Қазан айының маусымдық өнімдері

Қазан айының маусымдық өнімдері
Фото: 1zoom.me

Қазан – жаздан қысқа біржола өтетін ай. Айналадағы өзгерістерді бақылап, табиғаттың "сыбырына" құлақ түріп, тамақтануыңыз бен өмір сүру салтыңызды реттейтін уақыт. Сіздерге қазан айының маусымдық көкөністері мен жемістерін ұсынамыз.

Саяжай иелері соңғы егін мен кеш пісетін жидектерді жинап жатыр. Бұл өнімдер жаз бойы күннің сәулесінде тұрып, енді пісті: олардың құрамы дәрумендерге өте бай. Күзгі жидектер туралы мына жерден оқи аласыздар.

Қазан айында жаңбыр жиі жауады, ол көңіл күйімізге негативті әсер етеді. Сондықтан күзгі хандраны жеңу үшін дәрумендерге толы және түрлі түсті жемістер мен көкөністер таңдаңыз. Маусымдық көкөністер өз уақытында дәруменге толы болады және басқа уақытқа қарағанда бағасы арзандау болып келеді.

Асқабақ. Асқабақ кез келген аспаздық өңдеуден өтеді: бұқтырып пісіру, маринадтау, қуыру, суға қайнату. Ол барлық тағамдармен үйлесім табады. Оған дәмдеуіштерден даршын, кардамон, қалампыр және сәлбенді (шалфей) қолдану ұсынылады. Асқабақтың құрамында ағзадан холестеринді шығаруға көмектесетін каротин мен пектин, сирек кездесетін Т және К дәрумендері, сондай-ақ, С, В1, В2, В5, В6, Е, РР дәрумендері бар. Асқабақты гипертония (жоғары қан қысымы) кезінде жеу пайдалы, ал ұйықтар алдында жарты стақан жаңа сығылған асқабақ шырынын 2 ас қасық балмен араластырып ішу жүйке жүйесін тыныштандырады.

Брокколи. Брокколи – С, РР, К, U дәрумендірінің және бета-каротиннің керемет көзі. Брокколидегі аскорбин қышқылы (С дәрумені) цитрусты жемістерге қарағанда 2,5 есе көп. Сонымен қатар, брокколи минералды заттарға бай: онда калий, кальций, фосфор, натрий және темір мөлшері басқа көкністерге қарағанда көбірек. Брокколиді суға аз уақыт қайнатқан немесе буға пісірген дұрыс. Оны қуыруға да болады, бірақ ол кезде оның пайдалы дәрумендерінің жартысы жоғалады.

Қызылша. Қызылшаның мерзімімен бірге борщ пен "винегрет" салатының уақыты да келеді. Қызылшаның құрамы да пайдалы заттарға өте бай: калий, фосфор, кальций, магний, темір, мырыш, С, В1, В5, В6, РР, Е дәрумендері, фолий қышқылы. Қызылшаның ас қорыту жұмысына пайдасы көп.  

Қырыққабат. Күз – қырыққабаттың барлық түрінің маусымы. Ол жасұнықтар, А, D, К дәрумендері, фолий қышқылы және көптеген микроэлементтердің көзі. Оған қоса, оның бір кесесінде 22 ккал ғана бар. Қырыққабат антиоксиданттарға да бай, сондықтан оны уақытылы жеу рак аурулары қаупінің дамуын төмендетеді. Бұл көкөністі шикілей де, пісіріп те жеуге болады.

Балдыркөк. Балдыркөктің барлық бөлігі жеуге жарамды және олар көптеген пайдалы қасиеттерге ие. Оның тамыры калий, магний, кальций, марганец, темір және мырышқа бай. Оның тамырын үккіштен өткізіп, салаттар мен маринадтарға қолданады. Ал оның шыбығы – диеталық өнім: оның 100 грамында тек 8 калория бар. Сондықтан арықтағысы келетіндерге балдыркөктен жасалған салаттар мен сорпалар жиі ұсынылады.

Інжір. Інжірдің құрамында көптеген дәрумендер, минералды заттар, жасұнықтар, темір, фосфор, ақуыздар мен қанттар бар. Сонымен қатар, оның құрамына никотин қышқылы, каротиноидтар, ферменттер, жеміс қышқылы және пектин кіреді. Құрамы бойынша ол жаңғақтардан ғана жеңіледі. Дәрігерлер тұмау кезінде інжір жеуді ұсынады.

Жүзім. Жүзім А, С, В6 дәрумендеріне, фолаттарға және калий, кальций, темір, фосфор, магний, селен минералдарына бай. Сондай-ақ, жүзімнің құрамында қартаю процесін баяулататын күшті антиоксидант – флавоноидтар бар. Жүзімнің дәнегінде А, Е дәрумендері және жасушаларды қатайтатын табиғи майлар бар. Сондықтан диетологтар жүзімді дәнегімен және қабығымен бірге жеуді ұсынады. Адамдар арасында жүзім артық салмақ қосады деген пікір бар. Бірақ, жүзімнің өзі артық салмақ қоспайды, тек оны көп жеген соң тамаққа тәбет ашылады. Жүзімнің ағзаға және дене пішініне зияны тимес үшін оны мөлшермен жеген жөн: күніне 10-15 ірі жидек.

Сондай-ақ, бұл айда алма мен алмұрттың маусымы жалғасады.

А. Жапатова