Шашқа арналған айран маскалары

Шашқа арналған айран маскалары

Қарапайым айран ағза үшін өте пайдалы. Бұл табиғи қышқыл сүт – тері мен шаш күтімін қамтамасыз ететін тамаша құрал. Айран құрамындағы ақуыз, ашытқы, кальций, В және Е дәрумендері, ұйыған сүт талшықтары шашты құнарландырып, саулығын нығайтады.

Айран негізінде шаштың жылтырауы мен жібектігін қайта қалпына келтіретін, құрылымын жақсартатын, сынғыштығы мен түсуінің алдын алатын, күн, жел және басқа да факторлардың теріс әсерінен қорғайтын шашқа арналған түрлі маскаларды дайындауға болады.

Шаштың әсемдігіне арналған айран

Ең қарапайым айран маскасы жалғыз құрам – айраннан тұрады. Шашыңыз бен бас терісіне айранды молынан жағыңыз, басыңызға полиэтилен пакетін киіп, орамал не бас киіммен басыңызды ораңыз. Осы маскамен бір жарым сағаттай жүріңіз, кейін сусабынмен басыңызды жуыңыз. Мұндай маскадан кейін кондиционер немесе бальзам қолдану міндетті емес.

Тек, ескере кететін жайт, мұндай күтімді құрғақ шашты жандар жиі жасап тұрса болады. Егер шашыңыз майлы болса, онда айран маскасын айына 1-2 рет жасап тұру жеткілікті.

Барлық маскаларды мейлінше таза шашқа жағып, нәтижелі болу үшін жылыда ұстау керек.

Егер шашыңыз жиі түсетін болса, төмендегі масканы жасап көріңіз:
- айран – 1 стақан;
- сыра ашытқысы – 1 шай қасық;
- қыша ұнтағы – 1 шай қасық;
- кез келген эфир майы – 3–5 тамшы.

Масканың әсерін арттыру үшін төменде келтірілген ингредиенттерді қосыңыз:
- түйежапырақ, иіртамыр немесе қалақай қайнатпасын;
- жұмыртқаның сарысын – 1 дана;
- түйінді пияздың шырынын – 1 шай қасық;
- бал – 1 үлкен қасық;
- ошаған майын – 1 үлкен қасық немесе
- коньяк – 1 үлкен қасық.
Қоспаны мұқият араластырып, шашыңызға жағыңыз да, басыңызды орап, масканы 30-40 минут ұстаңыз. Кейін шашыңыздың типіне сәйкес сусабынмен жуып тастаңыз.

Қайызғаққа қарсы айран маскасы

Шашты қайызғақ басқанда халық емі келесі амалды пайдалануға ұсынады. Қалақай немесе түйежапырақ тұнбасы мен айранның теңдей қоспасын араластырыңыз. Шашта мұндай масканы бір сағат ұстау керек. Бұл әдіс шашты қайызғақтан тазартып қана қоймай, шаштың тез өсуіне әсер етеді.

Сонымен қатар қайызғаққа қарсы айраннан жасалған мына масканы да жасауға болады:
- жарты стақан айран;
- 1 үлкен қасық кез келген өсімдік майы;
- бір уыс қара нанның жұмсағы;
Бәрін араластырып, шашқа жағып, 20 минут ұстаңыз. Кейін шашыңызды сусабынмен жуыңыз.

Құнарлы маскалар

Құрғақ шашты ылғалдандыруға келесі маска көмектеседі:
- үш ас қасық айран;
- бір үлкен қасық кез келген сұйық май (зәйтүн, ошаған немесе үпілмәлік майы);
- бір жұмыртқаның сарысы.
Қоспаны шашта бір сағаттай ұстау керек.

Айран, сұлы ұны, бірнеше қасық майонез немесе ерітілген сары майдың қосындысынан жасалған маска шашты өте жақсы құнарландырады.

Майлы шаштыларға келесі маска жарайды:
- 150 г айран;
- жұмыртқаның көпіршіген ағы.

Сонымен қатар бұл қоспаға картоп крахмалын немесе картоп шырынының сығындысын қосуға болады. Бұл шаштың ұшып тұратындығына тосқауыл қояды. Ал айранмен араластырылған лимон шырыны шашқа жылтыр мен көлем береді.

Химиялық бұйралау немесе бояудан кейін шашты қайта қалпына келтіру үшін де айранды пайдалануға болады. Бірақ ескере кететін жайт, сүт қышқылы шаштағы бояу пигменттерін кетіру қасиетіне ие, сондықтан мұндай жағдайда айранды абайлап пайдаланған жөн.

Сурет: www.hello2fashion.com, luckyfamilyman.ru

Дайындаған: Анар Мұстафина

A. Mustafina