Шашқа арналған пилинг

Шашқа арналған пилинг
Фото: PSS

Бас терісі дұрыс күтім жасамағандықтан, ультракүлгін сәуледен, қолайсыз климат пен ауа райынан, күйзеліс пен аурудан, лас ауа мен агрессиялық судан және дұрыс тамақтанбаудан зақым алады.

Бас терісін және шашты емдеу мақсатында заманауи косметологтар емдейтін және күтім көрсететін түрлі құралдар шығарып жатыр. Шашқа арналған пилинг – шашты қалпына келтіруге және бекітуге арналған косметикалық процедураның (процедуралар жиынтығы) бірі. Бұл процедурадан соң бас терісі мен шаш жинаған ластық та тазартылады. Нәтижесінде, шаш жақсы қоректеніп, ылғалданады және жалпы сыртқы келбеті жақсарады. Көңіл күй де жақсарады, себебі бас терісіндегі қабыршақтанған торлар тазартылып, тері демалады. Сұлулық салонында пилингті мамандар жасайды. Олар қанайналымды жақсартатын лосьонмен бас терісін өңдеп, айрықтарға жеміс қышқылы бар арнайы құрал жағып шығады. 5-10 минут өткен соң оны арнайы сусабынмен жуып тастап, бас терісіне эфир майын жағады. Барлық процедура шамамен 50 минут уақытты алады.

Пилингті мына жағдайларда жасаған жөн:

- шашыңыз көп түседі;
- шашыңыз өте құрғақ және әлсіз;
- шашыңыз қатты ұштанып кеткен;
- шашыңыз жиі боялып, химиялық бұйралау жасалған.

Жалпы шашыңыздың сыртқы күйін жақсартып, оның денсаулығын сақтағыңыз келсе, айына бір рет пилинг жасаған дұрыс. Алайда сұлулық салонына жиі баруды қалтамыз көтере бермейді. Сондықтан үйден шашқа пилинг жасаудың жолын ұсынамыз.

Шашқа арналған пилинг рецептілері

Пилингке көп жағдайда тұз, қант, ас содасы не кофе қолданылады. Теріні жаралап алмау үшін ұқыптылық керек.

Тұзды пилингке теңіз тұзын алған жөн. Оны кофе ұнтақтағышта немесе блендермен ұсақтап алу керек. Ұсақталған тұзды майсана, ошаған немесе зәйтүн майымен араластырып, оған шаш типіне (майлы шашқа – апельсин, шай ағашы, гүлшетен, құрғақ шашқа – лаванда, иланг-иланг және т.б) байланысты эфир майын қосады. Осы қоспаны бас терісіне жағып, бірнеше минут массаж жасау керек. Одан соң оны сусабынмен жуып шығасыз. Мұндай пилингті айына екі рет жасаңыз. Пилинг шаштың майлылығын кетіріп, теріні тазартып, қанайналымды жақсартады. Одан кейін шашыңыз жұмсақ болады. Теріңіз сезімтал болса, тұзды пилингтен бас тартыңыз.

Қантты пилинг айына 3 рет жасалады. Бас терісіне пайдалы көптеген минералдар сақталғандықтан қоңыр қант (демерара) болғаны жақсы. Қантты шашқа арналған маймен араластырып, оған бірнеше тамшы эфир майы мен шөп негізінде жасалған сусабын тамызыңыз. Қоспаны бас терісіне жағып, 5 минут шамасында массаж жасаңыз. Содан соң сумен шайып тастайсыз.

Кофенің қоюын ешқандай қоспасыз өзін немесе зәйтүн майымен араластырып қолдануға болады. Ол бас терісін жақсы тазартады. Кофе пилингінің басқа да әдісі бар. Ол үшін 1 ас қасық ұнтақталған кофені 1 ас қасық сүтпен араластырып, оған бірнеше тамшы жалбыз эфир майын тамызыңыз. Оны айына 1-2 рет қолдану керек. Құрғақ әрі әлсіз шашты немесе сары шашты бойжеткендерге бұл пилинг түрі келмейді.

Пилингке арналған соданы жай ғана жылы сумен араластырады. Оны айына бір реттен артық жасауға болмайды. Одан кейін шашты міндетті түрде қышқыл сумен шаю керек. Мысалы, 1 л суға 3-4 ас қасық алма сірке суын араластырып, шашты шаюға болады.

Үй пилингін қарапайым азық-түліктерден жасауға болады. Ұнтақталған сұлы қауызын маймен (немесе сумен) араластырсаңыз, ол теріні тазартады және жұмсартады. Ұсақ ұнтақталған шикі күрішті айранмен араластырсаңыз, тазартушы әрі құнарландырушы пилинг шығады. Табиғи балды зәйтүн немесе эфир майымен араластырсаңыз, терідегі ластықты жақсы тазартады. Сезімтал теріге арналған ең қауіпсіз пилинг – қарабидай нанының қаттысынан жасалатын рецепт. Ол үшін нанның қаттысын жібітіп, ботқа етіп езіп, бас терісіне жағады. Оны бірнеше минут массаж жасап уқалайды. Басты сусабынсыз жылы сумен шаяды. Бұл процедураны айына 3-4 рет қайталауға болады. Нәтижесінде бас терісі тазартылып, шашыңыз жұмсақ бола түседі.

А. Жапатова