен крем жағыңызда, кептіруге қойыңыз. Кремнің қақпағын жабыңыз. Бәтеңкені шүберекпен жылтырағанша сүртіп шығыңыз. Енді балаңызға өз етігін беріңіз.

«Өлшемі бойынша қақпағын тап» жаттығуы (2-4 жас)

Жаттығу мақсаты: көру және қозғаушы координациясын дамыту.

Қажетті заттар: қақпағы бар әртүрлі 4-6 бөтелке немесе құты.

Үстелдің үстіне балаға көрсетіп, бөтелкелерді қойыңыз. Жайлап қақпақтарын шешіп қайтадан бұрап көрсетіңіз. Содан соң қақпақтарын шешіп, оларды араластырып тастаңыз. Енді балаңызға бөтелкеге сәйкес қақпақтарды табуға мүмкіндік беріңіз. Бұл оңай тапсырма емес, бірақ оның қолынан келеді.

«Мата үлгілері бар қорапша» жаттығуы (2,5-5 жас)

Жаттығу мақсаты: жанасу түйсігін дамыту.

Қажетті заттар: шағын қорапша, текстурасы әртүрлі бірнеше мата бөліктері (мысалы, жібек, мақта, мохер, барқыт және т.б).

Балаға үш түрлі мата бөлігін (екі данадан) көрсетіңіз. Оларды жылдам араластырып, балаға әр матаның екінші данасын қолымен ұстап көріп табуын өтініңіз. Бала жаттығуды түсінген кезде басқа да мата бөліктерін қоссаңыз болады. Әбден үйреніп алған кезде баланың көзін байлап, ойнатсаңыз болады.

«Сиқырлы қапшық» жаттығуы (3-5 жас)

Жаттығу мақсаты: түрлі пішінді заттармен танысу, жанасу сезімін дамыту.

Қажетті заттар: балаға таныс 8-10 заттары бар қапшық (мысалы, тарақ, бау, кішкентай доп және т.б).

Баланың көзін байлаңыз немесе көзін жұмуын өтініңіз. Балаңыз қапшықтан бір затты алып шығып, оны сипау арқылы не екенін анықтасын. Баланың жасына байланысты қапшыққа күрделі заттарды салуға болады. 

А. Жапатова