Таңдау жасау кезінде қателеспеу үшін...

Таңдау жасау кезінде қателеспеу үшін...

Қоғамда қалыптасқан ұстанымдардың әсерінен көптеген қыз-келіншек қателіктер жасап, асығыс шешім қабылдап, соның салдарынан бақытсыз өмір кешеді...

Ол қандай қателіктер?

1. "Күйеуге шығу керек"

Әдетте адамдар бойжеткен қыздың жалғыз жүргенін үлкен драмаға айналдырады. Сол себепті қыздарымыз "міндетті түрде біреуді табу керек" деген уайыммен жүреді. Соның салдарынан ("жалғыз қаламын" деген қорқыныштан) көп жағдайда маскүнем, есірткіге тәуелді, жауыз, қызғаншақ, өтірікшілермен бас қосады.

Мұндай жағдайға тап болмас үшін өзіңізге сенімді болыңыз. Өзіңізді жақсы көрсеңіз, дұрыс баға бере алсаңыз, өзгелер де соны байқайды.

2. "Мен оны сүйемін, шын айтамын..."

"Оны сүйемін" деп өзін де, өзгені де алдайтын адамдар жиі кездеседі. Өкінішке орай, кей нәзік жандылар "қандай кемшілігі болса да оны сүйемін" деп ант-су ішеді. Бұл әрине керемет сөздер. Алайда расына келгенде ерінің кемшіліктерін елемегендей кейіп танытып, бірақ іштей қынжылатын арулар жоқ емес. Ал мұндай "махаббаттың" ар жағында күйзеліс, ұрыс-керіс, реніш өрбиді. Сондықтан жолда кездейсоқ кезіккенді таңдап, "тағдырдың бұйырғаны" деп жүре беруге болмайды. Әрбір жағдайды салмақтап, дұрыс шешім қабылдай білуіңіз керек. Ол сізге ұнай ма? Байқап көріңіз. Тағы да, тағы да ойланыңыз. Оның да, өзіңіздің де жолыңызды байламаңыз.

"Мен оны шын сүйемін" деген сөздердің астарында:

- одан артық ешкімді таба алмаймын;

- менің мінезімді ол ғана көтереді;

- жалғыз қалғым келмейді;

- бұрынғы жігітіме қарағанда әлдеқайда жақсы;

- жасым болса 20-ға келді (25, 30, 35, …)

- не болса да, басқа амал жоқ...

- мен оған керекпін...

- одан айырылсам, не болатынын білмеймін, - дегендер жатыр.

Мұндай қателік жасаудан аулақ болыңыз. Өмірлік жарды жүректің қалауымен таңдау керек екенін жадыңыздан шығармаңыз.

3. "Қыздың қырық жаны бар"

Әйел затының шыдамдылығына тәнті боласың. Ерінің ерсі қылығын ақтау үшін барын салатыны рас емес пе? Өзін ренжітсе де кешірімді болуға тырысатын да - әйел заты...

Бұл дұрыс емес деп кім айтады? Әрине, дәл осы қасиет кез келген адамға тән болуы керек. Алайда ең алдымен, белгілі бір адамды таңдаудың алдында мінездеріңіздің бір-біріне сай келетініне көз жеткізіңіз.

Бақытты өмір сүруге лайықсыз ба? Талаптаныңыз.

Сурет: ©Дулат Сепбосынов

Оқи отырыңыз:

Сүйген қызыңыздан айырылып қалмаңыз

Жігіттер қандай қыздарды ұнатпайды? #2

Жасөспірім қыздарға кеңес

Сіз – қайталанбас тұлғасыз

Қыздар қандай ер адамдарды ұнатпайды?

Жігіттер қандай қыздарды ұнатпайды?

Ф. Абилова