Бұйра шаш күтімі

Бұйра шаш күтімі
Фото: webdiana.ru

Бұйра шашқа күтім жасау оңай емес, себебі ол көп жағдайда сынғыш және үлпілдек келеді. Бұл жерде шаш қиғызуды және ылғалдандыратын құралдардың сапалысын дұрыс таңдай білу керек.

Бұйра шаштар әр түрлі. Жеңіл толқыннан бастап ұсақ бұйраларға дейін бар. Алайда оның түріне қарамастан, барлығына бірдей күтім жасалады. Себебі мұндай шаш құрғақтығымен ерекшеленеді. Тіке шашқа қарағанда бұйра шаш ылғалды дұрыс сіңірмей, құрылымы әлсіз, сынуға бейім болады. Сондықтан бұйра шашқа күтім жасау жұмсартатын және ылғалдандыратын құралдарға негізделген.

Егер шашыңыз бұйра болса, оған дұрыс күтім жасауда мына құралдар қажет:

Құрамында сульфаты (күкірт қышқылы тұзы) жоқ сусабын
Құрамында сульфаты бар сусабындар майлануға бейім тіке шашқа жақсы келеді. Ал бұйра шаш мұндай құралдардан бұрынғыдан да қатты үлпілдек бола түседі. Сондықтан сусабынның құрамында сульфаттың болмауын қадағалап, керісінше, құрамында табиғи майлар, сәлбен (шалфей) экстракты және басқа да жұмсартатын құрамдастары барын таңдаңыз. Бұйра шашқа көлем беретін сусабындарды да қолданудың қажеті жоқ.

Кондиционер
Бұйра шашты бойжеткендерге міндетті түрде кондиционер қолданған жөн. Оны шашыңызда 3-5 минут ұстап, шайып тастаңыз. Қарапайым кондиционерлерден басқа шашқа сепкен соң жуып тастамайтын лосьондар қолдансаңыз, олар бұйра шашты жақсы ылғалдандырады. Мұндай лосьондарды ылғал шашқа шашады, ол пішінсіз бұйраны жұмсақ әрі біркелкі бұйраға айналдырады.

Тарауға арналған спрей
Бұйра шашқа күтім жасауда сирек тістері бар тарақ керек. Сонымен қатар, тарауды жеңілдететін арнайы спрей алсаңыз болады.

Шаш қиғызу
Бұйра шашпен жұмыс істей білетін шаштараз тауып алыңыз. Күтім жасайтын құралдар шашыңызды 30% ғана қамтамасыз етеді. Шашты дұрыс қидыра білсеңіз, бұйра шашыңыз сізге үйлесімді және шаш үлгісіне көп уақыт кетпейтін болады. Әр үш ай сайын шаштың ұшын қиғызуды ұмытпаңыз. Себебі, бұйра шаштың ұштанғаны бірден білініп тұрады.

Шашыңызға үй жағдайында маска жасаңыз. Бұйра шаштар құрғақ болатындықтан, алдыңғы материалда жазылған айраннан дайындалатын маскаларды байқап көріңіз. 

А. Жапатова