"Мен сенің анаңды жақсы көрем"

"Мен сенің анаңды жақсы көрем"

Қыз баланың қоғамдағы рөлі ерекше. Сондықтан қыздың тәрбиесіне аса мән беру керек. Тәрбиеде басты ескеретін жайт – әке рөлі. Әрбір әке білуі тиіс факторлармен таныса отырыңыз.

Үшінші фактор – әке мен ана арасындағы қарым-қатынастың әсері.

Серия ішінде шығып жатқан материалдарымыздың ішіндегі ең маңыздысы осы болар. Себебі баланың тұлға болып қалыптасуына әсер ететін басты жайттың бірі – ата-ана арасындағы қарым-қатынас.

Қызыңыз үшін жасай алатын басты істің бірі – анасын сүю. Көптеген отбасында бала туылғаннан кейін ерлі-зайыптылардың арасы суып кетеді. Әрине, балаға ерекше күтім керек. Әсіресе, алғашқы айлар анасының ұйқысы төрт бөлініп, бар уақыты баланы тамақтандыру, жұбатумен кетеді.

Бұл кезеңде ер адам бөтен кісідей бөлініп, қашпай, жарына мейлінше көмектесуге тырысқаны жөн. Бұл орайда «нәрестенің тәрбиесімен анасы айналысуы керек» деген пікір қалыптасары анық. Мұнымен еш дау жоқ. Дегенмен, кей кезде баланы қолға алып, бір сағатқа серуендеп кету, сүйікті жарыңыз үшін бір күндік демалыспен тең болады.

Бала өскен сайын жанұяда қарым-қатынас та өрбіп, өзгеріп жатады. Қыз бала анасына жақынырақ болып, сырласуды бастайды. Бала кезінде әкесінің қасынан шықпайтын қызы бой жетіп, алшақ жүреді.

Осындай өсу үдерісінде сіздің әкелік міндетіңіз аяулы жарыңызды жақсы көріп, назардан тыс қалдырмау. Ең болмағанда айына бір рет жұпар иісті гүл шоғымен қуанту соншалықты қиын ба? Сыйлықты табыстап жатқан кездегі жарыңыздың қуанышы мен таң қалуы қызыңыздың өміріне де игі әсер етеді.

Өткен мақаламызда қыз баланың болашақ жарының қандай болуына әкесінің тікелей әсері бар екенін айтқан болатынбыз. Расында да, жылдар өтсе де әкесі анасын жақсы көретінін, сыйлатынын көретін, сезетін бала келешекте жақсы жар таңдайды.

Мұның бәрі бейсаналы түрде болатын оқиғалар легі. Ал анасына деген салқынқандылық пен немқұрайлық қыз баланың тұлға болып қалыптасуына, өзіне деген сеніміне кері әсер етеді.

Сурет: ©Duman Kasym

Оқи отырыңыз:

Күйеу бала немесе "сен менің әкеме ұқсайсың"

"Әкесі жақсы қандай-ды, перзент қамын ойлаған"

Болашақ жарым қандай болуы керек? #3

Таңдау жасау кезінде қателеспеу үшін...

Ф. Абилова