- Негізгі бет
- Сымбат
- Мектеп оқушысына арналған...
Мектеп оқушысына арналған сәнді шаш үлгілері
Таңертең мектепке ерте тұрудың қандай қиын екенін бәріміз жақсы білеміз. Сондықтан көптеген аналар баласы тағы ұйықтай тұрсын деп, мейірімділік танытады. Алайда көбіне мұндай мейірімділігі таңғы асығысқа ұласады: ұйқылы-ояу баланы тұрғызып, тамағын беріп, тезірек жиналуына және уақытында үйден шығуына көмектесу керек. Мұнда әрбір минут маңызды, сондықтан мектеп оқушысының шаш үлгісі де тез жасалатын, бірақ жинақы әрі күні бойы ұсталып тұратын болуы керек.
Мектеп шаш үлгісі қандай болуы керек?
Ең алдымен шаш үлгісі ыңғайлы болуы керек, қыз бала жазу жазып жатқанда бұрымдары бетіне түсіп, кедергі келтірмеуі қажет. Қыз бала үзілісте дәлізде жүгіріп жүргенде шаш үлгісі тарқамайтындай болуы керек. Ол жинақы әрі қарапайым болғаны жөн, өйткені сырт келбет байсалды жұмысқа баулиды.
Мектеп оқушысына ең ыңғайлы шаш үлгісі
Мектеп оқушысына пикси немесе каре шаш үлгісін жасай салу оңай, алайда қыз кішкентай болғанда шашының ұзындығын қалдырып, қиялыңызға ерік беріп, түрлі шаш үлгілерін жасауды ұсынамыз. Қалай болғанда да шашты қиып тастауға әрдайым үлгеруге болады. Ал оны ұзын етіп өсіру үшін біршама уақыт керек.
Шашты буу
Бұл әмбебап шаш үлгісін де түрлендіруге болады. Шашты төбесінен немесе желкеден бууға, резеңкемен немесе әдемі шаш қыстырғышпен қыстырып қоюға, түбін бұрыммен немесе өріммен орап қоюға болады. Сонымен қатар екі бұрымды орап, кейін бірлестіріп бууға болады. Ең бастысы – балалардың нәзік шашын зақымдамайтын аксессуарларды пайдаланыңыз: резеңкелер матадан жасалған, ал қыстырғыштар – пластиктен жасалған болуы керек.
Шашты қатты буудың қажеті жоқ: бұдан бұрымның тарқау ықтималдылығы азаймайды және қатты тартылған шаштан баланың басы ауырып кетуі мүмкін. Шығып кете беретін шашты түйреуішпен түйреп қоюға болады.
Шашты түю
Қатты түйілген шаш балериналарды еске салады. Мұндай шаш үлгісі дене шынықтыру сабағы болатын кезде өте жақсы. Шашты сәнді түю тәсілдері жайлы бізде бірнеше мақала шыққан. Сіз бір немесе екі бұрым жасай аласыз, оны бұрыммен, әдемі қыстырғыштармен әрлей аласыз.
Тез жасалатын әрі өте әдемі және қызықты шаш түю әдісін төмендегі бейнесабақтан көре аласыздар:
Көрікті бұрым
Бұрым – міндетті түрде жақсы оқитын қыздың қызықсыз шаш үлгісі емес. Бір немесе екі бұрым өру тәсілінен басқа, шаш өрудің бүгінде көптеген нұсқалары ұсынылған. Бұрымға лента орап өруге де болады.
Назарларыңызға сәнді 3D-нұсқаны ұсынамыз:
Бұрымнан жүрек жасауға болады, мұны мына видеодан көре аласыздар:
Сонымен қатар екі бұрымды кәрзеңке етіп жинауға болады. Мұндай шаш үлгісі бастауыш сынып оқушыларымен қатар, жоғары сынып оқушыларына да жақсы жарасады.
Бұл шаш үлгісін төмендегі бейнесабақтағыдай біраз қиындатуға да болады:
Кекілді шаш үлгілер
Шаш көзге түсе бермес үшін кекілді шашқа қосып өріп тастауға болады немесе түйреуішпен түйреп қоюға болады.
Кекілді шашқа қосып өру тәсілін төменгі бейнесабақтан көре аласыздар:
Дайындаған: Анар Мұстафина
Сурет: passion.ru, stranamam.ru, pricheski-uhod.ru
Оқи отырыңыз:
Шаш өру үлгісі: Қарапайым өруді түрлендірейік
Шаш сәні: Жұқа шашқа арналған шаш өрімі
A. Mustafina