Негативтен саусақ көмегімен қалай арылуға болады?

Негативтен саусақ көмегімен қалай арылуға болады?
Фото: ru.freepik.com

Ойламаған жерден жағымсыз сезімдер пайда болса, не істеуге болады? Мысалы, маңызды кездесудің алдында қатты қобалжуыңыз немесе отбасылық мереке қарсаңында ашушаң болып кетуіңіз мүмкін. Назарларыңызға айналадағыларға білінбейтін қарапайым жаттығуларды ұсынамыз.

Шығыс медицинасында қол буынында рефлекстік зоналар бар деп есептеледі. Әр саусақ қандай да бір ағзаға және сезімге жауап береді. Тап осы сәтте кедергі келтірген сезімді жылдам басу үшін оған жауап беретін саусақты алақанмен қысып, 2 минут шамасында ұстап тұру керек. Ол үшін ыңғайланып отырыңыз, бірнеше рет терең тыныс алыңыз. Содан соң бір қолыңызбен екінші қолыңыздағы саусақты қысыңыз.

Ендеше, қай саусақ қандай сезімдерге жауап береді?

Бас бармақ – мазасыздану

Шығыс медицинасында бас бармақ зонасы асқазан және көкбауырмен, яғни ас қорыту ағзаларымен байланысты. Ал олар өз кезегінде мазасыздануға жауап береді. Егер адам уайымдап, басынан түрлі ой кетпей қойса және ұйықтай алмаса, адамда ас қорыту проблемасы болуы мүмкін. Бұл – асқазанды тексертуге себеп. Ал бұл мәселені уақытша шешу үшін бас бармағыңызды бірнеше минут қысып ұстаңыз.

Сұқ саусақ – қорқу

Сұқ саусақ бүйрекпен байланысты, ал бүйректің "патологиялық сезімі" – қорқыныш. Егер орынсыз үрей пайда болса, әр нәрседен қорқыныш сезсеңіз, екі бүйректің теңсіздікте тұрғанын білдіруі мүмкін. Мұндай кезде тексеріліп, бүйректің жағдайын білген жөн. Себебі бүйрек, әдетте, патологиялық процестер жайлы белгіні ұзаққа дейін көрсетпейді. Қорқынышты жылдам басуға сұқ саусақты қысып ұстау көмектеседі.

Ортаңғы саусақ – ашулану

Ортаңғы саусақ – бауыр мен өт қабына жауап беретін рефлекстік зона. Ал бұл мүшелердің сезімі – ашу. Бауыр да бүйрек секілді проблемалар жайлы белгіні ұзаққа дейін бермейді. Сондықтан жиі ашулану бауырды тексеру керек деген хабар береді.

Тест. Сіздің ашу деңгейіңіз қандай?

Аты жоқ саусақ – қайғыру

Бұл саусақ өкпе мен тоқ ішек жағдайымен байланысты. Өкпеде теңсіздік орын алса, созылмалы күйзеліс қалыптасады. Жиі қайғыру адамның тыныс алуында проблема барын хабарлайды. Бұл тек қабыну ауруларымен (бронхит, өкпе қабынуы) емес, сондай-ақ тыныс алу қызметіндегі кей ауытқулармен де байланысты болуы мүмкін. Мысалы, бүкірлік кезінде адам өкпесінің тек жоғарғы сегменттері тыныс алады да, төменгілері әрекет етпейді. Бұл ағзаның жиі қайғыру арқылы белгі беруіне жеткілікті.

Шынашақ – өзін-өзі ұстай алмау

Шынашақпен жүрек, аш ішек жағдайы, сондай-ақ өзін-өзі ұстау, сабырлық сезімдері байланысты. Егер жылдам өз-өзіңізге келу керек болса, шынашақты алақаныңызбен бірнеше минут қысып ұстаңыз.

Егер жалпы жағдайыңызды ретке келтіргіңіз келсе, саусақтарыңызды бас бармақтан бастап шынашаққа дейін бірнеше минуттан қысып, соңынан алақанның қақ ортасын бас бармақпен қатты итеріп басыңыз. Осы жаттығуды екі қолыңызға да орындаңыз.

А. Жапатова