Массагеттен мәзір: Асқабақ құймағы

Массагеттен мәзір: Асқабақ құймағы

Алдымыздан демалыс қол бұлғайды. Көпшілігіміз осы күндері ұйқыны қандырып, түс ауасында оянамыз да, бірден асқазанымыздың тамақ сұрап тұрғанын байқаймыз. Осындайда дүкенге жүгірмей-ақ, тоңазытқышта бар азық-түліктерден дәмді ас дайындап үйреніңіз. Қыс мезгіліндегі ең қолжетімді тағамдардың бірі асқабақ болғандықтан, сіздерге асқабақ құймағын жасауды үйретеміз. 

 

Құрамы:

500 гр асқабақ
500 гр картоп
4 ас қасық ұн
2 жұмыртқа
тұз, қара бұрыш
өсімдік майы
қаймақ

 

  Асқабақ пен картоптың қабығын аршып, жақсылап жуып тазалаймыз.

 

  Картопты үккіштен өткізіп, 5 минутқа ыстық суға немесе сүтке салып қойыңыз.

 

  Асқабақты да ұсақ үккіштен өткізіп, бөлек ыдысқа саласыз.

 

  Жұмыртқаның ағы мен сарысын ажыратып аласыз.

 

  Шұңғыл ыдысқа, асқабақты, картопты, ұнды, жұмыртқа сарысын, тұзды, бұрышты саласыз да, жақсылап араластырасыз. Әбден араласқан соң жұмыртқаның ағын қосасыз.

 

  Енді табаға май құйып, құймақтарды пісіре бастаймыз. Әрбір бетін қызарғанша қуырыңыз (2-3 минут). Арасы жақсы пісу үшін бетін жауып қойған дұрыс.

Құймақтар дайын! Піскен құймақтарды қаймақпен бірге жеген өте дәмді болады.

Ас үйде болған: Айгерім Сматуллаева