Асқабақтан дайындалатын 3 дәмді тағам

Асқабақтан дайындалатын 3 дәмді тағам
Фото: 1000.menu

Асқабақтың еті де, шемішкесі де дәрумендерге бай. Асқабақта сәбізге қарағанда каротиндер 4-5 есе артық: каротин ағзада А дәруменіне айналады. Бұл дәрумен көруге өте пайдалы екенін білеміз. Сондай-ақ, асқабақта С, Е, К дәрумендері мен В тобының барлық дәрумендері бар.

Асқабақ шемешкісінде микроэлементтер көп, ал мырыш мөлшері бойынша ол алғашқы үштікке кіреді. Калориясы төмен болғандықтан асқабақ диеталық өнімге жатады: 100 г етінде 22 ккал бар. Мұндай пайдалы көкөніс – күз мерзімінің маусымдық өнімі екенін жазған болатынбыз. Ендеше, құрамы дәруменге толы әрі бағасы қолжетімді асқабақтан дайындауға болатын 3 тағам рецептісін ұсынамыз.

Қаймақ тұздығында пісетін асқабақ

Қажетті азық-түліктер:
- 500 г тазартылған асқабақ;
- 180 г қаймақ;
- 20 мл су;
- 2 ас қасық өсімдік майы;
- 3 сарымсақ;
- аскөк;
- 0,5 шай қасық паприка;
- қара бұрыш пен тұз.

Дайындалу жолы:
1. Алдымен тұздық дайындаймыз. Ол үшін қаймаққа ұсақтап туралған аскөк пен сарымсақты салып араластырамыз. Одан соң оған қара бұрыш пен паприканы саламыз.
2. Асқабақты шемешкесінен тазартып, қабығын ашимыз. Содан соң оны жеуге ыңғайлы болатын шағын бөліктерге бөлеміз. Асқабақты қатты ұсақтаудың қажеті жоқ, әйтпесе, ол езіліп кетеді.
3. Табаға май құйып, асқабақты қатты отта бес минуттай қызарғанша қуырамыз. Содан соң оған тұздықты қосып, 2-3 минуттай аз отта бұқтырамыз. Одан кейін су қосып, тұздап, қақпағын жауып, асқабақ дайын болғанша тағы да 5 минут бұқтырамыз.
4. Хош иісті және дәмді асқабақ дайын! Оны гарнир ретінде ұсынасыз.

Асқабақ десерті

Қажетті азық-түліктер:
- 300 г асқабақ;
- 1 ас қасық қант;
- жарты лимон;
- даршын.

Дайындалу жолы:
1. Тазартылған асқабақты орташа бөліктерге бөлеміз.
2. Асқабақ бөліктерін керамикалық ыдысқа салып, аздап қант қосып араластырамыз.
3. Ыдыстың бетін тәрелкемен жауып, микротолқынды пешке 3 минутқа салып шығамыз.
4. Абайлап тәрелкені алып, асқабақтың үстіне аздап үккіштен өткізілген лимон қабығын, лимон суын және даршын себеміз.
5. Оның бетін тәрелкемен жауып, қайтадан микротолқынды пешке бірнеше минутқа саламыз.
6. Асқабақты әдемі ыдысқа ауыстырып , бетіне бал құямыз. Десерт дайын!

Асқабақ крем-сорпасы

Қажетті азық-түліктер:
- 400 г тазартылған асқабақ;
- 1 пияз;
- 200 мл сүт;
- 20 г кілегей майы;
- аскөк;
- тұз және дәмдеуіштер;
- қаймақ;
- қытырлақ нан.

Дайындалу жолы:
1. Пиязды ұсақтап, ал асқабақты төртбұрышты етіп тураймыз.
2. Табаға майды салып, алдымен пиязды, содан соң асқабақты қосып қуырамыз. Оған тұз, қара бұрыш және басқа да дәмдеуіштерді салып, аздап су құйып, 20 минут бұқтырамыз.
3. Дайын асқабақты блендермен араластырамыз. Оған сүтті құйып, тағы да блендермен араластырамыз.
4. Оны кәстрөлге құйып, сәл қыздырамыз, бірақ қайнатпаймыз.
5. Сорпаны тәрелкеге құйып, бетіне қаймақ пен қытырлақ нан бөліктерін салып ұсынамыз.

А. Жапатова