Винни Харлоу: "Физикалық ерекшеліктер өміріңе нүкте қоюға себеп бола алмайды"

Винни Харлоу: "Физикалық ерекшеліктер өміріңе нүкте қоюға себеп бола алмайды"
Фото: ady-4-lady.ru

Винни Харлоу (шын аты – Шантель Браун-Янг) 1994 жылы Торонтода (Канада) дүниеге келді. Оның ата-анасы ерте ажырасқандықтан, анасының өзі өсірген. Шантель 4 жасқа толғанда оған ақтаңдақ (витилиго) диагнозын қойған. Ол жеке тері бөліктерінде меланин пигментінің жоғалуымен көрінетін созылмалы тері ауруы. Бұл ауру әлі күнге дейін толықтай зерттелмеген және оның емі жоқ. Ақтаңдақ ауруымен атақты Майкл Джексон да ауырған деген сыбыс бар.

Мұндай ерекше тері ауруы үшін Шантель үнемі мазақтың астында қалатын. Бірі оны "зебра" деп атап күлкіге қалдырса, басқалары ауруы жұқпалы деп ойлап, жақындауға қорқатын. Оларды көтере алмаған кішкентай қыз бірнеше рет мектеп ауыстырды. Әр мектепке бейімделу қиынға соқты. Тіпті, өзіне қол жұмсағысы келген де сәттер болған. Нәтижесінде, оның анасы Винни сияқты "ерекше" балалар оқитын балама мектеп табады.

Мектеп бітіргеннен кейін, Винни байланыс орталығында жұмыс жасайды. Бұл жұмыстың оның көңілінен шыққан себебі – адамдармен тек телефон арқылы сөйлесу қажеттілігі. Винни кішкентай кезінен бастап көпшіл болатын. Әрдайым басқа адамдармен сөйлескісі келетін. Балалық шағында көптеген келіспеушілікке қарамастан, ол бұл тілегінен бас тартпайды. Винни бір күні Фейсбукке тіркеліп, суреттерін салады. Фейсбук желісінен оны Шеннон Будрем деген атақты блогер, журналист көріп, клипке түсуге шақырады. Осылай, Винни өз кемшілігін артықшылыққа айналдыруға болатындығын түсінеді.  

Осы клиптен соң оған модель агенттіктерінен хабарласа бастайды. Ал 2014 жылы Тайра Бэнкстің өзі қоңырау шалып, "America’s Next Top Model" шоуының 21 маусымына қатысуға шақырады. Тайра Винниді инстаграм желісінен көрген. Винни ойланбастан ұшаққа отырып, Лос-Анджелеске кетеді. Оны шоудан шығарып жібергеннен (ол 6-орында болды) кейін Виннидің агенті пайда болады. Ол бірден Desigual испаниялық брендінің амбассадорына айналады және Лондон сән апталығында британиялық Ashish брендінің көрсетілімін ашу құрметіне ие болады.

Сол кезде дизайнер Ашиш Гупта былай дейді: "Виннидің ерекше келбеті "мінсіздікті" ғана сұлу деп қабылдайтын индустрия қағидасын бұзды. Біз көрсетілімге қатысуға Винниді таңдағанда, бұл тері түсінен де үлкен нәрсе болды. Біз модельдерге қатысты барлық стереотипті сұрақ астында қалдырдық."

2011 жылы Винни YouTube желісіне "Витилиго: өмірдің бұзылуы емес, тері жағдайы" атты видео салып, витилигомен өмір сүру туралы сұрақтарға жауап берді. 2014 жылы TED-презентациясында өзінің өмірі жайлы айтты. Қазір Винни Харлоу атақты журналдардың бетіне шығып жүр.

Винни JMSN тобының "The One", Эминемнің "Guts Over Fear" клиптеріне және Бейонсенің "Lemonade" визуалды альбомына түсті. Биыл канадалық модель Victoria's Secret маркасының "періштесіне" айналып, қанат тақты.  

Қазір Винни бұрынғы өміріне қарап, былай дейді: "Мен ешқашан мұндай сценарийді елестетіп те көрмеппін. Қазір кезінде мені мазақ еткен жасөспірімдер дәл мен сияқты болғанын түсінемін. Олар қалыпты қоғамға сай келуге тырысқан." 

Винни Харлоу өз үлгісімен басқалардың сенімін қайтарғысы келеді: "Физикалық ерекшеліктер өміріңе нүкте қоюға себеп бола алмайды. Керісінше, еңбектің, шыдамдылық пен батылдықтың арқасында кемшілікті артықшылыққа айналдыруға болады."

А. Жапатова